AIR ASTANA ТАҒЫ ДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ АТАНДЫ
Skytrax World Airline Awards халықаралық байқауында Air Astana Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы Орталық Азияның ең үздік әуе компаниясы атанды. Бұл туралы Baribar.kz тілшісі Лондоннан хабарлады.
Марапаттау рәсімі Ұлыбритания астанасындағы The Langham гранд-қонақүйінде өтті. Бұл жерде әлем бойынша ең үздік деп танылған әуе компанияларының ұжымдары бас қосты.
Биыл барлығы 335 әуе компаниясы байқауға қатысты. Жеңімпаздар 2017 жылдың тамыз айынан 2018 жылдың мамыр айына дейін жолаушылардың онлайн дауыс беруі нәтижесінде анықталды. Дауыс беруге 100-ден астам елдің өкілдері қатысқан.
Алдыңғы жылдың зерттеулерімен салыстырғанда биыл дауыс берушілер саны 25 миллиондай адам болды. Респонденттерден алты тілде: ағылшын, француз, орыс, испан, жапон, қытай тілдерінде сауалнама алынған. Бұл жолы Қытай қатысушыларының қатары көп болды – 3,5 млн адам.
Сауалнама нәтижесінде Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы жетінші рет Орталық Азияның ең үздік әуе компаниясы деп танылып отыр.
«Air Astana – Қазақстанның ұлттық әуе тасылмалдаушысы, сонымен қатар ішкі және халықаралық рейстерді орындайтын әлемнің ең ірі әуе компанияларының бірі. “Ең үздік әуе компаниясы” марапатына ие болу – біз үшін үлкен жетістік. Себебі Skytrax World Airline Awards байқауында үздік болғысы келген әуе компаниялары өте көп болды. Үлкен еңбектің нәтижесінде Air Astana жеті жыл қатарынан ең үздік әуе компаниясы атанып, “төрт жұлдыз” рейтингіне ие болып келеді», – деді Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер.