«МЕРЕКЕНІҢ» МУЗЫКАЛЫҚ ТАРТУЫ
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жергілікті «Мереке» вокалды аспапты ансамблі Қызылорда қаласына қарасты елді мекендерде концерт беруге назар аударып отыр. Бұған дейін Титов және Гагарин қыстағы тұрғындарына мерекелік бағдарламасын тарту еткен ұжым Абай ауылы халқына да өз өнерлерін ұсынды.
Мерекелік шараға қала әкімінің аппарат басшысы Алмасбек Есмаханов қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
– Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Бас қаламызда біздің мүдде, асқақ арман мен мақсатымыз жүзеге асады, – деді А.Есмаханов.
Сахна шымылдығын «Мереке» ансамблі «Астана» әнімен ашты. Талантымен талайды таң қалдырған Елжан Берістенбаев «Сағынамын» әнін орындады. Көрермен қауымды ә дегеннен желпіндіртіп, ерекше құлшынысын тудыртты. Осылайша ырғақты ән түрленіп, керемет бір күйге енді.
Әнші Ұлболсын Мәнтаева «Алматы» әнін тебірене орындап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Мұнан соң әншілер триосы тыңдарман назарына қазақ халық әндерінен «Поппурри» орындады.
Концерттік бағдарламада дәстүрлі халық әндерімен қатар, эстрадалық шығармалар орындалды. Аспапты трио сүйемелдеуімен әнші Айгерім Өмірбек өнер көрсетті. Дәстүрлі әншілер ұлттық өнерді дәріптеді.
Б.САҒЫНДЫҚҰЛЫ.