Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚАМЫ

ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚАМЫ

    «Жемқорлыққа жол жоқ!»... Дәл осылай ұрандатып, қоғамды дендеген дертпен белсенді күрес жүргізіп жатырмыз деп айтқанымызбен, әлі күнге дейін оның түп-тамырына біржола балта шаба алмай келеміз. Әрине, тек біздің елде ғана емес, күллі дүниежүзін толғантқан бұл күрмеулі мәселенің түйінін тарқатып, жазып жіберу қолда тұрған оңай тірліктің бірі деуден әсте аулақпыз. Десе де, өркениет салтанат құрған бүгінде мемлекетіміздің қалыпты дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтіріп отырған бұл келеңсіздіктен арылу – қазіргі қоғам алдындағы басты міндетке айналды.
         Оған қалай душар болдық? Өзіміз бүлдіріп, артынша тұтылып әрі-сәрі күйге түстік. Сосын "Жемқорлықсыз болашаққа!" деп атой салып, елдің бекем болашағы үшін нағыз күрескер жанның рөліне ендік. Сөйтіп жүріп, ақырында өз құйрығын өзі тістеп, соңында өлермен күйде қансырап жататын құтырған иттің кейпін кештік. Айналып келгенде қара бас құлқынның қамына жем болдық. Ащы да болса, шындық осы. Расында, сананы тұрмыс билеген замандақайырымсыз қоғамның өзегі – әлгі біз әңгімелеп отырған қутақым тірліктегі құлқынның қамында болып тұр ғой. Қанағат жоқ. Қылғыта берсек, қылғыта берсек. Түйені түгімен, биені жүгімен, бүйіні уымен жұтуға бармыз. «Береген қолым – алаған» деп біреуден жырғанды мол олжа санаймыз. Біздегі осындай тайыз түсініктен талай мәрте тепкі көріп жатсақ та, дүниеқоңыздықтан көзіміз тояр емес. "Бес-он тиын болса да, нем кетеді?" деген парықсыз ой санамызда бекіп қалған.
         Ақыр соңында бұл қағанатсыздық бізді қандай күйге жеткізді? Жемқорлықпен күресті қайдан, қалай бастағанымыз жөн? деп өзіміз құрған тұзақтан құтылып шығуға тағы да өзіміз бас қатырдық. Бай болған сайын байи түссем деп жанталастық. Ол үшін ар-намысынан баз кешетіндер де біздің қоғамда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері сана уланды. Бір сөзбен айтқанда, қызыл түлкінің құйрығындай бұлғаңдаған қу дүниенің құлына айналды. Ал, жемқорлықтың да бастау алары дәл осы жерден. Бұл қағиданың көбесі сөгілмей, қоғамдағы сыбайластықты жоя алмайтынымызды бір адамдай-ақ ұғынсақ та, өкінішке орай, бұл қателікті қайталайтын жандар тыйылмай отыр. Ал, онымен белсенді күресті байлықты басты құндылық деп адасып жүрген осындай азаматтардың түсінігіне төңкеріс жасаудан бастау керек сыңайлы. Өйткені, рухани тұрғыдан бай адам, екі ортаға дел-дал болып, лас істерден жанын таза ұстайтыны белгілі. Жалпы, жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдарынан туындап отыр. Сондықтан, халықтың жүрегіне рухани ізгіліктің нұрын сіңіріп, бойына адамгершілік пен адалдықтың алтын дәнегін егіп, мейіріммен суарудың пайдасы қашанда көл-көсір.
          Бір қызығы, осы уақытқа дейін жемқорлықпен күрестің сан мың әдісін қолданып келсек те, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Әлде "Ит қорыған жерге өш" дегеннің кері ме, әйтеуір, сыбайластықпен күресті үдете түсіп, құқықбұзушыларға тиісті шара қолданған сайын тағы да шалыс басып, жазаланушылардың саны азаяр емес. Мәселен, аталмыш бағыттағы заңсыз деректермен ұсталған азаматтарды қызметінен аластап, ол лауазымнан біржола қол үзетін тәсілдерді қолдандық, айыппұл салдық, соттадық, заң алдында жауапгершілікті талап етіп, түрмеге айдадық. Ал, қоғамды осындай кесапатты бір адамнан тазартқанмен, оның орнына келген екінші біреу де дәл сол қателікті қайталап, тыңнан қулық ойластырмасына кім кепіл? Адамнан айла асқан ба? "Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас" деп қызметін асыра пайдаланып, шекесі шылқып өмір сүріп жүргендер де бар ғой. Десе де, сыбайластықпен күрес нәтижесі қу шөппен ауыз сүртерліктей деп біржақты жоққа шығара алмайтынымыз да анық. Себебі, жүргізіліп жатқан тұрақты тексеру, талап пен тәртіп бар жерде өз кезегімен әділ заңның үстемдік орнататыны сөзсіз.
         Ал, аталмыш мәселені қаузай түскенде бармақ басты, көз қыстылық әрекетке баратындардың қатарында соңғы жылдары, әсіресе, әйелдер қауымының үлес салмағы ұлғайып бара жатқандығын аңғарамыз. "Пәтер алып беремін", "Жұмысқа тұрғызуға көмектесемін" деп екі арада делдал болып, ақша жымқырып, соңында табанын жалтыратқан қыз-келіншектердің талай жанның аузын айға қаратып кеткенін естіп, жаға ұстағанымыз рас. Өкінішке орай, осылайша қиюы келіскен жалған жарнамаға имандай сеніп, сан соғып қалған тұрғындар жетіп артылады. Тұрмыстың жұтаңдығы ма, әлде, ауырдың үсті, жеңілдің астымен нан табуға дағдыланған ба, ол жағы біз үшін беймәлім. Әйтеуір, осы мәндес алаяқ түрлері белең алып кетті. Сонда қайтпек керек? Болашақта келер ұрпақ жемқорлыққа жирене қарауы үшін біз қандай батыл қадамдар жасауымыз шарт? Бұл сауалдың салмағы сіз бен біз ойлағаннан да тым ауыр. Ал, адам жанын тоздырып, қоғамды аздыратын бұл бассыздықты түбегейлі ауыздықтап, келешекке селқостық танытпай, ізгілікке үндей түсу – бәрімізге жүктелген ортақ міндет. Сөз қадірін кие тұтқан халқымыз "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демеп пе еді? Ендеше, сол өзара ауызбірліктің сыналар сәті келген сыңайлы...  
                                                             Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.  
                                                
01 қараша 2018 ж. 1 201 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 447 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам