КӨСЕГЕҢ КӨГЕРСІН, «КӨГІЛДІР ОТЫН»

Әрине, жылдан-жылға елдің жағдайы жақсарып келеді. Бұрын жергілікті тұрғындар жол мәселесін, электр қуаты жәйін қозғап жатқанын көзіміз көрді. Бүгінде олардың барлығының дерлік түйіні тарқатылды. Ендігі кезекте көпшіліктің өзгелер секілді заманға сай тұрмыс-тіршілігімізді түзесек деген ойы бар. Аталмыш сауалға байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы, Қызылорда қаласының әкімдігі ілкімді істерді қолға алды. Мамандар бізге бұл орайда мынадай мәліметтерді келтіреді. 2013 жылы облыстық бюджет есебінен Қарауылтөбе газ жеткізуші құбыр және елді мекеннің кварталішілік газ бөлу желілерінің құрылысы жобасы әзірленді. Осыған сәйкес 2016-2017 жылдарда оны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан орталық атқарушы органдарға бюджеттік өтінімдер жіберілген. Екі жылдай бұрын жобаның мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоба-сметкалық құжатының жарамды мерзімі аяқталуына байланысты ол 2017-2019 жылдары қаржыландыруға ұсынылған жоқ. Осыған байланысты аталмыш елді мекенді газдандыру үшін жоба-сметкалық құжаттамасын әзірлеу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға облыстық бюджеттен 24,7 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Ал Қызылорда қаласындағы Ақсуат елді мекені және оған қарасты «Наурыз» мөлтек ауданын газдандыруға мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоба-сметалық құжаттамасыз әзірлеуге облыстық бюджеттен 10,3 млн. теңге қаржы бөлінді. «Қалған елді мекендерді газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен мүмкіндігіне қарай қаралатын болады» дейді мамандар.