СҰҒАНАҚ ДЕГЕН ЖАҚСЫ АТ ЕМЕС

Саяжайдағы туысымның үйіне кіре бергенде алдымнан: «Жаңа ғана каналдың жиегіне суға салып қойған моторымды алып кетіпті» деп ағам шықты. «Ол алған баланы жаңа ғана жолда көрдім ғой» дедім. Бірақ ол кімнің баласы екенін танымадым. Маған «су тартатын мотор аласыз ба?» деді. «Ол сіздікі екенін қайдан білейін» деп ақталған болдым. Көршілердің балалары емес пе екен деп, түр-түсін, белгілерін айтып жатыр.
Шағын көрініс, Бірақ ащы ақиқаты бар. Ойландырады. Әрбір ата-ана өз баласының жақсы адам болып өсуін тілейтіні шындық. Бұл – баршаның ізгі арманы. Кейде бала шалыс басып, адал жолдан тайып жатады. Бұндай жағдайды сіз өз перзентіңізден күтпейсіз. Дегенмен жаңылмайтын адам, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Соның ішінде бала бойындағы жиі кездесетін теріс әдеттің бірі – ұрлыққа бару, жасырып темекі тарту, насыбай ату. Осы секілді адам көзіне біліне, елене бермес жаман нәрселерге әлі ес тоқтата қоймаған балалар үйірсек келеді. Осының барлығын бала ұрлықты да, шылым шегуді де, насыбай атуды да отбасында тәжірибеден өткізіп көреді.
Сондықтан баланың шалыс басуға өзін-өзі қалай дайындайтынын әрбір ата-ана бұны білуі тиіс. Жақсы бала тәрбиелеп шығарам десеңіз, оның әрбір басқан қадамынан хабардар болып отырған дұрыс.
Көбіне баланың жаман әдетке бой алдыруы ата-ананың оған көңіл аудармауынан туындайды. Кейбір жеткіншек еркеліктен есі шығып, қателікке бой алдырады. Ұрлық жасаудың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Оның алғашқы қадамы үйден, ұсақ нәрселерді қолды етуден басталады. Осындай жаман қылықтардан, әдеттерден баланы аулақ ұстау үшін алдымен оған ұрыспай, ақылға шақырып, оны өте жақсы көретініңді түсіндіру қажет. Сонда бала ол айтқаныңды санасына сіңіріп, көңіліне тоқи бастайды. Содан бала ата-ананың жамандыққа қимайтынын бала жаймен деп түсіне бастайды. оятатын жақсы сөз айтылып, дұрыс тәрбие берілсе балада жаман болмайды.
Жасыратыны жоқ, бүгіндегі балалар қолындағы затын бауырына беруге қимайды. Әсіресе, 3-4 жас аралығындағы бала біреудің ойыншығын рұқсатсыз алып, иеленіп алуға бейім тұрады екен. Тіптен оны үйіне алып келіп, егесіне қайтарып беруден бас тартады. Міне, осы сәттен бастап баланы оған «сенің затың емес» деген ұғымды барынша ден қоя түсіндіру керек. Алған затты егесіне қайтарып бергізіп, оған сондай зат алып берген орынды.
Ал ол бала 5-6 жасқа жеткенде ата-ананың қалтасына сұраусыз қол сұғуы мүмкін. Мұндай жағдайда оған бірден қол көтеруге, айқайлап ұрсуға болмайды. Алдымен оның не үшін ұрлық жасағанын біліп алу қажет. Оған ақшаны орынды жұмсауға кеңес беріп, оның жолдарын ұғындырған дұрыс. Ондайда баланы отбасылық заттар алудағы ақыл-кеңеске шақырып, ақшаның парқын білдіріңіз. Қазіргі баланың психологиясы тіптен бөлек.
Қазірге кезеңде баланың қалағанын алып беру үрдіске айналған. Сондықтан балаңыздың ұнатқан затын алып беруде ешқандай да тарылмаңыз. Өйткені ол баланың көңіл-күйін көтеріп, мінез-құлқын қалыптастырады. Ал су тартатын мотор ақыры табылмай кетті. Сұғанақ қасиетке бой алдырған баланың болашақ тағдырын ойладым.
К. Байегіз.