МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ҚАЛАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ
Қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жыл толуына орай «Сұлтанмахмұт мұрасы: тарихы мен тағлымы» атты мектеп оқушылары арасында қалалық конференция өткізілді.
2017 жылы ақпанда «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясы аясында Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары «Жыл таңдауы» боп танылған болатын. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» Алаш ардақтысы – Сұлтанмахмұттың өлмес мұраларын дәріптеу, насихаттау мақсатында 24 қазанда А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектепте «Сұлтанмахмұт мұрасы: тарихы мен тағлымы» атты 9-10 сынып оқушылары арасындағы қалалық конференция өткізілді. Конференция әсем әнмен ашылып, №211 мектептің өлеңсүйер оқырмандары ақынның «Шәкірт ойы» өлеңін нақышына келтіріп жеткізді. Сұлтанмахмұттың шоқтығы биік туындыларының бірі – «Қамар сұлу» романы өнерпаз оқушылардың қойылымында сахналанып, көрермен жүрегіне жол таба білді.
Қалалық білім бөлімінің басшылығымен ұйымдастырылған конференцияға қала мектептері бойынша 22 оқушы қатысты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүйріктер арасынан оза шапқандар анықталып, грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.