КҮРІШ ЕККЕНІҢ – ЫРЫС ЕККЕНІҢ

Биыл қалаға қарасты елді мекендерде барлығы 7600 гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырылды. Оның 3700 гектары күріш алқабы болып есептеледі. Жалпы, бұл маусымда күріш көлемі былтырғыдан 741 гектарға артқан.
Қарауылтөбе ауылдық округіндегі Ыбырай Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институтының» алқабында алғашқы күріш орағы басталды. Оған қалаға қарасты шаруашылық құрылымдарының жетекшілері келді.Салтанатты шара барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев диқандарды жылдың басты мерейтойлары – Астана қаласының 20 және Қызылорда қаласының 200 жылдығымен құттықтады.
– Бүгінгі шараны осы мерейтойлардың аясында, дала еңбеккерлерінің туған жеріне тартуы деп қабылдаймыз. Осындай еселі еңбектің жемісін мол несібеге негіз қалайды. Қамбамыз қазынаға толтыратын күн жақын. Ақ алтындай тербелген егіс даласына алғашқы орақ түсті – деді қала әкімі. Одан кейін қала әкімі мен шараға қатысушылар арнайы дайындалған көрмені аралап, аграрлық сала мен агроөнеркәсіп кешенінің айтулы жетістіктерментанысты.
Ғылыми зерттеу институты биыл агросалаға «ақылды технологияларды» енгізген. Шараға қатысушылар алғаш рет қолданысқа енген агродронның жұмысымен танысты. Институттың кіші ғылыми қызметкері Айдос Жалбыров агродронның тілін меңгеру үшін арнайы оқу курсынан өткен. Жас маман егіс басында ұшу қондырғысын емін-еркін басқарып жүр.
– Агродрон құрылғысы токпен жұмыс жасайды. Бұл құрылғы ең алдымен шығынды азайтады. Биыл біз 300 гектар жерге тыңайтқыш септік. Мұнымен күніне 40 гектарға тыңайтқыш себуге болады, – дейді А.Жалбыров.

Сонымен қатар институт мамандары тек күріш сорттарын ғана емес, бақша өнімдеріне де мән беріп келеді. Мәселен, олар үш жылдан бері қауынның алпысқа жуық сортын тамшылатып суару әдісімен тәжірибеден өткізген.
– Бұл жерде 1293 гектар суармалы егістік бар. Шаруашылықты әртараптандыру бағыты қолға алынған. Мұнда түрлі сорттар бар. Арпа, бидай, сұлы, майлы дақылдар егілді. Мақсарының «Алқызыл» сорты гектарына 15 центнерден өнім берді. Бұл – шаруашылық үшін өте жоғары көрсеткіш, – дейді ғылыми-зерттеу институтының басшысы Серікбай Өмірзақов.
Биылғы егін жинау жұмыстарына барлығы 795 тонна дизель отыны, 159 тонна бензин, 48 тонна қою май қажетті көлемде қамтамасыз етіліп отыр. Науқанға қатысатын 24 дана комбайн, 58 дана трактор, 19 дана трактор тіркемелері, 22 астық тазалағыш пен 12 дана жүк көлігі толықтай ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілген.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.