ТАУАРЛАР ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАНАДЫ
Бүгінгі күні кәсіпкерліктің аясын кеңейту мақсатында тиімді іс-шаралар жүргізілуде. Осы бағытта үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде Техникалық реттеу және метрология комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерқанат Кеулімжаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен кездесті.
Брифинг барысында Е.Кеулімжаев департаментке берілген мемлекеттік бақылау саласындағы қызметтер мемлекеттік метрологиялық бақылау жүргізу, мемлекеттік рәміздер лицензиаттары жұмысын бақылау, тауарлардың шығу тегі сертификаттарын беру саласындағы қызметін бақылау, аккредиттелген сәйкестікті растау органдары, сынақ зертханалары мен салыстырып тексеру зертханалары мен қызметтерін бақылау секілді бағыттары бойынша жүргізетінін айтып өтті.
– Бүгінде департамент мамандарымен облыс кәсіпорындарында сапа менеджменті жүйесін енгізу, өнімдерді каталогтау, Кедендік одақ аясындағы техникалық реттеу келісімдері сынды жұмыстар жалғасын табуда. Мәселен, I жартыжылдықта облыс бойынша 446 мекеме мен кәсіпорын ИСО 9001 халықаралық стандарттар сапа менеджментінің жүйесін сертификаттаған, – деді департамент басшысы.
Департамент басшысы, жөнсіз бақылаудың қысқартылғанын айтты. Және тұрақты түрде, талқылауға келіп түскен техникалық және нормативтік құжаттар талқыланып, тиісті ұсыныстар беріліп келеді. Мәселен, биыл нормативтік құжаттарға осындай 9 ұсыныс уәкілетті органдарға жолданған.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.