КӨКТЕМ КЕЛДІ, ДҮНИЕ ЖЫР ЖЫРЛАЙДЫ
Көгілдір көктем есігімізден енді. Бұл құбылысты табиғат-Ана жүрегімен сезгендей. Ақпан айының соңғы күндері жылылықтың ерекше лебі есті. Аспан да жылауық қыздай әлсін-әлсін «көз жасын» төгіп-төгіп алады. Ал, жаңбырдан кейінгі тап-таза саумал ауа шуақты көктемнің жұпарын аңқытып, мезгілдің таяп қалғанын ұғындыра түскендей. Дала иісі мұрныңды жарып, жан сарайыңды ашып, кең тыныстай түсесің. Таза ауа жаныңа майдай жағып, тыныстаған сайын қомағайланған адам секілді құмарлана-құшырлана жұтасың.
Иә, әне-міне дегенше біздің өлкеге де көктем келіп жетті. Қаһарлы қыстан төрт көзі түгел шыққан ағайын жеңілденіп, бойында қан жүгіре бастайды. Табиғат та, жан-жануар да түлеп, жаңарады. Тал-терек бүршiк жарып, тоқсан күн тоң болып қатқан қасиеттi қара жер тынысын кенейтті. Алтын күннің нұрлы шуағынан жер-Ананың алпыс екі тамыры түгел иіп, дала төсі жасанған қыздай құлпыра түседі. Сайын өлкенің бояуы қоюлана бастап, айнала әсем күйге енетін шақ. Көгілдір көктемде ауылдағы жайлауға бара қалсаң, нағыз көктем осында ма деп қаласың. Бозторғайдың үніне маңғаз дала манаурап, жасыл шалғынға аунап, еңбектің, жасампаздықтың, табиғаттың жасару мезгілі екенін ұғынасың.
Жанға жайлы нағыз мерекелер де дәл осы көктемнің бастауы іспетті. Әуелі қоғамдағы береке-бірліктің ұйытқысы – алғыс айту күні, одан соң әлемдегі нәзікжандылардың мейрамы, ал сосын Самарқанның көк тасы еритін күн – Әз Наурыз да дәл осы мезгілде тойланады. Наурыз – кербез көктемнің кәусар ауасын жұтқызып, көкте күн мейірлене мейірімін төгетін уақыт. Бұл кезеңді бабаларымыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы деп бағалаған. Ақ кимешек киіп, немерелерін қастарына ерткен әжелер мен тау тұлғалы қариялар, алты қанат киіз үйлер маңында қыз-қыз қайнаған тіршілік, бәрі-бәрі – адам мен табиғаттың үндестігін паш етіп тұрғандай. Халқымыз көктемді жыл басы деп ерекше қадірлеген. Сірә, мынау дөңгеленген тұтас әлем де дәл осы жаймашуақ көктемнің бір күнінде жаралғандай. Алғашқы гүлдің өркендеп бүршік жаруы да – тылсым дүниенің ең бір балғын, ең терең сырын бүккен кіршіксіз құбылыс па дерсің... Расында, бұл мезгіл – бар тіршілік оянатын шақ. «Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу» демекші бұл кезде төрт түлік мал төлдеп, айналаны азан-қазан қызыққа бөлейді. Шаруа адамның тірлігі қызып, тірлігінің тұтқасына айналған малын түгендейді. Ал, дала диқандары кетпен-орақтарын сайлап, жаз бойы жомарт жердің төсін емуге әзірлік жасайды. Адал еңбегіне қарай жылы күздің басында оның жемісін де жеп үлгереді. Ал, сызылып аққан ерке дария бойына қоныс тепкен біздің қалада да көктем иісі байқалады. Көшелер мен жолдар жаңарып, айналаға тазалық жұмыстары басталып кеткен. Көктегі күн көзі де ата-анадай елжіреп, көңілге ерекше бір жайлылық сыйлайды. Алаштың арқалы ақыны Тұманбай Молдағалиев ағамыздың «Көктем келді, дүние жыр жырлайды» деген өлең жолдары бар еді. Сол бір маржан сөз осындайда тіл ұшына орала кетеді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА