ТУҒАН ЖЕРДІҢ «СИҚЫРЛЫ КІЛТІ»

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың «Сиқырлы кілт» анимациялық фильмі осы бағытта түсірілген. Төл туындыны бүлдіршіндерге таныстыру мақсатында «Сырдария» балалар тынығу лагерінде «Сиқырлы кілт» өлкетану туры өтті.
Шараға лагерьде демалып жатқан 171 бала қатысып, анимациялық фильмді тамашалады.
Туындының мазмұнын арттыруға өңірдің үздік педагогтары мен тарихшылары тартылған. Алты айға жуық мерзімде жасалған мультфильмді қаржылай демеуге «Bilim Foundation» қоғамдық қоры да үлес қосқан. Мультфильм кейіпкерлерін облысқа танымал әртістер дыбыстаған. Автор бұл еңбегін «Қызылорданың туған күніне жасаған тартуым» дейді.
– Облысымыздың 80 жылдығы, туған қаламыздың 200 жылдық мерейтойына арнайы сый жасағым келді. Осы орайда, балаларға арналған туынды жасағанды жөн көрдім. Ұрпақ тәрбиесі арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізгім келді. Сондықтан да мультфильмді түсірер уақытта тәрбиеге көп мән берілді. Үлкенге құрмет көрсету, көмектесу сияқты тәрбиелік мәні бар дүние жасалды деп ойлаймын. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалармен қарым-қатынас жасау, инклюзивті білім беруді дамыту саласы да қамтылған, – деді туынды авторы Сымбат Әбдірахманова.
Расында, мультфильмді мектеп оқушыларының тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға арналған ең қажетті тәрбие құралы деп тануға болады.

Анимациялық туынды бүлдіршіндер көңілінен шықты. Туындыны тамашалаған жас көрермендер өз пікірлерімен де бөлісті.
– Басты кейіпкерлер Ару, Әли мен Мәди сиқырлы кілтті іздейді. Барлық аудандарды аралап, түрлі кедергілерді жеңіп шығады. Онда ұлттық қолөнер, салт-дәстүр және тағамдар кеңінен насихатталған. Маған өте ұнады. Қаламыз туралы көптеген мәліметтермен таныстым. Аудандардағы көзге түсер ерекшеліктер көрсетілген, – дейді №253 орта мектептің 7 сынып оқушысы Зухра Ыдырыс.
Мультфильмнің көрсетілімі облыстағы басқа да барлық лагерьлерде жалғасын табады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.