ӨЗЕНДЕР ӨРКЕНИЕТІНЕН ӨРІС АЛҒАН...
Шықпайды-ау жағалау естен.
Гүл-дариға,
Есімде еліткен көктем.
Ғажапсың жақұттай неткен,
Сырдария!..
Иә, талай ақын-шайырлардың шабыт дариясына айналған Сыр өзенінің бүгінгі кейпі тіптен ерек. Сылқым арудай сызыла ағып жатқан дария сұлулығы қараған қос жанарды арбап, өзіне одан әрі ынтық ете түседі. Қашан көрсең, биязы мінезімен маңғаздана ағып жатқаны жаныңа жайлы сезім сыйлайды. Тұмса табиғаттың тұнған тамашасы осы дерсің. Көз тоймас сұлулық көңілді түгел жайлап, жан дүниең әсемдік атаулымен тоғысқан кезде рухани сарайың ерекше кемелдене, байи түседі. Бірінің соңынан бірі жүгіре ілескен толқыны да сан-саққа жортқан тынымсыз ойды бір сәтке құрықтап, уақыт шіркін тоқтап қалғандай күй кешесің. Небір сан-саққа ұмтылған мазасыз ойлар да, шалқар шабыттан қалықтап ұшқан талай өлең шумақтары да дәл осы маңда санаңда селт ете қалады. Тіптен, біреуге ренжіп, кіршіксіз көңіл кірлей қалса да, дарияға келіп, мұңын шағып, бір жеңілдеп алатын жандар бар. Себебі, дарияның ұсақ-ұсақ иірімдері бойыңдағы бүкіл реніш, қайғы-наланы жұлып алып, өзімен бірге шексіз тұңғиыққа ала кететіндей. Әйтеуір, жеңілденіп, жайбарақаттанасың. Ал, тұла бойыңды қуаныш сезімі кернеп, төбең көкке бір елі жетпей тұрған кезде де осында келіп, бар жан даусыңмен айқайлай жөнелсең, сенің қуанышыңа бүкіл әлем шаттанғандай әсерде қаласың. "Сыр-дария, ән-дария, жыр-дария" деп әннің өн бойымен өрілуі де сондықтан болса керек.
Бұрын жұпыны тартқан дария жағалау бүгінде қаланың ең көрікті орынның біріне айналған. Осыдан екі жыл бұрын дария бойын жағалай Тәуелсіздік даңғылы ел игіліне берілді. Жол бойында барлық талапқа сай жарық бағаналары, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен арнайы веложолақ та қарастырылған.
Күндізгі қым-қуыт тірліктен шаршаған қала тұрғындары кешқұрым осы дария жағасынан сая табады. Әсіресе, жаздың жайдарлы кешінде баласын жетектеген ата-аналар жағалауға қарай ағылады. Бірі таза ауамен тыныстаса, ал енді бірі бұқаралық спортпен шұғылданып салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алып отыр. Мұнда жылдың 365 күнінде тазалыққа аса мән беріледі. Қыста қардан, жазда қоқыстан мұнтаздай. Қысқасы, төрт мезгілде де көңілге жағымды жайлылық бар.
Ал, Сырдария туралы сөз бола қалса, сол жағалаудан бой көтеріп жатқан болашақтың жасампаз қаласы туралы айтпай өту әсте мүмкін емес. Иә, бұрын аңқасы кеуіп, шаңы әуеге көтеріліп жатқан ми дала көзді ашып-жұмғанша қызу құрылыс алаңына да айналып үлгерді. Енді қызылордалық тұрғындардың да Астана халқы секілді "Сол жағалауда тұрамыз" деп мақтана айтатын күні алыс емес. Әп-сәтте зәулім-зәулім ғимараттар бой көтерді. Иен даланың өн бойына қан жүгірді. Өзеннің арғы бетіне тұмсығын көкке тіреген крандай иіліп жатқан көпір де дария мен шаһар шырайын еселендіре түсті. Жол-көлік байланысын дамытып ғана қоймай, қала көркін қаспеттеп тұр.
Осылайша керіле аққан Сырдарияны жағалай қонған Қызылорда болашақта өзендер өркениетінен өріс алып, алып кемедей кемел келешек ағынын бетке алып тоқтаусыз жүзе берері анық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.