ҚЫЗЫЛОРДАДА ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ШӨЛДІ АЙМАҚТА БАҚ ӨСІРІП ОТЫР
Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылындағы «Манақ баба» шаруа қожалығы жасыл технология игілігі арқылы сортаң жерді жайқалған жасыл желекке айналдырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш жоба бойынша шаруа қожалығына қарасты 8 гектар алқап қалпына келтірілді. Қазіргі таңда онда 3 гектар алма бағы және қалған бөлігінде көкөніс дақылдары егілген. Мұнда күн сәулесі мен жел энергиясынан қуат алынады. Аталмыш қос құрылғы шөл даланы оазиске айналдырып отырған шаруа қожалығының игілігіне жарап тұр. Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен қолға алынған. Айта кетерлігі, егістік алқабында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Баламалы энергия тереңдігі 330 метрлік ұңғымадан су шығару үшін қолданылады. Шығарылған су 90 метрлік бассейнге жиналып, сонда арнайы құрылғы арқылы тазартылады. Содан кейін шаруашылық игілігіне айналады. Егін де су ішеді, малға да су беріледі. Ауыз су қажеттілігіне де жарап тұр. «Біз мұнда 3 гектар алқапқа алма бағын өсіріп отырмыз. Алманың көптеген сорттары бар. Польшадан алып келген алма да бар. Өнімділігі жоғары. Гектарына 3 тоннаға дейін өнім жинаймыз. Сондай-ақ, алманың жартылай ергежейлі деген түрінен алдағы жылы өнім аламыз деген жоспар бар», - дейді «Манақ баба» шаруа қожалығының төрағасы Сәкен Шағыртаев.
Шаруа қожалығы төрағасының айтуынша, күн мен жел энергиясынан 40 КВт энергия алынады. Күн көзі аз түскенде, дизельді генераторды іске қосып, сол арқылы қуат алынады. Шаруа қожалығы осылайша жаңа технлогияның зор игілігін көріп отыр. Сол арқылы су мен энергияға жұмсалатын шығын 29 млн теңгеге дейін үнемделеді. Тағы бір айта кетерлігі, ауаға бөлінетін зиянды зат мөлшері де кеміген, оның көлемі жылына 300 мың тоннаға дейін кеміді.