АРБАҒА ТАҢЫЛҒАН ЖІГІТ СҮЙІКТІСІНЕ ЕРЕКШЕ ҰСЫНЫС ЖАСАДЫ
Көлік апатынан соң арбаға таңылған Бақдаулет есімді жігіттің сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасаған видеосы желіде желдей есіп, қазақстандықтардың жүрегін елжіретті. Қиын сәтте жанынан табылып, қолдау көрсеткен ару оған “иә” деп жауап берген. Бақдәулет Әмірханов отадан соң той қамына кірісуді жоспарлап отыр. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне апаттан соң өмірі қаншалықты өзгергенін, шетелде емделуге не кедергі келтіретінін және ұсыныс туралы шешімді қалай қабылдағанын айтып берді.
Бақдәулет пен Құралай бір-бірін 2016 жылдан бері таниды. Жігіт қиналып, дұрыстап сөйлей алмағанда қасынан Құралай табылып, оған қамқоршы болған. Бойжеткеннің бойынан жан-жарын, өмірлік серігін таныған Бақдәулет, ғашығына үйлену туралы ұсыныс жасауды көптен бері ойлап жүрген.
“2016 жылы жай ғана таныстық. Құралайдың сіңлісі Талғарда ҰБТ тапсырған. Мен сол күні дос баламмен бірге емтихан өтіп жатқан жерге барғанмын. Сол кезде Құралайды көріп қалдым. Бір-екі рет қана көрістік. Осы жылдың қайтар айынан бастап қыз-жігіт ретінде жүре бастадық. Дұрыстап сөйлей алмайтынмын. Ол сөйлеуді үйретті. Жалпы, авариядан кейін ары қарай ешнәрсе жоқ деген оймен өмір сүріп келе жаттым. Қай күні дүниеден озатынымды ойлайтынмын. Құралайды кездестіріп, қайтадан өмірге деген сенімім пайда болды. Үйлену жайлы ойланып жүргеніме көп болған. Бірақ өзіме деген сенімім жоқ еді. Қолым кішкене қозғала бастаған соң, осы шешім қабылдадым. Досым барлығын ұйымдастыруға көмектесті. Отадан соң той жасаймыз. Отырып алайын”, — дейді Бақдәулет Әмірханов.
Жігіттің сүйіктісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да “Ғарыштық техника және технология” мамандығы бойынша магистратурада, бірінші курста оқиды. Құралай Зейт жігітінің басқа түскен сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді.
“Махаббат бәрін жеңеді. Біз сенеміз. Бақдаулетті бүкіл қасиеттері үшін жақсы көремін. Әрдайым ол аяғына тұрып кетеді, осының барлығын жеңіп шығады, бұл уақытша деп ойлаймын. Бақдәулетке сенемін, бұл оның қолынан келеді. Әрине, ұсыныс жасайтынын білген жоқпын. Ол маған тосын сый жасады. Екеуміздің ара-қатыснасымызға қарсылық танытқандар жоқ. Бірақ өзіңді де ойла деп айтқандар болды. Не керек, не керек емес екенін өзім білемін. Ата-анаммен сөйлесіп, ақылдасып қойғанбыз. Олар еш қарсы емес”, — дейді бойжеткен.
Бақдәулет Әмірханов қазіргі күні арбаға таңылса да келер күнге деген сенімін жоғалтпаған. Ата-анасы, достары мен сүйіктісінің арқасында ол қайтадан аяғына тұрып кететініне сенімді.
2017 жылы көктем мезгілінің алғашқы айында достарымен бірге бар болғаны қала аралап қайтқысы келген Бақдәулет Әмірханов, сол күннен кейін өмірінің түбегейлі өзгеріп кететінін білген жоқ.
“2017 жылы 15 наурызда достарыммен бірге қалаға қарай шықтық. Сосын сағат 02:30-да, он алтысына қараған түні үйге қайтып келе жатқанда көлігімізбен аварияға түстік. Негізі, балалар темір тұлпарды қатты айдап келе жатқан. Тежеуішті кенет басып қалып, бір көлікпен соқтығыстық. Мойныма зақым келді, жұлыным қысылып қалды”, — дейді ол.
Көлікте төрт адам болған. Жол жөнекей оларға тағы да бір адам қосылды. Бақдәулет артқы орындықта, ортасында отырған екен. Олар аварияға түскенде Әмірханов алдыға қарай аударылып кеткен. Ешкім жедел жәрдем шақыртпаған. Қасында болған достары оны шығарып, такси ұстап, ауруханаға алып барған. Әрине, Бақдәулет Әмірханов денсаулығына қатты зақым келгенін білмеген, бір ұйықтап тұрған соң, барлығы қалпына келеді деп ойлаған.
“Ауруханада алты-жеті ай жаттым. Дәрігерлер дұрыс қараған жоқ. Шамасы мені адам болмайды деп ойлады ғой олар. Қашан өледі дегендей көзқарастарымен қарады маған. Шамамен, мойныма төрт-бес рет ота жасаттық. Шетелге әлі барған жоқпыз. Менің мойнымда сым бар. Өзге мемлекетке бару үшін оны алып тастау керек”, — дейді Бақдәулет Әмірханов.
Алғашқы отадан кейін ол жансақтау бөлімінде жатты. Бақдаулет Әмірханов ауа тапшылығынан қиналды. Сондықтан дәрігерлер оған түтікше арқылы демалсын деп трахеостома жасап берген. Алайда Бақдәулеттің сүйіктісі Құралайдың айтуы бойынша, шетелге барып емделуге осы трахеостама мен сым кедергі келтіруде.
“Біз бірінші кезекте трахеостома мен мойындағы сымды алдырту керекпіз. Дәрігерлер оны алмайынша ешнәрсе айта алмаймыз дейді. МРТ-ға түсіру керек. Ал сыммен тек қана компьютерлік томографиялық кескін жасалады. Одан ешнәрсе көрінбейді екен. Астанадағы республикалық ауруханамен де сөйлестік. Ол жердегілер де сымның мәселесін қозғады. Мүмкін жұлынға бірнәрсе кедергі келтіріп тұрған шығар, сымды алып тастаған соң, не істей алатынымызды көреміз деп айтты. Қазір басқа мемлекеттердің жауабын күтіп отырмыз. Бізге қанша ақша керек екенін айтсын. Сосын барып қана қайырымдылық шараларды ұйымдастырамыз. Қазір бізге Израильден жауап келді. Ота үшін олар 250 мың доллар сұрап жатыр. Бірақ барлығының сәтті болатынына тек 50 пайызға сенімді”, — дейді бойжеткен.
Жастар да, олардың ата-аналары мен достары да Бақдәулет Әмірхановтың тез арада жазылып кететініне күмән келтірмейді.