ҚАРАША ҮЙДІҢ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ

Қонақжайлықтың басты қағидасы бойынша үй иелерінің қабылдауына көңілі толмаған қонақ үйдің ырысын өзімен бірге ала кетеді деген сенім берік орныққан. Сонымен бірге, қазақ дәстүрінде сүйеніп немесе тіреліп отыруға болмайды. Қолымен жер тіреп, белін таяну жаман ырым саналады. Егер ер адам осындай қалыпта отырса, «күш кеткен», «жыныстық күшінен айырылған» дегенді білдіреді. Бұл марқұм болған адамды жоқтаған кезде отыратын қалып. Бөтен адамның көзінше керілу, жастарға киіз үй ішінде жамбастап жату жақсыға жорылмайды. Тамақты жатып ішкен дұрыс емес. Ол науқас адамға тән нәрсе. Қазақта ер адамның дұрыс отыру қалпы – малдас құру. Тұрмыстағы әйел оң аяғын астына басып, сол аяғын тізеден бүгіп, ошаққа бетін бұрып отырған жөн.
Киіз үй – еркек пен әйел жаратылысы біртұтастығының, олардың тіршілік беретін, дүниеге ұрпақ әкелетін мәнінің бейнесі. Оны жасауда дүниенің екі жақтылық қағидасы байқалады. Үйдің ішкі кеңістігін әйел жаратылысымен байланыстыру мәдениет ұғымының бірі. Ер адам жаратылысын бақан, яғни үш айыр болып келетін ағаш сырық бейнелеген болса керек. Оң жақ ер адамның жартысы, киіз үйдің киелі бөлігі болып табылуында үлкен мән бар. Оң жақ – қонақ жайғасатын сыйлы орын.
Білгенге маржан болсын деп ежелден-ақ пәлсапалық озат ой түйген ата-бабамыздың санаға сіңгені мен сіңіп үлгермеген салт-дәстүрлерінен кейбір ырым-тыйымдар жайлы мағлұмат бердік. Ғасыр қойнауынан жеткен өсиетті сөз кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Дайындаған:
Жасқанат Пазылбеков.
Жасқанат Пазылбеков.