Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КЕЛІНШЕГІММЕН АТТАС ҚЫЗ

КЕЛІНШЕГІММЕН АТТАС ҚЫЗ


















Экспромт
Көңіл кемерден аса алмай,
Өмір-көгеннен қаша алмай.
Өлім келгенше босанбай,
Жүрегің тулар кеудеңде –
Байлаулы тұрған асаудай...
Жүгіну
Баса алмаған жаңбырын,
Кім ұғады жан мұңын?
Шимайындай баланың,
Түсініксіз әр күнің.
Келер күнді тойладың,
Кетер күнді ойлағын.
Қадіріңді қай жерде,
Жоғалтарың беймәлім.
Жан едім деп ең дара,
Бере алмайсың сен баға.
"Жақсы еді" деп айтатын,
Ең соңында ел ғана.
Өміріңнің сәтін әр,
Тәңір өзі бақылар.
"Жақсы едінің" ішінде,
Жаманның да хақы бар.
Күте тұрар жұмыр жер,
- Тәңірім! - деп жүгінді ер.
"Жақсы едінің" салмағын,
Көтере алар ғұмыр бер!
Аралым – Арым!
Арманым болған Аралым – Арым,
Күйзелтті-ау қатты жаралы халің.
Күрсініп тұрып мұңыңды шертер,
Домбыра кеудем шанағы жалын.
Ақын мен сазгер ән қылып кеткен,
Арал-ай, шіркін, жанды үгіп кеткен.
Шағалаң қайда сән құрып жеткен,
Шуылың қайда жаңғырып жеткен!?
Сен едің Арал еліңнің ары,
Келмейді-ау сенсіз өмірдің мәні.
Тоң болған үсті тоң болып жатыр,
Жібімей қалған көңілдің қары.
Алтыннан қымбат бағалым едің,
Мұхиттан артық Аралым едің.
Жатырсың мүлде тарқамай шерің,
Жаныңның қалай табамын емін?
Кетсе де теңіз сақталдың ғұрпым,
Жыр-әніңменен мақтанғын жұртым!
Әруақты ерге ақсарбас айтып,
Шақырсам ба екен Ақтанның бұлтын?!
Әлемді мұңға батырдың Арал,
Жаныңа мен де жақынмын Арал!
Шарқ ұрып сені іздегендерді,
Тұңғиығыңа шақырдың Арал!
Желкенін мәңгі түсіріп кемең,
Көз жұмған қайсар кісілікпенен.
«Кіндігім бірге Аралмен» деген,
Зейнолла жанын түсініп келем.
Қылығы ұнап Күн, Айдың күлген,
Бата алып өсіп жыры айбын дүрден.
Қыршын да кеткен Бекұзағыңмен,
Сұрағаныңды сұраймын кімнен?
Айлақтан әлі-ақ жол алар кемең,
Жай күйің сонда оңалар деп ем.
Шын әкем ұзап келмеске кетті,
Ұлы әкем сенсің оралар деген.
Бұрынғы ажар, көркіңе келіп,
Қуантсаң мұңнан серпілер едік.
Өзегі талмай күтеді сені,
Аралдың халқы сертіне берік.
***
Сезе алмай қала нұрын,
Көбейді нала-мұңым.
Тас жолдар тосырқатты,
Бассам ғой дала құмын.
Көпті еске салар еді-ау,
Шуылдап бала күнім.
Бара алмай жаныңа дым,
Қозыдай маңырадым.
Аулаңда өткен күнді,
Аулақта сағынамын.
Еңсеңді түсірмеші,
Беу, қара шаңырағым...
Қолдарын ойдан бұлғар,
Пәк күлкі қайран жылдар.
Қайтейін, көз алдымда,
Таспадай айналдыңдар...
Терезе көңіл тұр буланып
Сағындым, жамылдым қалың мұң
Жібермес десек те туладық.
Ішінде қап қойған сағымның,
Терезе көңіл тұр буланып.
Тапсырған барлығын сезімге,
Жүрегім жаралы, жан жамау.
Күттірген келместің өзін де,
Бұл өмір тынымсыз жол қарау.
Бақ пен сор мәңгілік алысқан,
Жүреміз бір жығып, жығылып.
Бір сәуле жылтылдап алыстан,
Кеудеме сыйлайды жылылық.
Мазасыз күй сыйлар адамға,
Бақыттың қайда екен көмбесі.
Сенейік шаттықтың бәрі алда,
Жүрегім жабырқай бермеші.
Уақыт бөл
Бақыт іздеп ерініміз кезерді,
Соңымыздан жақсы, жаман сөз ерді.
Айналаңда жүрген кейбір жандардың,
Жүрегіңде болады екен өз орны.
Өмір мұхит тереңінен жаһұт тер,
Шаттыққа көп, мұңға да сәл батып көр.
Өле-өлгенше анық жалғыз жүрмесің,
Жақын жанның барлығына уақыт бөл.
Ата-анаңнан уайымды жырақ қыл,
Жан-жарың да отырмасын жылап құр.
Дегенше сен мынау нені сұрап тұр,
Балаңның да былдырына құлақ түр.
Ағайынға ала болмас қымбатты ер,
Досыңның да жүрек үнін тыңдап көр.
Әр жерінен біте салар әркімге,
Өмір деген түгесілмес жыр дәптер.
Сындарлы сәт таяп келген күнінде,
Қарсы шығып, дей алмайсың мұның не.
Уақыттың шын қадірін ұғайық,
Уақыт таппай қалмас үшін түбінде.
***
Алға қарай талпындым,
Сан жығылдым, сан тұрдым.
Қиял құсы жеткізбей,
Аласұрдым, алқындым.
Сағым қудым сандалдым,
Барлығына таңғалдым.
Жүйрік жылдар уақытты,
Ұрлағанын аңғардым.
Төніп келсе түндей мұң,
Үміт шоғын үрлеймін.
Өмір-сапар жолда әлі,
Не күтерін білмеймін.
Жан дүнием жайнашы,
Бал күндерді ойлашы.
Жүректегі тұмарың,
Үмітіңді жоймашы.
Қаншама рет сынса да,
Көңіліңнің айнасы.
Келіншегіммен аттас қыз
Сүюге сезім бет бұрсын,
"Аға!" - деп ару шеп құрсын.
Жоғалтып алған кешегі,
Он сегізім боп кеп тұрсың.
Сұлуға дәйім жақтаспыз,
Не зиян одан таппақпыз?
Жарқырап туған ай ма едің,
Келіншегіммен аттас қыз.
Махаббат жұмбақ аралдай,
Жүреміз жолын таба алмай.
Келмейсің бірақ тербейсің,
Жанымды кешкі самалдай.
Алыстау жеңіл желіктен,
Жанымды менің еріткен.
Оралтып алып өткенге,
Қол бұлғап қалдың неліктен?
***
Өзің ең көптен күткен жан самалы,
Келемін сол күндерді аңсап әлі.
Сен мені қолдан келсе ұмыт қалқам,
Біз кешкен сезім бөлек болса дағы.
Тағдырға қарсы кеп кім жеңіп еді,
Табылар бірдеңе ғып көңіл емі.
Сені аңсап әрі-сәрі боп отырған,
Көктемнен өз келбетім көрінеді.
Тоқтамас дүниенің дөңгелеуі,
Сүйгенің рас болса сен де мені.
Ұшыршы жүрегіңнен құс сезімді,
Түсінші, түсіңде де көрме мені.
Ұлықбек Бекұзақұлы
***
Тәңірбергенов Ұлықбек Бекұзақұлы.
1990 жылы дүниеге келген. Қызылорда облысы, Арал ауданының тумасы. Облыстық «Зейнолла оқуларында» 1-орын, Қазалы ауданында Ғ.Мұратбаевтың 105 жылдығына орай өткізілген ақындар мүшәйрасында І-орын, Едіге Кішкенеевті есте қалдыруға арналған ақындар мүшәйрасының жүлделі ІІ-ші орын иегері, облыстық «Ақтан батырға» арналған мүшәйрада І-орын, Республикалық «Ә.Тәжібаевтың – 100 жылдығына» арналған мүшәйрада ынталандыру сыйлығы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 2010 жылғы қатысушысы. 2011 жылы Қазалы ауданында өткен Р.Жанаевты есте қалдыруға арналған аудандық ақындар мүшәйрасында Бас жүлде, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Шиелі ауданында өткен «Азаттықтың ақ таңы» атты облыстық ақындар айтысында жүлделі 3-ші орын, Елордамыз Астана қаласының 13 жылдығына орай Қызылорда облыстық Тіл басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық жас ақындар мүшәйрасында 1-ші орынды, Орал қаласында өткен Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың 110 жылдығына 3-ші орын, Арал қаласында өткен Қарақұм құрылтайына 300 жыл жыр бәйгесінде 1 орын, Қалжан ахунның 150 жылдығында өткен ақындар мүшайрасында Бас жүлде, 2014 жылдың 22 қыркүйегі күні Талдықорған қаласында өткен "Жыр қағаны - Жұматай" атты республикалық жыр бәйгесінде 3 орынды жеңіп алды және және т.б аудандық, облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері.
Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып жүр.
02 қазан 2018 ж. 2 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам