ШОТЛАНДЫҚТАРДЫ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН "АҚБАЯН"
Сүйіспеншілік пен іңкәрлық, жастық жалын мен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, сенім мен сезім тақырыптарынан ой қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етіп, сертке берік екі жас арасындағы ғашықтық хикаясынан сыр шертер Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы көрерменге енді "Ақбаян" атауымен жол тартты.
Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театры өзінің кезекті 64 маусымының шымылдығын аталмыш қойылыммен түрді. Жаңаша мазмұн, ұлттық бояу, ерекше леппен түрлене түскен спектакльге халық қарасы қалың жиналды. Арадағы бірнеше айдан соң театрмен қайта қуана қауышқан жұртшылықты шығармашылық ұжым "тосынсыймен" қарсы алғандай. Себебі, бақытқа ұмтылған қос ғашықтың махаббат жолындағы тартысқа толы тағдыры біз ойлағандай емес. Бұл жолы өзгеше өрнекпен өрілді. Қысқасы, бұл спектакль бұрынғыдан өзгерек өтті... Неге дейсіз ғой? Өйткені, қос мұңлық мұнда махаббат құрбанына айналған жоқ. Керісінше, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі барлық қиындық тауқыметін жеңіп шығып, үлкен өмірге қол ұстасып бірге аттанды. Иә, тыңнан түрен салған "Ақбаян" осылайша Қозы мен Баянның қосылуымен тәмәм болды. Кәсіби режиссердің бұл композициялық шешімі көрермен үшін күтпеген жағдай болғандай.
Қойылым әу бастан-ақ жаңа желімен өрбіді. Шымылдық ашылысымен Қарабай мен Сарыбайдың төс қағыстырып, бесік құдалық өткізуімен басталды. Одан соң аңшылықта Сарыбай мерт болып, екі жақты құдалық үзіледі. Көп алдында келісім бермей, бетін қайтарған Баянның ісіне ызаланған Қодар әкесінің малын алдына салып, айдап кетеді. Қыз болса да, жорыққа шыққан бойжеткен сонда өз Қозысын кезіктіреді. Сөйтіп, жеңіспен оралған қос ғашық бір-бірімен сөз байласқанымен, Қарабай әр нәрсені сылтау етіп, разылығын бере қоймайды. Ал, Қодар Қозымен болған шайқаста жеңіліс тауып, ашулы халық оны орталарынан аластайды. Осылайша әкенің батасымен баяғы бесік құда қайта жаңғырып, екі жастың тойы өтеді.
Негізі, сан мың ғасыр тезінен әуелі құйма құлақ таланттардың арқасында сақталып, кейін қағаз бетіне түсуі арқылы бізге жеткен пьесаның оқиға желісін қазір жатқа білмейтін жан кемде-кем. Әсіресе, театр сахнасында қанша мәрте қойылса да, жалықпай қайта-қайта тамашалайтын өнерсүйер көпшілік бұл қойылымның әрбір сюжетін бүгінде жазбай біледі. Қозы мен Баянның бір-біріне деген іңкәрлігіне сүйсіне отырып, Қодардың айуандығы мен Қарабайдың дүниеқоңыздығына күйініп көреді. Қай тұста Қозыға қиянат жасалып қалар екен дегендей елеңдей түседі. Бұл да бір көрерменнің оқиға желісін жатқа біліп, оны тамашалаған сайын ынтық бола түсетінінің көрінісі. Спектакль қалай бастау алып, қалай мәресіне жететінін де біліп отырады. Десе де, әртістердің кәсіби шеберлігінің арқасында оны тапжылмай, бір деммен көріп шығады. Ал, олар "Ақбаянның" дәл осылай аяқталғанын қуана құптағандай. Қозы мен Баянның қол ұстасып бірге шығуы сол-ақ екен, көрермен үдере көшіп, толассыз қошемет көрсетті. Қуанды, күлді, шапалақ ұрды.
– Бүгінгі спектакль біз үшін есте қаларлықтай болды. Оны тамашалай отырып, оқиға желісі жағынан біраз өзгеріске ұшырағанын байқасақ та, соңы дәл осылай аяқталады деп ойламадық. Әуелі, "Жырда қос ғашық та қайтыс болмаушы ма еді?" деп тосырқай қарадық та, кейіннен режиссердің бұл әрекетін қолдап, қуанып кеттік. Қандай жарасымды, қарасаң көз тояды. Әртістердің киімдері де жанып тұр, – дейді Гүлмира Смағұлова есімді көрермен.
Бір қызығы, спектаклдің қоюшы режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темір де өз көрермендерін кенеттен риясыз күлкіге бөледі. Сахнаға шотландықтардың ұлттық киім үлгісімен шыққан режиссер образына өнерсүйер көпшілік тағы бір мәрте ризашылығын білдірді. Жетекшінің бұлай киінуінің де өз мәнісі бар. Себебі, кешегі тамыз айында аталмыш қойылым Шотландияның Эдинбург қаласында өткен "Фриндж" фестивалінде алғаш рет сахналанып қайтты. Шотландықтардың ыстық ықыласына бөленіп келген шығармашылық ұжым 50 мемлекеттен 50 мыңға жуық өнерпаз қатысқан бұл өнер додасынан үлкен шабытпен, ерекше серпіліспен оралған еді. – Сіздердің алдарыңызға бұл образбен шығуымның өз себебі бар. "Ақбаян" – шетелдіктердің жоғары қошеметіне бөленген қойылым. Сондықтан тамаша дүниеге сіздер де куә болсын деген ниетпен кезекті маусымды осы туындымен ашқанды жөн көрдік. Алдағы уақытта аталмыш спектакльдің толық нұсқасымен қатар, Қ.Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған "Құдағи келіпті" комедиясын тамашалай аласыздар. Одан бөлек, қоғамдағы өткір мәселелерді әшкерелейтін өзге де туындылар сіздердің назарларыңызға ұсынылады.
Ал, Эдинбургке сапар біз үшін үлкен тәжірибе болды. Талантты жастардың арқасында біз "Фриндж" фестивалінің алтын кітабына жазылдық. Театр ұжымы үшін бұл ерекше тарихи сәт. Бұдан былай ұсыныс жасап, жыл сайын қандай қойылыммен барамыз десек те, әлемдік деңгейдегі ауқымды шараның есігі біз үшін енді әрдайым ашық болмақ, – деген Хұсейн Әмір-Темір жиналған жұртшылықты театрдың тұрақты көрермені болуға шақырды.
Көптің ыстық ықыласына бөленген қойылымда Қозы мен Баян рөлін театрдың жас әрі талантты әртістері Санат Жүзбай мен Зарина Кенжеәлі жоғары деңгейде сомдап, көрермен көңілінен шыға білді. Сондай-ақ, Бақытбек Темірбеков Қарабайды, Сырым Әбдіразақов Сарыбайды, Ақтолқын Төлеуова Күнікейді, Қанат Архабаев Қодарды, Гүлмира Берікбай Таңсық рөлдерін ойнап, өз кейіпкерлерін кәсіби шеберлік тұрғысында жоғары деңгейде аша білді. Мәселен, Қодар образын өте сәтті сомдап шыққан Қанат сахна шеберлігін терең игеріп келе жатқан, әрі болашағынан зор үміт күтетін әртіс екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. – Бұл рөл мен үшін өте күрделі образ болды. Қодарды ойнау менің әртістік тәжірибемдегі ең жоғарғы белес деп айтар едім. Себебі, ол пьесада жағымсыз кейіпкер болғанымен, әртістің нағыз кәсіби шеберлік тұрғысынан аша түстен мықты персонаж. Спектакльге біз 4 ай тыңғылықты дайындық жасадық. Күн сайын екі мезгіл кәдімгідей қойылымды ойнап, жаттықтық. Бұл біз үшін ауыр болғанымен, жауапкершілік салмағын сезінгендіктен тынымсыз еңбек еттік. Ал, маған жүктелген Қодарды басқаша қырынан сомдағанды жөн көрдім. Көрерменге әуелі оның батырлық бейнесін емес, ішкі жан-дүниесін жеткізуді бірінші орынға қойдым. Эдинбург сапары туралы айта кетсем, ол біздің театр үшін үлкен жетістік. Үш күн бойы қаланың Френч көшесінің бойында қазақи ұлттық киімдерімізбен домбыра асынып, көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды, Шәмшінің әндерін шырқадық. Сонда еуропалықтар бізге ерекше таңданыстарын білдірді. Келіп, бірге суретке түсіп жатты. Аталмыш фестивальге қазақстандық театрлардың ішінде біз алғаш болып бардық. Сондықтан әр облыстағы әріптестеріміз бізге сәттілік тілеп, тілектестігін білдіріп жатты, – дейді Қанат Архабаев.
Айта кетейік, жақында ғана облыстық театр атына Эдинбургтен арнайы құттықтау хаты келіпті. Онда олар қызылордалық театр әрістерінің шеберлігі жергілікті халыққа өте жоғары деңгейде ұнағанын айтқан. Сондай-ақ, режиссердің кәсібилігін, әртістер ішінде Зәлипа Төлепова мен Қанат Архабаевтың образ ашудағы талантын сөз етіп, ерекше әсер еткенін жеткізіпті. Аталмыш фестивальге тікелей қолдау білдірген облыс әкіміне арнайы алғыс хат та жолданыпты. Ал, спектакльде басты рөлдің бірін сомдаған Зарина Кенжеәлі бұл сапар ерекше шабыт сыйлағанын айтады.
– Қойылым қойылған күндері "Болашақ" бағдарламасымен сонда білім алып жатқан қызылордалық жерлестеріміз бен Шотландиядағы қандас бауырларымыз келіп, қойылымды көріп, мәртебемізді бір көтеріп тастады. Елден жырақ жүрген олар бізді ыстық құшақтарына алып, елге деген сағыныштарын басты. Қойылымнан керемет әсер алғандарын айтып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Мұндай сәтте жүрегіңдегі патриоттық сезім еселене түседі екен, – дейді нәзіктік пен батылдық қасиеті қатар тоғысқан Баян персонажын шебер сомдаған талантты актриса.
Сонымен қатар, қойылымның ұлттық бимен өріліп, тартымды әрі қызықты өтуіне балетмейстер Маржан Әбішова мен көркемдік суретші Нұркен Қалымбетовтің де еңбегі бір төбе. Балетмейстрдің сәтті би қойылымы да шотландықтарды бей-жәй қалдырмапты. Ал, көз алдындағы әрбір бейнеге ерекше мән беретін режиссер әртістердің сахналық киіміне де аса ден қойғаны көрініп тұр. Шетелге гастрольдік сапар қарсаңында қойылым костюмдері толықтай жаңартылып, эстетикалық талғам биігін аша түскен ұлттық нақыштағы киімдердің әрқайсысы ерекше көркемдік пен нәзіктікті паш етіп тұр. Сахна қарасаң, көз тояр әсемдікке тұнып тұр. Міне – талант, міне – өнер!
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ