МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬ ТАБЫСТАЛДЫ
Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттау жарасымды жалғасын тауып келеді. Осы аптада бірқатар сала мамандары сондай құрметке ие болды. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәдениет саласының майталмандарына осындай жөн-жоралғы жасады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты. Шара барысында мәдениет, өнер саласының ардагерлері, білікті мамандары мен өнерпаздары мерейтойлық медальге ие болды.
– «Сыр елі – жыр елі» деп аталып кеткен өңір қашанда өнер алаңында ерекшеленіп тұрады. Музыканың көне дәуірден бүгінге дейінгі барлық иірімдері біздің өңірде жақсы сақталған және ол өз заманына сай жаңғырып келеді. Ол жас ұрпақтың зерделі санасына сіңе бастады. Өнер адамдарының мәдениеттегі осындай зор еңбектері ешқашан ескерусіз қалмайды, – деді қала әкімі.
Мерекелік медаль 70-ке жуық сала мамандарына берілді. Салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев алғыс білдірді.
Одан кейін мұндай марапат денсаулық сақтау саласы мамандарына көрсетілді. Қала әкімі өзінің құттықтау сөзінде денсаулық саласындағы жетістіктердің жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті.
Медицина саласының ардагері Асылбек Тоғызбаев өз әріптестері атынан жасалған құрметке зор алғысын білдірді.
– Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында тоқтаған жүректер қайта соқты. Сол үшін дәрігерлерге қандай құрмет көрсетілсе де лайық, – деді қала әкімі жиын соңыңда.
Қаламызда бизнес әлеуетін арттыруға барынша қолйлы жағдай жасалып келеді. Осыған орай, алдағы үш жыл кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды. Облыс бойынша жұмыс жасап тұрған кәсіпкердіктің 49 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде екен.
Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесіне орай 60-тан аса кәсіпкер мерейтойлық медальмен марапатталды.
– Қызылордалық кәсіпкерлер өз қаржысына Сыр өңірін көркейту жолына жұмсауда. Осы азаматтардың қолдауымен жаңа демалыс орындары, парк, сквер бой көтерді. Тіпті, Сырдарияның сол жағасындағы жаңа тұрғын үйлердің біразы осы кәсіпкерлер қолдауымен бой түзеп келеді. Қай кезде де туған жердің өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.