АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ АУДҚЫМДЫ ІС
Биылғы Елбасы Жолдауында барлық сала бойынша маңызды шаралар қамтылды. Соның ішінде ауылшаруашылық саласы да назардан тыс қалмады.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру қажеттігіне тоқталды. «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек» деді Елбасы өз Жолдауында.
Тағы айта кетерлігі, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн екендігі баса айтылды. Оған қоса Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттар жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыру міндеттелді.
Соңғы жылдары қаланың ауылшаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып, нәтижесінде егін және мал шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5 млрд. 986 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 103,5 пайызға артты.
Қала бойынша 251 шаруа қожалығының бірігуімен 21 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативі құрылды. Сондай-ақ, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында 4 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 53 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Ал, 32 шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен асыл тұқымды мал саны толықтырды. Сонымен қатар, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қала аумағында тұрақты түрде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп тұрады.
Алдағы уақытта да жаңа Жолдаудағы жауапты міндеттер аясында ауқымды шараларды жүзеге асыру ойымызда бар.
Медет СЕЙІЛОВ,
қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы.