ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ғалия Бәйменованың айтуынша, бұл меморандум жыл соңына дейін жарамды. Облыс әкімдігінің өңірлік штаб отырысының хаттамасы негізінде, биылғы жылдың 2 наурызында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, департамент және фармацевтикалық ұйым басшыларымен 150 атауға шекті бағалары бекітілген меморандум жасалған. Оған 100 субъект қол қойған.
– Сондай-ақ, жұмысшы топтармен дәріханаларда рейдтік тексеру жүргізіліп, 150 атаулы дәрілік зат бағаларына, олардың дәріханалық ұйымдарда болуына бақылау жүзеге асырылуда. Түсіндіру жұмыстары әрі қарай жүргізілуде, – дейді Ғ.Бәйменова.
Арнайы жұмыс топтарының бақылауларына сәйкес, бөлшек сауда ұйымдары облыс әкімдігімен арада жасалған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу туралы меморандумды сақтауда.
Жыл басынан бері 70 тексеру жүргізіліп, оның ішінде 11 жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 8 бұзушылық анықталып, оларды жою туралы ұйғарымдар мен арыз иелеріне жауаптар берілген. Рейдтік тексерулермен облыстағы дәріхана ұйымдары қамтылды. Дәрілік заттар бекітілген шекті бағалармен сатылуда. Ал дәріханаларда аталған дәрі-дәрмектердің көрнекті жерде тізім орналасқан.
Биболат Сәтжан