«КӨГІЛДІР ОТЫН» – КӨПТІҢ ИГІЛІГІ
Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда зор септігін тигізеді. 2004 жылы қолға алынған игілікті іс бойынша ел қазынасынан қомақты қаражат бөлініп, қаланы газдандыру құрылысы жүргізілгені қалың елдің көз алдында.
Нәтижесінде газтурбиналық станса пайдалануға берілді. Алдыңғы кезекте шаһардың көпқабатты және жеке сектордағы тұрғын үйлері, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер, кейін шағын, орта бизнес нысандары ілеспе газға қосылуға мүмкіндік алды. Біздегі газ бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда біршама төмен. Міне, биыл көгілдір отынды тұтынғанымызға 15 жылға жуық уақыт болыпты. Осы тұста қала аумағының өсіп келе жатқанын да естен шығармаған жөн. Соңғы жылдары жаңа шағын аудандар бой көтерді. Сондықтан да шет аймақтарды газдандыру жалғасын тауып келеді. Иә, қала аумағы кеңейіп, қоныстанушылар қатары жылдан-жылға артты.
Соған орай қалалық мәслихаттың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, өндіріс және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өтті. Күн тәртібіндегі Қызылорда қаласын газдандыру шараларының жүзеге асырылу барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов мәлімдеді.
Облыстың аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры бойынша жүзеге асады. Қазіргі күні аймақтың газдандыру үлесі 63 пайыз болса, Қызылорда қаласындағы газдандыру үлесі 95 пайызды құрайды.
2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округін газдандыруға 2 млрд. 157 млн. теңге бөлініп, 5 мыңнан аса тұрғын үй, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынмен қамтылды. Одан кейінгі жылы Талсуат ауылдық округін газдандыру үшін облыстық бюджеттен 271 млн. теңге қаралып, ауылдық округ бойынша 500-ге жуық тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан «көгілдір отынмен» қамтылады. Ал, былтыр олардың қатарына Белкөл кенті қосылды. Бұл бағытта облыстық бюджеттен 378 млн. теңге бөлініп, 830 жеке сектордағы, 4 көпқабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан газбен қамтылды.
Осылайша Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл елді мекендерін және индустриалдық аймақты газдандыру шараларына республикалық, облыстық бюджет есебінен 3,5 млрд. теңге бөлініп, 197 шақырым газ құбырлары жүргізілді. Енді биыл Сырдария өзенінің сол жағалауын газдандыру бойынша құрылыс-монтажы аяқталу үстінде.
– Осы жылы облыстық бюджеттен Қызылорда қаласында «Наурыз» мөлтек ауданы, Махамбетов елді-мекендерін газдандыру аясында жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алу үшін 47,4 млн. теңге бөлінді. Аталмыш жоба биыл аяқталуы тиіс, – деді Ерлан Жоламанов.
Сондай-ақ, Қарауылтөбе, Досан, Абай елді мекендері, Тасбөгет кентін газдандыруға және қаладағы газдандырылмаған тұрғын үйлерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етумақсатында жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге назар аударылып отыр.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.