ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЛМЫС 17 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде департамент бастығы полиция полковнигі Мұхитов Қайрат Болатұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, 2018 жылдың 8 айында облыс көлемінде 4850 қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркеліп, 2017 жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмендеді (2017 ж.-5862).
Сонымен бірге, қоғамдық орындарда (6,0%, 1458-ден 1371-ге), көшелерде (8,6%, 935-тен 855-ке), мас күйінде (12,2%, 319-дан 280-ге), бұрын сотты болғандармен (10,1%, 753-тен 677-ге) жасалған қылмыстар саны азайды.
Бүгінгі таңда, 10 мың халыққа шаққандағы қылмыстылық деңгейі біздің облысымызда 93 қылмысты құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде криминогендік ахуал тұрақты, әрі қауіпсіз облыстардың біріміз.
Ағымдағы жылы (1 маусым – 30 қазан аралығында) Республика көлемінде «Көкнәр-2018» кең ауқымды жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Анықтама: Есепті мерзімде, облыс көлемінде 263 (2017ж–359) есірткі саласындағы құқықбұзушылық анықталса, оның 16 (22) дерегі есірткі сату, 12 (28) дерегі аса ірі мөлшерде есірткі сақтау қылмысын құрап отыр.
Заңсыз айналымнан жалпы 74 кг. (555 кг.) есірткі заты тәркіленсе, оның 63 кг. марихуана, 967 гр. гашиш, 2,71 гр. героин және 9 кг. 594 гр. апиын көкнәры.
Есепті мерзімде, есірткі өсірудің 74 дерегі анықталып, жалпы салмағы 10 тоннадан астам болатын 73 мың түп сора өсімдігі өртеу жолымен жойылды.
Нәтижесінде 54 қылмыскер құрықталып, тұтынушыларға үлкен көлемде есірткінің жетпей, оның қаупінің алдын алудың негізгі себебі болды.
Жол қозғалысына бақылау күшейтіліп, соңғы үш жылдың ішінде автокөліктердің (+5%, 140 мыңнан 147 мыңға) және жол тораптарының ұзындығы көбейгеніне қарамастан (+3,3%, 8899 км.-ден 9190 км.-ге), жол-көлік оқиғаларының саны 12 пайызға (250-ден 220-ға) онда қайтыс болғандар 31 пайызға (64-тен 44-ке) және жарақат алғандар саны 12 пайызға (295-тен 258-ге) азайды.
Бұл, республика көлемінде жақсы көрсеткіштердің бірі. Есепті мерзімде жолда жүру ережелерін бұзудың 65 мың дерегі анықталып (2017 ж - 56354), өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға жақсарған.
Оның ішінде, жол апаттарына тікелей әсер ететін автокөлікті мас күйінде басқарған 927 (2017 ж.-862), жылдамдықты арттырған 8023 (2017 ж.-10484) және қарсы бағытқа шыққан 160 (2017 ж.-196) тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, алдын алу жұмыстары күшейтілуде.
Жол-патрульдік полиция қызметі тамыз айынан бастап қоғамдық жерлерде, оның ішінде көп қабатты үйлердің аулалары мен халық көп шоғырланған аймақтарға жаяу патрульдеу бағытына шығарылып, бұл оң тәжірибе өз нәтижелерін беруде (49 автопатруль (104 қызметкер) және 18 жаяу бағытта 36 қызметкер).
Одан бөлек қала маңында орналасқан «Сабалақ», «Пищевик», «Ягодка», «Дружба», «Строительная» саяжайлары мен «Қарауылтөбе», «Абай», «Қараөзек» ауылдарында рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері үй-үйлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, олардан келіп түскен проблемалық сұрақтар бойынша сол жерде шұғыл шаралар қабылданды.Нәтижесінде, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 224 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.
Оның ішінде, қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 78 дерегі, тыныштықты бұзудың 20, азаматтық қаруды сақтау ережелерін бұзудың 10 дерегі анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы қабылданған профилактикалық жұмыстар нәтижесінде, «102» арнасына азаматтардан түскен өтініштер саны 2,5 есеге азайды (орта есеппен шілде айында тәулігіне 605 хабарлама түссе, қыркүйек айында 234 хабарлама).
Облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған 272 бейнебақылау камераларының көмегімен 12 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 50-ден аса қылмыстың беті ашылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қосымша 1400 дана бейнебақылау камераларын орнату үшін адрестік бағдарлама бекітілді.
Сандық технологияларды дамыту аясында «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жүйенің тиімділігі, ол тергеу жұмыстарының жылдамдығын арттыруға , қылмыстық процеске қатысушылардың қылмыстық істердің тергеу барысын электронды түрде бақылап отыруға мүмкіндігі және оның бұрмалануына жол бермеу, қылмыстық істерді тергеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға өз ықпалын тигізеді. Қазіргі таңда, электронды форматта жалпы
179 қылмыстық іс тергеліп, оның 136 ісі сотқа жолданды.
2017 жылдың қазан айынан бастап «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ЕРАП) жобасы іске қосылып, жергілікті полиция қызметіне 29 дана планшет берілсе, қазіргі таңда қосымша 117 электронды планшеттер алынып, қолданысқа енгізілуде. Планшеттермен бүгінгі күнге 6 мыңнан астам әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жыл сайынғы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткізілетін республикалық «Қозғалыстың жас инспекторлары» атты слётінде 2017 жылы біздің облыстың командасы бірінші орынды иеленген болатын. Ережеге сәйкес, аталған слёт ағымдағы жылдың тамыз айында Қызылорда қаласында жоғарғы дәрежеде өткізілді.
Сонымен бірге, жеңімпаз команда қазан айында Ресейде өтетін ТМД елдері арасындағы халықаралық сайыста еліміздің атын қорғайтын болады.
Департамент бастығы азаматтарды жеке қабылдау жүргізуімен бірге (+18%, 75-тен 89-ға), әр айдың соңғы аптаның бейсенбі күні қала әкімдігінің ғимаратында орналасқан «Құқық қорғау қызметтері орталығында» қоғамдық қабылдау жүргізуде.Нәтижесінде, есепті мерзімде жеке және заңды тұлғалардан департаментке түскен арыз шағымдарының саны 30 пайызға (4399-дан 3002-ге) төмендеді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі