Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КІТАП ШЫҒАРУ БИЗНЕС КӨЗІ МЕ?

КІТАП ШЫҒАРУ БИЗНЕС КӨЗІ МЕ?

   Бір кіндіктен тарамасақ та, аталас жақтан етжақын ағамыздың үйіне жиі барып тұрамын. Кезінде қызмет жасаған, көп оқыған, парасатты кісі. Үстел үстінде бір шыны аяқ шәй ішіп отырып-ақ біраз дүниенің басын қайырып, тұщымды ойларын әңгімелей отырады. Өзі агроном болғанымен, әдебиет, тарих, тіпті алгебрадан да хабары бар. Қарап отырып, жан-жақтылығына таңғаламын.  
Әңгімелеп отырған дүниесі туралы "Ана кітапта былай делінген, пәленшенің кітабында олай делінген" деп құдды бір студенттерге дәріс беріп тұрғандай салыстыра жеткізіп отырғаны. Оның бұл білімдарлығын жата-жастана кітап оқығанынан деп білуші едім. Себебі, іші кітап пен газет-журналдарға иін тірескен қоңыр сөре үйіндегі жұмыс бөлмесінің толайым бір қабырғасын алып тұр. Аса ұқыптылықпен бір жағына көркем әдебиеттер, екінші бетіне салалық зерттеу еңбектері, енді бір жеріне студент кезде жиғандары, одан қалды соңғы сөреде көңілжықпас жақындары тарту еткен кітаптар орналасқан. Соңғысын байқап қарасам, ондағы авторлардың бірі 50 жылдық мерейтойына, бірі зейнет жасына шыққанда естелік ретінде жазған туындысы, ал үшіншісі ата-бабасына ас берген сәтті кітап етіп жарыққа шығарыпты. Тек мұқабасы қалың демесеңіз, одан тәлім алатын дүниені табу қиын. Яғни, аты – кітап. Бірақ, дизайнына көп күш жұмсағаны көрініп-ақ тұр. Сондай бір дүниені қолыма алып, ерінбей парақтап шықтым. Әуелі, соңғы бетін ашып, таралым санын қарадым. Бір емес, бірнешеуі ары кетсе 200-250 бет көлемінде ғана жарық көріпті. Оның жартысын автор отбасылық суреттер мен той-жиындарда бас қосқан жора-жолдастарының фотоларымен толтырыпты. Одан соң қалай ержеткені, қайда оқығаны, кімдермен сыйласқаны түгел тәтпіштеліп жазылыпты. Сонымен кітап тәмәм.                 
         Мақұл дейік. Бойда жазушылық талант болса, өміріндегі елеулі сәтті неге қағаз бетіне түсірмеске? Кітап жазып шығарардай күшің, абыройың, ақшаң болса, бүгінде автор, жазушы атана салу бір-ақ сәтке айналып кеткені қашан. Осындай ұстаныммен жүрген біраз адамның шимайы қазіргі таңда табақтай кітап болып шығып та үлгерді. Тіпті, қазақ шоу бизнесінің белсенді өкілі Баян Алагөзованың "мемуар" еңбегі жарық көргенін естігенде оқырман көпшілік бір-бірінен таңданысын жасырмағаны белгілі. "Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін" десті. Бұл туынды 20 мың тиражбен таралыпты. Міне, қызық! Сонда бұл сұраныс па, әлде, "Қолдан келсе, қонышыңнан бастың кері ме?"                                                
                                                              "Әдебиет деген – дерт. Бойында таланты бар адам жазбай тұра алмайды. Оның кітап болып шығу-шықпауы екінші мәселе. Ал, жаппай кітап жазғыштар, соңғы кездегі кітапсымақтар ағайындарына, туыс-туғандарына «мен де кітап жазамын, кітабым бар» деген қазақы мақтану үшін ғана шығарып жүр. Олардың көпшілігін, белгілі я белгісіз журналистер мен қаламгерлер тиын табу үшін жазып береді. Оны әдебиет деп санау ұят!"... Бұл аталмыш тақырып төңірегінде ақын Болат Үсенбаевтың айтқан пікірі.            Шындығында да солай ғой. Қазір мерейтойларда отбасылық кітаптардың келген қонақтарға тойтабақ ретінде үлестірілуі сәнге айналып кеткендей. Әсіресе, 70-80 жылдық немесе алтын тойларда үйге міндетті түрде бір-бір кітапты құшақтап қайтарың анық. Оның кейбірінің тіпті беті ашылмастан қалып кететіні бар. Сосын ол да сөредегі өзі мазмұндас туындылардың қатарына барып жайғасады.
         Бұрын ше? Аға буын өкілдерінің айтуынша, Кеңес үкіметі тұсында поэзия кітабы 30 мың, проза 60 мың, тіпті «Көшпенділер» 100 мың данамен шыққан. Кітапхана аралап жүріп, бұл санның растығына өзіміздің де көзіміз жетті. Ол уақытта «Жазушы», «Қайнар», «Қазақстан», «Мектеп» сынды бар-жоғы бес-алты баспа қызмет жасаса да, есесіне електен өткен сапалы дүниелер басылып шығушы еді. Ал, бүгінде не көп, жеке баспахана көп, кітап та, автор да көп,                                                                                                 Белгілі драматург Исраил Сапарбай бір сұқбатында бұл жағдайға салқынқандылықпен қарайтынын жеткізіпті. "Кеңес өкіметі кезінде кітаптар ең аз дегенде 10 мың данамен шығатын. Қазір ше? Мысалы менің үйімде 500-1000-нан кітаптарым бар. Оларды мен сатпаймын, сыйлаймын. Егер біреудің тойы немесе мереке болып жатса, шапан жабудың орнына соны беремін. Себебі мен үшін кітабым ең қымбат дүние. Қазір сатамын десең де, алушылар жоқ, ешкім кітап оқымайды" деген ол аталмыш дүниенің бағасы қазір тым төмендеп кеткенін айтады. 
         Ал, аталмыш тақырып төңірегінде белгілі ақын, түркітанушы Серікбай Қосан бұл мәселенің бірнеше себеп-салдарын тереңнен тәпсірлеп берген еді.     – Бұл күнде баспахана ашып, оны кәсіп көзіне айналдырып отырғандар  көп. Кейбіреулер үйінен де ашып алып, баспаханаға тапсырыс беру арқылы клиентпен екі ортаға делдалдық жасап ақша табады. Алайда, кітап шығарып сатып, одан көп пайда тауып, байып жатқан кісі аз. Біріншіден, елімізде кітап саудасы дұрыс жолға қойылмаған. Екіншіден, қазір түрлі ақпарат сайттары, әлеуметтік желілер мен электронды ашық кітапханалардың кеңінен таралуы баспа өнімдеріне, оның ішінде кітапқа ғана емес, газет-журналдарға деген оқырман сұранысын тым төмендетіп жіберді. Үшіншіден, Қазақстанда пайда табатын баспалар негізінен, ірі корпорациялардың иелігінде екендігі жасырын емес. Яғни, баспа өнімдерін шығаратын мекемелер монополиялық жүйеге баяғыдан тәуелді. Олар мемлекеттен тапсырыс алу арқылы миллиондаған тиражбен таралатын жүздеген оқулықтар мен оқу құралдарын шығару арқылы шаш-етектен пайда тауып отыр, – деген ол бұл пәтуәсіз дүние дәл осы бағытпен әрі қарай жалғаса берсе, ұлт руханияты үшін тигізер зардаптарын да атап өтті. – Елімізде кітап шығару мәдениетінің деңгейі мәз емес. Жеке баспалар күнкөріс үшін арзанқол газет-журналдар, мазмұны күмәнді, бірақ беті қалың конференция жинақтарын, қала берді елге онша еңбегі сіңбеген әр түрлі мерейтой иелерінің автобиографиялық сипаттағы іш пыстыратын "еңбектерін" жарыққа шығарып жатады. Халыққа берер өнегесі де жоқ. Бұл оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын азайтуға септігін тигізер теріс әсердің бірі. Әдетте, ондай кітаптардың мәтіндерін кімнің жазып беретіні бізге бесенеден белгілі. Ал, өздері аяқасты жазушыға айналып кететін мерейтой иелерінің туындыларын оқи қалсаңыз, тілдік, стильдік және емлелік қателерден көз сүрінеді, – дейді ол.                           
                                 Университет қабырғасында жүргенімізде бір ұстазымыз "Қазір біздің жазушылар «Қоғамға әдебиет керек пе, қалай руханиятқа үлес қосам деп емес, қайтсем кітабымды өткізем, қайтсем кітабымнан пайда табам» деп ойлайды» дегенде бүкіл аудитория ду күлгеніміз бар. Сөйтсек, бұл сөздің де астарында талай мағына бүркеніп жатыр екен. Расында, аз ғана тиражбен жарық көрген әлгі сарындағы кітаптың негізгі "тұтынушылары" – студенттер.
         Өкінішке орай, біздегі кітап саудасы нарығының ахуалы осындай. Жәй ғана тауар емес, рухани өнімді дәл осылай жеке бас пайдасы үшін бұрмалау бізді әрдайым ойландырады.
                                                                  Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
20 қазан 2018 ж. 1 406 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам