АРАЛАС НЕКЕНІҢ ӘЛЕГІ КӨП
Бала кезімізде №36 деген шай бар еді. Оны халық аралас шай деп атады. Сол аралас шай да жойылып, енді бояма шайлар шықты. Қазір шетелдік азаматтардың етегінен ұстап, еріп кетіп жатқан қыздар туралы естігенде аралас шай ойға орала береді. Өйткені, оларды ел арасында аралас неке деп атайды. Бұл қалыпты жағдайға ұқсап барады.
Ақпарат бойынша еліміздегі орташа есеппен жылына 120 мың жастар шаңырақ көтерсе, оның 30 пайызы аралас неке екен. Біздің қыздармен неке қиғандардың басым бөлігі – Жапония, Корея, Қытай, Франция, Араб елінен келгендер. Ақтөбе, Алматы және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары бар. Жапондықтармен құда болып отырған біздің бір жерлесіміз: «Қызым «Болашақтың» жолдамасымен Америкада оқып, сонда жапон жігітімен танысқан. Соған тұрмысқа шықты. Қазір Жапонияның Токио қаласында тұрып жатыр. Өзім жылына бір рет барып қайтамын. Олар жол-пұлымды көтереді. Құда-құдағиым бар. Барсам, мені асты-үстіме түсіп күтеді. Екі қолын төбелеріне қойып «Ой, бүгін қандай бақытқа бөлеген күн, сәлеметсіз бе?» деп иіле сәлем бергенде, жаныңды ерітіп жібереді. Бір жағынан «не деген жаны жұмсақ жандар» деп таң қаласың. Олар ата-анаға барынша мейіріммен, жылылықпен, шуақпен қарайды. Алдынан кесіп өтпейді. Не істесе де, олармен ақылдасады. Ата-анасы баласына қарызға ақша бермейді. Баласы жұмыс істеп өздері тауып, өз мұқтажын шешуге тырысады. Тәртіп солай. Біздегідей, ата-анадан ақша сұрап алу салт-дәстүрінде жоқ. Балалары ержетсе жұмыс істеп, оқуын оқып, ақша табуды алдарына мақсат етіп қояды екен. Жігіттер үйленбес бұрын алдымен өзін үймен қамтамасыз етуі керек. Осылай өзін баспанамен толық қамтамасыз ете алған шақта барып, отау көтереді. Қызым күйеу бала екеуі бөлек тұрады. Жағдайы жақсы. Алланың бұйыртқаны осы шығар», – дейді жапонмен құдағай болған Мәртен танысым. Дегенмен, оның ішінде бір мұң жатқаны байқалады.
Ақшаны, жақсы өмірді көздеп, шетелге елге кеткен сол ару басқа ұлттың санын арттырып, сол ұлтты көбейтіп отырғанын біле ме екен? Алайда, байлық та, бақыт та баста мәңгі тұрмасы анық. Жалған ақша, жалған бақ бір күні жалт етіп, оның басынан тайып кетпесіне кім кепіл? Шылқыған олигархқа тұрмысқа шығам деп, басына зар болып, шетелден келе алмай, алданып қалған аруларымыз да қаншама?
«Әрине, адамның кімге үйленуі ол өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті Сэм Харисон. Бұл ащы шындық. Осындайда дейміз-ау, қанша сүйдім-күйдім деп үйленгенмен олардың да отбасында ыдыс-аяқ сылдырламайды кім айта алады? Сондайда жаны нәзік қыз байғұс кімге барып мұңын шағып, іштегі шерін қалай тарқатпақ? «Көңілдің кірі айтса кетеді» дейді қазақта. Ал қазақтың қызының іштегі мұңы мен шерін тарқата алмай шерменде күй кешері айдан анық. Ал өз елінде, өз жерінде болса бәрі басқаша болар еді. Ата-ананың, бауырының қолдауы, демеу сөздері жанына нұр құйып, ыстық ықыласқа бөленіп, жаны жасанып қалар еді.
Психолог мамандардың пайымдауынша, шет елге тұрмыс құрып жатқан қыздардың көбі отбасында таршылық көргендер, толық емес отбасынан шыққандар немесе шетелде болған ауқаттылардың қыздары, болмаса шетелде тәлім алған қыздар құрайды екен. Енді осы жерде айта кететін жағдай, бұған отбасы тәрбиесінің қыз санасына жеткізе тәрбие бере алмағаны аңғарылады. Оған тікелей әке мен анасы жауапты. Шетелге тұрмысқа шыққан қыздың баласын бауырыңызға кімнен шыққан жиен еді деп баса аласыз? Бұл – өмірдің жол айрығы. Сол айрықта ащы шындыққа бәрібір көз жеткізесіз. Бәрібір ол баланың өз отаны, өз мекені бар. Өз қаның, өз қазағыңның баласы болса, құшырлана маңдайынан иіскер едіңіз. Аралас неке өмірдің жол айырығында адастырып кетіп жүрмесін.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ