Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БІЛІМ БӘСЕКЕСІНДЕ БӘСІ БИІК

БІЛІМ БӘСЕКЕСІНДЕ БӘСІ БИІК

Тарихты сөйлетсек...
Тасбөгет кентінде орналасқан жарты ғасырдан астам тарихы бар  №176 орта мектеп қаладағы шоқтығы биік  тұғырлы білім ордасы. Талай түлектің қанатын қатайтып, таным көкжиегін кеңейтіп, пайым-парасатын молайтып, азамат етіп үлкен өмірге жолдама берген білім мекемесінің ашылғанына биыл – 55 жыл толмақ.  Кенттің қалыптасуымен қатар  шаңырақ көтерген ұлағатты ұяның шежіресі тарих қойнауынан терең сыр шертеді.  
 Сонау 1963 жылдан бері шәкірт тәрбиелеуге бет бұрған білім мекемесі Тасбөгетте орналасқандықтан Сырдария ауданына қарады. №11 мектепте бала саны көбеюіне байланысты №176 орыс орта мектебі сол жылдың күзінде өз алдына ірге көтерді.  Осы кезде мектеп директоры қызметін Николай Хван атқарды. Ол кісі оқу-тәрбие жұмысын жандандыруға үлкен күш салып,  үздік мұғалімдер шоғырын қалыптастырды.
 Пәндік кабинеттерді жабдықтауда облыстық, аудандық сайыстарда  үнемі жүлделі орындарға ие болған үлкен ұжымның жетістіктерінде ҚР ағарту саласының үздігі, сурет және еңбек пәнінің мұғалімі Төлебай Қайдауыловтың еңбегі ерекше болды. Ол мұнда 40 жылға жуық еңбек етті.
Сонымен қатар, 1980-90 жылдар  арасында мұнда алғашқы  әскери дайындық сабағы жоғары деңгейге көтерілді. Пән мұғалімі Константин Алхазов  ізденімпаз, жаңашыл, еңбекқор, талапшыл, әскери кісі болды. Ол бітірткен түлектер әскери қызметті таңдап, Н. Бондеров пен Н. Бойко подполковник шенін алды. Ұстаз ҚСРО және Қазақ ССР-ның білім саласының үздігі белгілерімен, ҚР Білім министрлігінің, облыстық, аудандық білім бөлімдерінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Осы кезеңде мектепте шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздар саны артты. Олардың қатарында методист мұғалім М. Иржанова,  мұғалімдер Қ. Аманжолова, П. Новикова, Г. Асанова, Л. Ким, В. Редина, М. Абдраманова, О. Пак, Е. Сейтмұратовтар болды.  
1991 жылы оқу ғимараты кенттің оңтүстік батысынан салынған жаңа мектепке қоныс аударды. Ол үш қабатты, үш оқу ғимаратынан тұрды. Мұнда жылыжай, КНС, жабдықталған спорт алаңы салынды. Ұжымға №11 қазақ орта мектебінен мұғалімдер келіп қосылды. Металл, ағаш өңдеу шеберханалары станоктармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. 2 тігін цехы жұмыс істеп, оқушылар пайдалы еңбекпен айналысты.
Мектеп жанынан оқушылар автоісі курсына оқытылып, аттестатпен бірге «В», «С» категориялары бойынша жүргізуші куәліктерін алып шықты. Осы мақсатта 4 кабинет жабдықталып, ол «МАЙ» мекемесінің нормативтік тізіміне сай болды. 
Әрине, қасиетті білім ордасындағы іргелі жұмыстардың жүзеге асуына  бар қажыр-қайраты мен уақытын аямай жүрген білгір басшы, сол жылдары мектеп директоры қызметін атқарған Аманжол Баймановтың еңбегі ерекше болды. Ол «Жылдың үздік мектеп директоры» деген құрметке ие болды.  Білгір басшы  мектептің гүлденуіне өмірінің саналы сәттерін арнады.  Ондағы мұғалімдердің де, мектептің де абыройы мен мәртебесінің көтерілуіне аянбай тер төгіп, 30 жыл директорлық қызметте болды. 
2007жылдың қазан айынан бастап мектеп директорлығына  жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері  Қадыркүл Шаймағанбетова   тағайындалды.
Қадыркүл Бердібекқызы 11 жылдан бері үлкен ұжымды басқарып, мектеп мұғалімдерінің іс-тәжірибелерін таратуды ұйымдастырып, олардың пәндік кәсіби байқауларға қатысуына қолдау жасап, оқушылардың жан-жақты шыңдалуына мүмкіндіктер ұсынып, қажырлы еңбек етіп келеді. Мектеп басшысының айтуы бойынша, мұнда бітірген үздік мамандық иелерімен байланыс үзілмеген. Салтанатты жиындарда  оларды құрметті қонақ етіп, төрге шығарып, ұлағатты әңгімесін тыңдау  оқушылардың жүрегіне патриоттық сезім сыйлайды дейді мектеп ұжымы. 
29 жасында медицина ғылымының докторы атанған, трансплотациялық операцияның негізін салған Жұмағали Исмайлов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты болған, ҚР білім беру ісінің үздігі Күлаш Ағатаева, ҚР суретшілер одағының бірінші хатшысы Өмірбек Жұбаниязов, Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев, ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің бөлім басшысы Нұрлан Елеусінов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы  Айдын Қайруллаев, Астана қалалық «Цесна Банк» бастығы Жорабек Пірманов, Алматы облысы, Қарасай әкімдігінің идеология бөлімінің бастығы Әмина Әбдраманова, «Боинг-757/767» әуе ұшағының командирі Марат Мұратбаевтарды үлкен мақтанышпен айтуға болады
                                   
Жаңарған білім үрдісі

Бүгінде сан жылдардан шыңдалып, өркениет көшіне өрлеген білім ордасында  заманауи талаптарға сай жабдықталған 25 оқу кабинеті,  спорт залы, алаңы, 1 компьютер сыныбы, 1 мультимедиа,  биология,химия  және   өзін-өзі  тану  кабинеттері,  технологиялық еңбек шеберханасы,  дәрігерлік бөлмесі, кітапхана, акт залы және асхана бар.  Сыйымдылығы 1176 орынға арналған мектепте оқушы саны –1113-ті құрайды. Сабақ екі ауысымда орысша, қазақша өткізіледі.
Білім мекемесі бүгінде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша талапқа сай іс-шаралар өткізіп, облыс мектептері арасында тәжірибе алаңына айналып отырғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Мәселен 2016-2017 оқу жылында мұнда «1-сыныптардағы білім берудегі жаңашылдық» тақырыбында аймақтық семинар  өтті. Онда көрме ұйымдастырылып, бірінші сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің портфолиосы,  нормативтік құжаттар, оқушылар портфолиосы, бағалау және кері байланыс жүргізу үлгілері қойылды. Мұғалімдер ашық сабақтар көрсетті. Жиынға қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасты.  Өткен жылы «Жаңартылған білім мазмұны: инновациялар және білім берудегі тәжірибе» тақырыбында педагогикалық оқу болып өтті. Онда 17 мұғалім баяндама жасап, озаттар  марапатталды. 
Әрине, мектепте үздік мұғалімдер шоғыры бүгінде көбейіп келеді. Олар әртүрлі пәндік жарыстарда шыңдалып, жоғары біліктілікке қол жеткізуде. Сондықтан  озат ұстаздардың тәжірибесін тарату да назардан тыс қалмаған.
«Қызылорда ұстазы» республикалық ғылыми әдістемелік журналдың 2016 жылғы №6 санына 18 мұғалімнің ашық сабақтары мен мақалалары жарық көрді. «Білім беру мазмұнын жаңарту жүйесі: заманауи білім беру ресурстары және тиімділігі» тақырыбындағы  республикалық конференцияға 5 мұғалім қатысып, еңбектері арнайы жинаққа еніп, дипломмен марапатталғаны білім ордасының даңқы елге танылғанын аңғартады.
«Обновление содержания образования – достижение качества образовательного процесса» тақырыбындағы облыстық әдістемелік жинаққа Ж.Қалжанова мен Б.Таекееваның мақалалары енді.  Т.Алдадосова, Ж.Боранбаева, А.Жиенбаева, Ұ.Үрістемованың мақалалары облыстық «200 жылдық тарихы бар Сыр өңірі педагогикасындағы қадірлі 200 есім» антологиясына енді.
Білім саласындағы  жаңашылдық, елімізде болып жатқан рухани жаңғырудағы  ұлттық құндылығымызды дәріптеу, салт-дәстүріміздегі ұмыт қалған өміршең өлмес мұраларды ұрпаққа таныту бағытында қыруар жұмыстар атқарылған.Осы мақсатта29 қыркүйек пен 13 қазан аралығында апталық өткізілді. Оның мазмұны – мектеп оқушылары арасында рухани  жаңғыруды  сипаттау  және патриоттық  сананы  ынталандыратын  ұлттық  құндылықтарды жаңғырту. Онда   «Қазақстан  әлемдік  қозғалыстың  жолында»  атты сурет, қолөнер көрмесі, қалалық  «Үздік бейнелеу  пәнінің мұғалімі – 2017» байқауының І орын иегері, облыстық   байқаудың  ІІ орын иегері  Э. Дабылованың  шығармашылық  жұмыстары,   үздік  суреттер, қолөнер бұйымдары  қойылған. Оқушылар «Менің  көшемнің  тарихы»  және «Мектеп  тарихындағы 100 есім»  атты  ғылыми  жобалар  қорғаған.
Семинарда үштұғырлы  тілді  насихаттау  мақсатында  «Көптілді  полимәдениетті  тұлғаны  қалыптастыру – заман талабы» тақырыбында  ағылшын тілі  пәнінің  мұғалімі  Дина Сабырова  жаңа сипатта  ток-шоу  өткізген. Оған  Назарбаев Зияткерлік Мектебінің сыртқы байланыстар ісі жөніндегі орынбасары  Ақбота Мамадиярова, НЗМ-нің математика пәнінің  мұғалімі Кениялық азамат Патрик Киало,  Қызылорда қаласындағы Қазақстан халықтар Ассамблеясының  татар ұлты диаспорасының мүшесі Фердаузе Валиулина  және №9 дарынды балаларға арналған  облыстық «Білім инновация»лицей-интернатының 8 сынып оқушылары  Асқар Ернұр және Талғат Қазыбек қатысқан.  Шара барысында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың қарасөздері оқылса, өзге ұлт өкілі 9 сынып оқушысы Алексей Черкезюк «Туған тілім» өлеңін  қазақ тілінде оқыды. Шет мемлекетте білім алып жатқан Қызылордалық жастардың бейнесәлемдемесі көрсетілген. Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кең аудиторияны қамтыған тағылым мен ұлағатқа тәрбиелейтін іс-шаралар шеруі мектептегі күнделікті жүргізіліп жатқан жұмыстардың ширек бөлігі. Ал, бәсекеге қабілетіңді шыңдайтын оқу процестерінде де білім ошағының озат тәжірибесі мен жетістіктері мол. Мектеп директоры Қ.Шаймағанбетованың айтуынша, 2017-2018 оқу жылында 11 сыныпты бітірген 16 оқушының ҰБТ- ге қатысып 14 оқушы мемлекеттік грантымен жоғарға оқу орнына түскен.
Кезінде тереңнен парасатпен ой түйген Мағжан Жұмабаев атамыз «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген болатын.
Міне, еліміздің баянды болашағы үшін  білім мен біліктің мәңгілік алауын шамшырақтай маздатып, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ғылым негіздерін шәкірт жүрегіне зерделі оймен жеткізіп, ұлағаттап отырған №176 мектеп ұжымының ұстаздары мен шәкірттеріне жаңа оқу жылында толағай табыс, шығармашылық серпін, бағдарлы бетбұрыстар тілейміз.


Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.
04 қыркүйек 2018 ж. 1 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам