16 ЖАСЫНДА ЕСІМІН АУЫСТЫРҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫН БІЛЕСІЗ БЕ?
Бұл қыздың есімін алғаш естіген кезде кез-келген жан таңғалады. Есімің не мағына білдіреді? Кім қойды? – Семейлік Қырлан Салқынбайға ең жиі жолданатын сауал осы. 16 жасына дейін Мадина болған кейіпкеріміз ерекше есімі жайлы Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
“Мен дүниеге келердің алдында әкемнің әжесі тірі болған. Мафруза деген апа, жасы 90-ға келіп қалған. Сол кісі түс көріп, түсінде аян берген екен. Оянған соң әкеме: – Әулетте екі келіннің аяғы ауыр, біреуі ұл, біреуі қыз болады. Ұлдың атын – Нұрлан, қыздың атын – Қырлан қойыңдар, – деген. Бірақ мен дүниеге келмес бұрын ол кісі қайтыс болып кеткен екен”, – деп еске алады семейлік ару.
Мафруза әжей қыздың атын Қырлан деп қойыңдар деп аманаттағанымен, бұл сөздің мағынасын түсіндіріп үлгермеген көрінеді. Сол себепті Бейбіт және Шолпан Салқынбаевтар 1993 жылы дүниеге келген қызына азан шақырып, Мадина деп ат қояды.
“Әкемдер әжемнің аманатын орындағысы келген, бірақ Қырлан деген есім болмайтын шығар, не мағына беретінін айтпағаннан кейін қоймапты. Әрі Қорлан деген есім қазақта бар. Неге Қырлан деп түсінбей, жастықпен мән бермеген. Әжем қайтыс болған соң, әкемдер жеребе тастап, атымды Мадина деп қояды”, – дейді Қырлан.
Арада жылдар өтеді. Мадина әжесінің аманатынан хабардар болады. Десе де, алғашқыда ол да аса мән бермейді.
“Кейін мен бұл хикаяны естідім. Бір күні көрші ауылда тұратын үлкен кісі: – Негізі есімін әжесінің аманаты бойынша қою керек еді. Үлкендердің сөзін тыңдау керек. Әрі “қыр” деген биік шың, ал “Қырлан” деген “бір қырыңнан көрін, ерекшелен” дегенді білдіреді, – деді. Осындай жақсы мағынасы бар екенін білген соң, жеке куәлік алатын кезде әжемнің аманаты бойынша есімімді Қырлан деп ауыстырдым”, – дейді бойжеткен.
“Мені әлі күнге дейін үйімде Мадина, Мәдөк дейді. Кішкентай іні-сіңлілерім қызық көріп Қырлан деп атайды. Жоғары оқу орнына келгенде атымды үнемі Қорлан деп шатастыратын. Есімімді естігенде бәрі таңғалып, мағынасын сұрайтын. Көбіне ұстаздарым да Қорлан дейтін. Атымды өзгерткелі өмірімде үлкен өзгеріс болған жоқ. Бірақ біреумен танысқан кезде, араласып кеткенге септігін тигізеді екен. Себебі жүрген жерімде ел есіміме қызығушылық танытып, сұрайды”, – дейді Қырлан.
Бүгінде семейлік ару теңін тапқан бақытты келін. Бір үйдің отанасы, бір ұлдың анасы.
Алғаш танысқан кезде болашақ жарының есіміне деген көзқарасын ол былай еске алады:
“Жан-жарыммен алғаш әлеуметтік желі арқылы сөйлестім. Ол кезде мен Қырлан, жақша ішіне Мадина деп жазып қоятынмын. Мағынасын түсіндіріп едім, аса таңғалған жоқ. Әдемі есім екен, бірақ ат ауыстырғаның қызық, деп айтқаны есімде. Ал ата-енем бірқалыпты қабылдады. Көбінесе күйеуімнің туыстары қызығып, сұрайды”, – дейді Қырлан Салқынбай.