Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӨРКЕНДЕГЕН ӨНДІРІС

ӨРКЕНДЕГЕН ӨНДІРІС

    «Өткен күн – тарих» деген рас. Кешегіге көз жүгіртсек, Қызылорда қаласында іргелі өндіріс ошақтары болды. Көптеген адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік жағдайы жақсарды.
1985 жылғы қайта құру кезеңінде Сыр өңірінде облыс экономикасын жаңа деңгейге көтеру жолы қарастырылды. Біраз зауыттар іске қосылды. Солардың қатарында, тоқылмайтын маталар және «Ісмер» тігін, аяқ киім фабрикалары, ет, целлюлоза-картон, құрылыс материалдары мен конструкция комбинаттары, күріш зауыты, ТЭЦ-6 және жергілікті өндіріс материалдары мекемелері бар. Жылдар өтті. Сол өндіріс орындарының кейбірі қазір жоқ. Дегенмен, олар елдің есінде сақталып қалды.
Тоқылмайтын маталар фабрикасын көпшілік қысқаша ФНМ деп атап кеткен. Аталмыш орын 1984 жылы іске қосылды. Сол жылдан бастап мұнда Сәлімжан Әжібаев негізгі өндіріс цехының басшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, бас инженер, бас технолог қызметтерін абыроймен атқарды. Кейіпкеріміз осындағы әр тірлікті әлі күнге дейін жадында жақсы сақтапты.
– Аталмыш фабрика қаладағы ең үлкен өндіріс орны болды. Онда тізбектелген 9 күрделі технологиялық қондырғы жұмыс істеді. Ауқымы кең фабрикада 1000-ға жуық адам еңбекпен қамтылды. Әрі екі ауысыммен еңбек етті. Әлі есімде, фабрика бірыңғай Ресей мемлекетімен тығыз қарым-қатынаста болды. Өйткені, тапсырысты сол жақ беретін, – деді Сәлімжан аға.
Бір ерекшелігі, фабрикада барлық жағдай жасалған. Мұндағы жұмысшылардың балалары үшін арнайы 280 орындық балабақшасы, 220 орындық жатақханасы, «Арман» атты бау-бақшасына дейін қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мал өнімдерін дайындайтын шаруашылығы да бар болған.

ҚАНДАЙ ӨНІМДЕР ШЫҒАРДЫ?

– Ол кезде көбіне сыртқы киімге арналған көлемді синтетикалық жылу материалын шығардық. Одан кейін құрылысқа, тігін өнімдеріне арналған полотно, автомобиль өндірісіне ауа сүзгіштік және күнделікті қолданысқа керекті материалдарын, дастарқанның, еден төсеніші линолеумнің астары секілді тағы да басқа тауарлардың түрлерін шығарып отырды.
Ал, оған қажетті шикізатты Ресей мен Белоруссиядан, желімдерін Германия мен Әзірбайжаннан алдыртты. Өзіндік тәртібі мен талабы мықты мекемеде еңбек қарқынды жүрді. Кімдер басқарды десеңіз, ең бірінші Еламан Керейтбаев, одан кейін Айбатыр Ізбасқанов, Ербол Бекжановтар басшылық етті. Әрқайсысының фабрикадағы жандану жолында алар орны бар, – деді кейіпкеріміз өткенді еске алып.
Айта кету керек, ондағы жұмыс істеген адамдарға үй алу мәселесі оңтайлы шешіліп отырған. Ал, жер үй салатындар үшін керекті тауарларды 50 пайыз жеңілдікпен берген.

ОДАҚ ЫДЫРАҒАННАН КЕЙІН...

Алып фабриканың жанданған дәуірі де қиындыққа тап бола бастады.
– Сол жылдары нарықтық жағдайға байланысты ауыстыру әдісімен жұмыс жасауға тура келді. 1997 жылы жекешелендіру науқанына орай үлкен мекеке «Айдан ФНМ» ЖШС болып қайта құрылды. Сөйтіп, жұмыс жалғаса берді. Бірақ, бастапқыдай емес, көлемі азая түсті. Негізгі өнімді сұраныс бойынша шығарып отырдық.
1999-2000 жылдары өнім шығаруды тоқтаттық. Ал, қалғаны сатылды. Кейін банкротқа ұшырап, орнына «Айдан-мұнай» ЖШС ашылды, – дейді Сәлімжан аға.
Қиындық түсті екен деп олар мойымады. Қайта осындай жерде жұмыс істеген сәтін сағына, мақтана айтуға даяр. Әр адам өзінше еңбек етуге кетті. Кейіпкеріміз де әрмен қарай «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорнында маман, учаске шебері, бастығы болып қызметтер атқарып, кейіннен зейнетке шықты. Біраз сатыдан өткен, шыңдалған, тәжірибе алған, жас мамандар тәрбиелеген Сәлімжан ағамыз да еліміздің өркендеуіне осылайша өзіндік үлес қосты.
Әңгімеміздің соңында ол аға буын ретінде дамыған цифрлы технологиялық заманда жастардың аянбай еңбек етіп, егемен елдің ертеңі боларына өз тілектестігін білдірді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
24 шілде 2018 ж. 1 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам