ОНЛАЙН ҚЫЗМЕТІ УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕЙДІ
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен "Проактивті өмірді таңда!" республикалық акциясы өтті.
Шара барысында сала мамандары алдымен "Ана мен бала" орталығына қарасты гинекологиялық бөлімде болды. Олар болашақ аналарға бала туу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен, яғни, халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, онлайн жүйеде қол жеткізу мүмкіндігін түсіндірді. Сондай-ақ, акцияға қатысушылар облыстық "Ана мен бала" орталығында сәбиіне осы әдіс бойынша туу туралы куәлігін алған аналарды құттықтады.
– Мен жақында ғана дүниеге тұңғышымды әкелдім. Құжаттарды дайындау осы онлайн арқылы рәсімдеудің арқасында маған қиындық тудырмады. Небәрі 2-3 күнде қолыма алдым. Отбасымызбен қауышқанда осы алғашқы құжатымызбен қуантамыз деп жоспарлап отырмыз. Мемлекеттің мұндай игі жаңалықтары жаңа туған ана үшін үлкен көмек деп ойлаймын. Себебі, біз көбіне баламен анда-мында жүгіріп жүре алмаймыз. Ал, проактивті тәсіл перзентханада отырып-ақ телефонмен жүзеге асыра беруге мүмкіндік береді, – дейді Айгүл Әлижан есімді жас ана.
Филиал мамандарының айтуынша, былтыр желтоқсан айында іске қосылып, көпшіліктен кеңінен қолдау тапқан жоба уақыт тиімділігін арттырып ғана қоймай, оңай әрі қолжетімді қызмет түрін ұсынады. Мәселен, мұндай тәсілмен қызмет алушылар электронды үкімет порталындағы кабинет арқылы мобильді азаматтар базасына тіркеліп, жеке сақтандыру нөмірін алдымен ұялы телефонына бекітіп қоюы тиіс. Сәби дүниеге келгеннен кейін жаңа босанған ананың телефонына автоматты түрде SMS құттықтау хаты келіп, қызметтерді аталмыш әдіс бойынша іске асыруға ұсыныс жасайды. Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, ал өзге деректерді хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Бүгінде жоба іске қосылғаннан бері облыс бойынша 4000-нан аса адам базаға тіркеліп, сәбилі болған 3000-ға жуық ата-анаға онлайн жүйедегі қызмет алуға SMS жолданған.
– Проактивті әдіс бойынша ана телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеп және балабақшаға кезекке қоюына болады. Сондай-ақ, құжатты алуға ананың өзі белгілі себептермен келе алмаса, ақылы түрде арнайы жеткізіп беру қызмет түрлері де ұсынылады. Бұл қызмет облыс, қала, тіпті, еліміздің өзге де аймақтарына жүргізіледі. Ал, қазіргі таңда 3 мыңға тарта ана баласының дайын туу туралы куәлігіне қол жеткізіп, балабақша кезегіне 2200-дей бала тіркелген. Акция айдың аяғына дейін жалғасады, – дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының пиар менеджері Ақнұр Жағыпарова.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізді. Ал, алдағы уақытта баланы тұрғылықты жеріне тіркеу қызметі де проактивті нұсқада жүзеге асады деп жоспарлануда.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.