ҚЫРЫМДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА: КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ БОЛҒАН ЖАЙТТЫ БАЯНДАДЫ
Студенттермен бірге колледж директорының екі орынбасары мен диспетчер қаза тапқан. Керчь қаласының политехникалық колледжіндегі жантүршігерлік оқиғаға куә болған оқытушылардың бірі РИА Новости агенттігіне шабуыл жайында айтып берді.
Агенттікке сұхбат берушінің айтуынша, қылмыскер практикадағы студенттердің колледжге қайтып оралған кезін таңдапты, жыл басынан бері білім алушылардың саны әжептәуір көбейген.
Шабуыл үлкен үзіліс кезінде болды. Қылмыскер асхананы бомбамен жарып жіберген. Сол жерде адам көп жиналады деп әдейі ойластырған сыңайлы.
"Ол кезде балалар түскі ас ішеді: біреулер үйінен алып келсе, басқалары асханаға барып тамақтанады. Дүкенге барып, қайтып келсем, тарс еткен дыбыс шықты. Басында түк түсінбедік, петарда шығар дегенбіз. Бірақ жер-көкті түтін басып, балалардың айғайлаған үні шықты, өрт сөндіру сигнализациясы іске қосылды. Жүгіріп келсем (15-16 жастағы 25 студентім бар), бір қыздың басы айналып отыр, ештеңе көрмейді, екіншісі жарақат алыпты, қансырап жатыр", — дейді оқытушы.
Қылмыскер адамдарға оқ жаудырған кезде, колледж директорының екі орынбасары мен оқу күнтізбесін жасайтын диспетчер қаза тауыпты. Сол күні әйелдің туған күні болған екен. Тағы бір қызметкер әйел екінші қабаттан секіріп, көліктің үстіне құлап аман қалған.
sputniknews.kz