Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «ЕЛІМ-АЙ» ӘНІ БЕСТАМДА ШЫҚҚАН БА?

«ЕЛІМ-АЙ» ӘНІ БЕСТАМДА ШЫҚҚАН БА?

  Жер-дүниені шарлап жүрген жиһанкез ертеде «Сырдың бойын жағалап жүрген адам көптеген шаһарға кезігеді. Бейнелеп айтқанда, Ташкент қаласынан үйдің төбесіне секірген лақ мыңдаған шақырым бойы жерге түспейді» деген екен. Расында, дарияның жағасы кезінде қалың қазақтың құтты қонысына айналған киелі мекеннің бірі болған. Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен көрінеді. Дегендей дария бойындағы әрбір төбе сыр бүгіп жатқандай сезіледі бізге. Оларға түрен салып, қойны-қонышын ақтара алсаңыз, бізге беймәлім талай құпияның кілтін табатын секілдіміз. Қаратау қойнауындағы Бестам қалашығы Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумағында орын тепкен. Осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын дария бойын оғыздар мекен етті. Сол тұста Бестам ата-бабалардың кие тұтқан қастерлі қонысының бірі болғанға ұқсайды. Өйткені, көне қаланың атауы хандықтың «Бас тамы» деген сөзден шыққан деген де дерек бар. Сол кезеңде билік құрған Қазан хан Балмұрын маңындағы қамалда тоғыз оғыз билеушісіне тоғыз ғимарат тұрғызып, көрме ұйымдастыруға пәрмен береді. Дегенмен ханның көңілінен бір-бірінен өткен әсем бес ғимарат қана шыққан екен. Бестам атауы содан қалған деген де пікірлер естіліп қалады.
Сыр өңірінің тарихын тереңірек зерттеп жүрген белгілі археолог ғалым Мадияр Елеуов «Бір ғана Бестам емес, Сыр бойындағы көптеген көне қалаларға дұрыс көңіл бөлінбей келгені жасырын емес. Бұл өңір қазақтың арғы-бергі тарихының түп-төркіні саналады. Сол себепті осы мақсатта жүйелі жұмыстар атқаруымыз тиіс. Көне Бестам жанынан канал қазылған. Сондай-ақ Сыр жерінде сырын ішіне бүккен талай көне шаһар бар. Олардың кейбірін су шайған» дейді.
Бестамның орнын қазір әрең тауып алуға тура келеді. Өйткені, базбір жылдарда оған ешкім назар аудара қойған жоқ. Тіпті оның маңынан жер жыртып, егін салынды. Айналасына егін егілді. Каналдар қазылды. Қысқасы, көне қалаларды сақтауға өз деңгейінде мән берілген жоқ. Осының салдарынан көне қалашық жермен-жексен қирап, көзден ғайып болатын жағдайға жетті. Бекіністегі молаларда жатқан адам сүйектері аяқ асты күйге түсті. Осы қалашықта елімізге әйгілі «Елім-ай» әні өмірге келген деседі.
Осы тақырып бойынша зерделі зерттеу жүргізіп жүрген азаматтың бірі – Шиелі ауданы Ә.Тәжібаев атындағы ауылдың №214 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Мейрамбек Сапаров. Ол ауыл іргесінде тұрған көне шаһар жөнінде біршама уақытын жұмсап, оның тарихы жөнінде толымды дүниелер жазып келеді.
– Сыр бойындағы қалалардың көпшілігі Тұранның ана суы – Сейхуннан жыраққа кетпеген, – дейді ол өткен шақ жайлы сыр шертіп. – Ол дәуірде дария суы тарамданып негізінен оң жағалауын көмкеріп, бұл тұста Қаратаудың Баламұрын тұмсығы арқылы Нәнсай арнасына құйып Ақмешіт маңында бас саламен қайта қауышса керек. Бестам – ежелгі қала. Ол туралы ақындар жыр арнаған, сағыныш сезідерін білдірген. Жергілікті түркі халқынан шыққан бұзырық Биязид Бестами осы қаланың перзенті деген сөз бар. Діни ілімді жан-жақты меңгерген ол, дәріс берген ғұламаларға менен ақыл-ойларыңызды аямаңыздар, әрі қарай айтарларыңыз болмаса ата-жұртыма кеттім деген екен. Оның ғазелдерінде шеңгел, жиде тәрізді Сыр өңіріне тән ағаштар соншалықты сұлулығымен оқырманды таңқалдырған. Бабамыздың болмысын Софы Алдияр кітабынан табуға болады.
1930 жылдардың аяғында «Жетім төбенің» батыс тұсынан егіске алқап ашып, трактормен жер жыртып жүргенде шаршы, беті тегістелген тастар қопарылып жатқанын көргендер көп. Бұл сол қамалдан төбеге дейін салынған жол болса керек. Ал, жол осы орынға келер сүрлеу болуы да мүмкін». Бұдан 900-1000 жыл бұрын Сыр алқабы жаратушының өзі берген сұлулығын сақтаған ғажайып өлке болған. Араб саяхатшыларының көпшілігі-ақ тамсана жазып жолжазбаларына арқау етті. Әсіресе, Рузбехани қалың жынысты тоғайдың жасыл желегіне, ну қамысты шоғырда жолбарыстың болатынын, еліктер кездесетінін, Сығанақ теріскейінде, тау етегіндегі хан жайлауы «Мыңбұлақ», одан әрі Жент, Баршынкент аймақтарының әсем, жерұйық мекен болғанын жазып қалдырған. Демек, осындай өлкеде тіршілік үзілмей, не бір нәубат, зілзала заман болса да талай ұрпақ ауысып, ескі қамал-қалалар қорған үйінділеріне айналып, әр дәуірдің ұландары орталық тарихта өз қолтаңбаларын қалдырып отырған. Бестам қазір көзге қораш көрінгенімен, талайлы тарихы бар бас қалалардың бірі болған. ІХ-Х ғасырда Көктеңіз (Арал теңізі) бен оның бір саласы Сыр атырабын оғыздар мекен етті. Қазан ханның тұсында Бестам шын мәнінде хандықтың Бас тамы рөлін атқарған. Оғыз, Тоғыз оғыз атауымен тарихтан мәлім болуы Қорқыт атаның кітабының негізгі арқауы емес пе? Кітап Қазан ханның сол заманындағы тіршілік-тынысына құрылған ғой. Хан бірде Балмұрын маңындағы қамалда тоғыз оғыздың ел билеушілеріне ғимарат тұрғызып, көрме ұйымдастыруға пәрмен береді. Межелі күн болғанда бірінен бірі өткен әсем де абат 9 там бой көтеріп хан иені күтіп тұрады. Алайда хан 5 тамға ғана кіріп, танысып, қалғанына назар аудармаған көрінеді. Бұған ашуланған билеушілер қалған 4 әйбат құрылысты қиратып тастайды. Баламұрындағы қамал осыдан соң Бестам аталған деген аңыз бар.
Қазақтың басына мұң мен қайғы ұялатқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында бұл бекініс қалмақ хонтайшысы Үнжіннің қол астында болыпты. Бестамды назарына ілмей, Шиелі өзегі бойынан «Қызыл там» қамалын салдырып сонда тұрған көрінеді. Одан әрі «Ақтөбе» деген бекетте оқ-дәрі жасатқан. Оның Бестамда тұрақтамауына қаланың тұрғындары бір түнде қамалдан шығып, қақпаны сыртынан бекітіп үдере кетіп қалуы да себеп болған деседі.

Әділет ТАЛАПТАН.

21 желтоқсан 2017 ж. 1 938 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам