ЕЛІМІЗДЕ БАРЛЫҚ ШҰҒЫЛ ҚЫЗМЕТ ҮШІН БІРЫҢҒАЙ НӨМІР БЕЛГІЛЕНДІ
Барлық шұғыл қызметті біріктіретін ортақ нөмір "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жасалып жатыр.
Алматы қоғамдық кеңесінің мүшелері Президент әкімшілігінің өкілі Алексей Калайчидиге елімізде төтенше жағдайлар қызметі үшін бірыңғай нөмір енгізу туралы өтініш жолдады. Өтініш білдірушілер бірыңғай нөмірдің 911 типтес болуын айтқан. Енді мұндай жүйе шынымен де қолға алынды. Алайда бірыңғай нөмір “112” болады.
“Бағдарламашылар мен қаржыгерлер “112”-ні бірыңғай нөмір ретінде әзірлеп жатыр. Бұл мәселе “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде қарастырылады”, – деді ҚР Президент Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің жетекшісі Алексей Калайчиди.
Төтенше жағдайларды хабарлаудың жаңа жүйесі нақты қашан іске қосылатыны әлі белгісіз.
2014 жылы желтоқсан айында ҚР ІІМ вице-министрі Владимир Божко түрлі ведомствоның төтенше жағдайлар және коммуналдық қызметтерін біріктіретін бірыңғай ақпараттық жүйе құруға ниетті екенін айтқан еді. Ол “бірыңғай қызмет нөмірі америкалық “911” -ге ұқсас болады” деді.