Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ӘСЕМ ШАҺАР

   Соңғы бес жыл бедерінде Сыр өңірінде бірнеше жаңа өнеркәсіп орны іске қосылып, аймақ экономикасына қомақты инвестиция тартылған. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арта түскен. Аймақ басшысы елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген істерді қолға алды. Осы ретте аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы еліміздің өзге өңірлеріне үлгі боларлықтай артып, өркендеп-өсіп келе жатқандығын айта кетуіміз тиіс.
Соның нәтижесінде Қызылорда қаласында іргелі де ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, өткен жылы қалада әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тапты. Әлеуметтік бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуының арқасында экономикамыз өрістеді. Осындай экономикалық  дамудың арқасында Қызылорда қаласы өркен жайып, халықтың әлеуметтік ахуалы артты. Айшықты істер мен байыпты бастамалардың нәтижесінде шаһарымыз шырайланып, өсіп, өркендеп, тұрақты дамып келеді.
Бүгінде шаһардың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамыту мен жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала құрылыс алаңына айналды. Көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынды. Осындай тиянақты жұмыстардың арқасында кейінгі бес жылдың ішінде шаһардың кіріс көзі еселеп артты.
Соңғы жылдарда облыс орталығында тұрғын үй құрылысы  ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Бұл жыл сайын қала экономикасының өсе түскендігін аңғартса керек. Шаһар жылдам дамып келеді. Оны көзіміз көріп жүр. Бес жыл ішінде қалада жаңадан 14 шағын аудан бой көтерді. 2017 жылы апатты үйлер мәселесі толықтай шешімін тапты. Өткен жылдың өзінде 2971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген. Сондай-ақ қаланың 500 шақырымнан аса жолы күрделі және орта деңгейде жөндеулерден өткен. Қашанда жол мәселесі шешімін табуды қажет ететіні белгілі. Бұндай жақсы жаңалықтан шет аймақтардың да түйткілді тұстары назардан тыс қалмай келеді.
Қала құрылысының қарқынын одан әрі дамыта түсу үшін сырттан келетін инвестиция көлемін барынша арттыру қолға алынған. Соның нәтижесінде өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд. 142 млн. теңгеге жеткен. Облыс бойынша атқарылған құрылыс жұмысының 43,8 пайызы Қызылорда қаласының еншісіне тиеді. Ауқымды істерді жүзеге асырудың нәтижесінде 20 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылған. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруды айқындайтын басты өлшемнің бірі – баспана. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» осыны меңзейді. Онда елімізде құрылыс индустриясын дамытуға басымдық берілуі негізделген. Осының аясында Елбасының жаңа «7-20-25» бағдарламасы болашақта әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етуді көздеген. Бұл аймағымызда тұрғын үй құрылысын бұрынғыдан да өрістете түсуге жаңа серпін беруде. Қолжетімді баспана қашанда әрбір отбасының арманы, тұрмыстық қажеттілігі екені белгілі. Сондықтан бұл бағытта Қызылорда қаласында тұрғын үй бағдарламасын жетілдіріліп, арттыра түсуде қажетті іс-шаралар жасалуда.
  Өткен жыл қызылордалықтар үшін есте қаларлықтай болды. Өйткені,  қаланың бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы қарқын алды. Оның жұмысын жандандыра түсуге 18 құрылыс компаниясы атсалысуда. Өз қаражаты есебінен үйлер салып, қызу тірліктің көркін қыздыра түсуде. Бұнда алдағы уақытта 15 шағын аудан бой түземек. Сондай-ақ, 770 пәтерден тұратын 18 көп қабатты үй салынбақ. Оған қоса әртүрлі қаржы көздерін құрайтын сауда, бизнес, ойын-сауық нысандары орын теппек. Бұдан да басқа отбасылық медициналық орталық, мектеп, неке сарайы және «Шіркейлі» каналы үстінен көпір салу көзделген. Сонымен қатар, Дәстүрлі өнер академиясы мен мамандандылған физика-математика мектеп-интернаты да осы жағалау бойына қоныстанбақ.
Сол жағалауда бұл күнде бірнеше нысандар мен көпқабатты үйлердің құрылысы жарыса бой көтеріп, құрыш білекті құрылысшылардың дамылсыз тірліктері жан сүйсінтуде. Сырдың бас шаһарында жасалып жатқан ел игілігі жолындағы тоқтаусыз тірліктерді көрген адамның көңіл марқая түсері анық.


Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
11 шілде 2018 ж. 1 601 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам