ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ТӘЛІМІ БӨЛЕК
Өркениетті қоғамды дамытудың ең бірінші қозғаушы күші – білім. Оның негізі мектеп қабырғасында қаланады. Жас өренді білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге дайындайды. Екі ғасыр уақытта шежіресі тасқа басылған туған қаламызда аталмыш саланың қазығы ертерек қағылды. Бүгінде облыс орталығындағы бірқатар білім ошақтарының тарихы жүз жылға жуық. Солардың бірі – Жамбыл атындағы №120 орта мектеп. Алтын ұя кешегінің келбетін естен шығармай, бүгінгінің бағытын ұстанып, болашаққа нық қадам басып келеді. 80 жыл уақыт ішінде оны сандаған түлектер бітіріп шықты. Олар қазіргі таңда өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде. Білім мен тәрбиені қатар ұштаған тағылым орнында түлектер көңіл түкпірінен өшірмейтін талай өнегелі істер бар.
Әрбір білім ордасының жүріп өткен жолы – тұнып тұрған тарих. Аталған мектептің іргетасы 1937 жылы қаланған. Сол жылы білім ошағына алғашқы 140 оқушы 6 сынып комплектісі ретінде сауаттарын ашуға келеді. Жыл сайын оқушыларқатары артып, сол кезеңнің ең таңдаулы, үлгілі білім ошағына айналды. Сұрапыл соғыс жылдарының қиындығына қарамастан жыл сайын 300-ге жуық балалар осы ғибратты шаңырақта тәлім алды.
Соғыстан кейін жеті жылдық мектеп болып құрылып, 1967 жылға дейін солай аталды. Осы жылы алғаш рет орта мектептің бірінші түлектері қанат қақты.1960 жылы мектеп №411 орта мектеп ретінде қайта нөмірленді. Ал 1989 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Жамбыл атындағы №120 орта мектеп болып аталды.
Тарих парақтарын зерделесек, оқу ордасын әр кезеңде басқарған Николай Муров, Клавдия Глаголева, Жұмакүл Ыдырысова, Қалтай Оразбеков сияқты басшылар есімдері бұл күнде ұрпақ жадында жаңғырып тұр деп айта аламыз. Олар мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және оқу – тәрбие үрдісін жаңартуға өз күштерін салды.
– Құшағынан сан мыңдаған шәкірттер түлеткен біздің мектебіміз биыл 80 жылдығын атап өтті. Білім ошағында қазіргі кезде жаңартылған бағдарламалар бойынша сабақтар өткізілуде. Білім беру барлық деңгейде өтеді. Шығармашылық ізденісті жетілдіру арқылы саланың сапасын арттыруға мүмкіндік зор. Талай талантты шәкіртке тәлім берген мектептің ұстаздар қауымы әрдайым ізденіс үстінде. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру маңызды міндет екені баршаға мәлім. Осы орайда мектеп мұғалімдерінің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Нарық заманында білім алудың ауадай қажеттігін оқушылар да жыл өткен сайын жан-жақты, терең, жете түсініп келеді. Жақында ғана Халыққа арналған Елбасының Жолдауы бұл мамандық иелеріне жауапкершілікті жүктеді. Онда қиын да құрметті жұмыста сапаға жетуді биік мақсат тұтқан. Осы бағытта аянбай тер төгетін боламыз, – дейді мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлбану Имамзадаева.
Қазіргі уақытта бұл мектепте 507 оқушы білім нәрімен сусындап жүр. Олардың ішінде білім ордасының мерейін үстем етіп, мақтанышына айналғандар жетерлік. Мәселен, Нарқыз Көккөз, Гаухар Мырзакелді, Гүлдана Қазбек секілді өрендер психологиядан қашықтық олимпиадасына қатысып, сертификаттармен марапатталған. Білім ошағында сауатын ашып жүрген өрендерге барлық жағдай жасалған. Мұнда салауатты спорт залы мен оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін асхана жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ, психологиялық қызмет орталығы жұмыс атқарады. Мектеп психологтары білім алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік жағдай жасау және білім беру үдерісінде оларға қолдау көрсету бағыттары бойынша қызметтерін атқаруда.
«Мектептің жүрегі – үйрете де, оқыта да білетін мұғалім» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, оқушылардың жүрегінен орын алып, биік шыңнан көріну жолында еңбек етуде. Бүгінде білім ордасында 72 мұғалім жұмыс жасайды. Оның ішінде жоғары санатты – 36, бірінші санатты – 20, екінші санатты – 27. Биылғы жылы педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесіне көшуде мектептен Салтанат Тәңірбергенова, Нурила Ысқақовалар зерттеуші-педагог санатын алды. Ұстаз жолы – ұлы жол. Қиыны мен қызығы мол осы жолда талай жылғы еселі еңбегі еленгендер жетерлік. Мәселен, Білім министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталып, Республиканың оқу ісінің үздігі атанған мұғалімдер бар. Сонымен қатар, «Ұлағатты ұстаз» атты І Республикалық оқытушылар конкурсында «Презентациялар және олардың білім беру процесіндегі рөлі» тақырыбында қашықтықтан қатысып Сәуле Жаңбыршиева І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2015-2016 жылдар ұстаздар қауымы үшін жемісті жыл болды. Сол жылдары «Үздік химик – 2015» мұғалімдер арасындағы байқауда Сәуле Сейтімова «Алғыс хатпен» және «Үздік математик – 2015» байқауында Рыскүл Бердіқұлова ІІ орын иеленгені үшін марапатталды. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде мектептің педагогикалық ұжымы көптеген жетістіктерге жетуде.
– Жаңартылған білім мазмұны арнайы кестеге сәйкес кезең-кезеңмен енгізілуде. 2016 жылы –1-сынып, 2017 жылы – 2,5,7 сыныптар, 2018 жылы – 3,6,8,10-сыныптар енгізілсе, 2019 жылы – 4,9,11,12-сыныптар көшеді деп жоспарланған. Яғни, 2020 жылға қарай 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады. Осыған орай мектебімізде «Жаңартылған білім беру; теориядан тәжірибеге» атты аймақтық семинар ұйымдастырылды. Семинардың мақсаты – мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, педагогикалық тәжірибесін шыңдау және кәсіби құзіреттілігін жаңартылған білім беру жүйесі аясында жетілдіру болып табылады. Яғни,білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізіледі. Сонымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Негізінен жаңартылған жүйе құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама болып есептеледі. Оның маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау. Біз осы үдеден шығып, жаңа жүйе негізінде оқушыларға білім нәрін құюды мақсат еттік, – дейді мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлбану Имамзадаева.
Бүгінгі таңда аталмыш оқу ошағы сапалы білім беретін, іргелі орынға айналған. Шәкірттері ілгері ұмтылып, сайыстардың жүлдегері атанып жүрген мектептің келешегі кемел болары анық.
Қарашаңырақ осылайша ұрпақ бойына білім нәрін сіңіруде. Түрлі қиындықтардан өтсе де әлі күнге дейін өз ұстанымын сақтап келеді. 80 жыл уақыт аралығында талай толағай табыстарға жетті. Шәкірттеріне тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытты.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.