Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҰСТАЗЫҢДЫ ҰЛЫҚТА

ҰСТАЗЫҢДЫ ҰЛЫҚТА

   Мектептен келе сала сөмкесін лақтырған Әлинұр үйдің табалдырығынан аттамай жатып, бұлқан-талқан болды.
         – Мектебі құрысын! Енді бармаймын! – деді жыламсырап. Биыл 3 сыныпқа өткен Әлинұрдың осылай қиғылықты салып жүргеніне біраз болды. Таңертен де мектепке жетуі қиын. Күнде бір сылтау айтып келетін ұлына әкесі – Ермек бәйек болып әлек.
          – Не болды, балам? Апайың бірдеңе деді ме? Ұрды ма? Ұрысты ма? – деп сұрақтың астына алып жатыр. Бұртиып теріс қарап жатқан ұлынан оңды жауап ала алмаған ол біраздан соң тағы да былай деді: – Мұғалімің ұрысса, айт, өзім барып сөйлесемін, – деді тауып ақыл айтқандай.
         Мұны естіген Әлинұр сөзін сөйлеген әкесіне қомпаңдап, жымың-жымың ете қалды. Ертесіне ұлы тағы осылай оралды. Баласының оқуға деген мүлдем ынтасы жоқ екенін ұстазынан көрген Ермек ұлын жетектеп мектептен бір-ақ шықты. "Баланы кішкентайынан сөзін сөйлеп, жаман үйретпе" деген әйелінің бір ауыз ақылын да көзге ілген жоқ.
          – Сізге келдім. Әлинұрдың мектепке барғанына осымен үшінші жыл. Үйренетін түрі жоқ. Қашып шыққандай үйге жылап келеді. Ұрып, қорқытып үйретесіздер ме, не істейсіздер осы? Апай десе төбе шашы тік тұрады, – деді зейнет жасына жақындап қалған мұғалимаға. Басқа сыныптың оқытушысы ауырып қалып, орнына сабақ жүргізіп тұрған Әлинұрдың апайы оқу бөлмесіне баса-көктеп келген Ермектің әрекетіне әуелі абдырап қалғаны рас. Оқушылар алдында бірақ ыңғайсызданған апайдың "Сабыр етіңіз!" дегені сол еді, Ермек қайтадан шабалаңдап: – Ақылыңыз өзіңізге. Оқушыға тәлім беруге жүйкеңіз сыр беріп жүрсе, айтыңыз. Баламның мінез-құлқын бейімдеп, білім беретін басқа мектепке ауыстырып аламын. Қолыңызды сілтеп, баламды жасқаншақ етпеңіз, – деді ол ашу үстінде. Мұғалімнің оқушы алдындағы беделін де ойламаған Ермек осылайша ұлының көзінше апайын жерден алып, жерге салды. Ал, Әлинұр болса, дегеніне жеткендей мәз. Бала ғой, қайдан білсін?
         – Айналайын, Ермек! Осы салада келе жатқаныма 25 жылдан асты. Қай баланы қалай оқыту керектігі маған етене таныс, 45 минутқа жететін өрем де, тәжірибем де бар. Мұнда келіп, шәкірттердің алдында шу шығарғаныңызға жол болсын. Ақталғаным емес, Әлинұрға бұған дейін қол көтеріп, сабақ оқытқан емеспін. Себебі, одан бала үздік болып кетпейтінін мен жақсы білемін. Тек арасында ширата түсейін деп аздап талап ететінім рас. Бұл баланың өзіне жақсы. Оқуға деген талпынысы артып, жауапкершілікті сезінеді. Ал, Әлинұрдың қиқалаңдап жүргені мұның жасындағы барлық балада кездеседі. Еркіндікке үйреніп, ойнап қалған бала партада бір орында отырғысы келмейді. Әлі-ақ бұл әдетінен арылады. Керісінше, сіз ұлыңызды бұлай кері бағытқа бұрмаңыз. Мені оқушы алдында құбыжық етіп көрсетудің қажеті жоқ. Осындай әрекеттен соң оның мұғалімге деген құрметі төмендейді, – деді ұстазға тән ұлағаттық танытып.
         Өкініштісі, біздің қоғамда ұстазға деген осындай көзқарас кездесіп қалады. Кей ата-аналардың қызбалыққа салынып, бала алдында оқытушысына дөрекі сөйлейтіні бар. Жасыратыны жоқ, мектеп оқушысы мұғалімнің үстінен арыз жазыпты десе, қазір селт етпейтін де болдық. Бұл жәйттер жиі қайталанады. Ол тіпті қалыпты нәрсеге айналғандай. Әлеуметтік желіде апайының артынан теуіп, келеке еткен бейнежазбалрдың неше түрі де таралды.
         Мұны көрген көпшіліктің бірі оқушымен тіл табыса алмауы – мұғалімнің тәжірибесіздігі десе, енді бірі бүгінгі балалардың арызқой болғандығын сөз етті. Десе де, осы тұста бір түйткілдің бары анық.
          – Бұрын біз мектепке барғанда, әсіресе, әкелеріміз мұғалімге "Сүйегі менікі, еті сенікі" деп тапсыратын. Сондағысы ұр, тоқпақта, әйтеуір адам ет дегені ғой. Сол кездері мұғалімнен білместігіміздің кесірінен қанша таяқ жеп келгенде, үйдегі ата-анамыз ләм-мим демейтін. Керісінше, үйдегілердің дегенін орындамай жатсақ, "Ағайыңа айтамын!", "Ағайың келе жатыр!"деп қорқытатын. Біз осылайша олардан сескеніп өстік. Содан болар, олардың тапсырмасын бұлжытпай орындап, ерекше құрмет тұттық. Оның айтқаны біз үшін құдды бір өзгертуге болмайтын заңдылық сынды қабылдайтынбыз. Біздің замандағы ұстазға деген көзқарас осылай қалыптасты. Десе де, кей психолог ғалымдар қазіргі оқушылардың мұғалімдерімен санасып, пікір таластыруын жақсылыққа балап, онсызда күйіп тұрған мәселеге май құйып әлек. Өткенде теледидарда осы тақырып төңірегінде өрбіген әңгімеде бір психолог: "Оқушылардың ұстазының үстінен арыз түсіргеніне мүмкін қуану керек шығар. Өйткені, олар өздерінің жеке тұлға екенін сезініп, өздеріне деген тиімді қарым-қатынасты, ізеттілікті талап етуде" деп пікір білдіріп жатыр. Ал, сіздіңше, осы дұрыс па? Әрине, біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен, заңға жүгінеміз деп, ықылым күннен бойға сіңген үлкенге құрмет деген ұлттық болмыстан жұрдай болып қалуымыз бек мүмкін ғой. Мұны естіген баланың ойы сан-саққа бұзылатыны анық қой, – дейді Фариза Смағұлова есімді қала тұрғыны.
         Бірақ, бұл жерде мұғалімді сүттен ақ, суда таза етіп ақтап алудан аулақпыз. Рас, оқушыға айғайлағанын естісең, төбе шашың тік тұратын мұғалімдер әлі де бар. Ол өз шәкіртінің жеке тұлға, оның да өзіндік құқықтары бар екенін білмей жатса, неге мәселені заңмен шешпеске дейміз. Онсыз да білікті заманның еті тірі балалары құзырлы орындарға жүгініп, өзінің психологиялық тұрғыда өскенін байқатуда. Шәкіртіне қол көтеруге оқытушыға кім рұқсат берді? Олардың да сөзінің жаны бар. Осы тұста айта кететін жәйт, мұғалім жолдастар кейде шынымен бала психологиясын көлеңкеде қалдырып жатады. Бұл – шындық. Әлі де толық жетіліп, пісіп үлгермеген өрендерге психологиялық соққы жасау, өз достарының көзінше ұрысу – олар үшін қорлық көргенмен тең. Өтпелі кезеңде олардың көңіл-күйі құбылмалы келетіні және бар. Тез бұзылады, лезде ашуланады. Сондай сәтте мұғалім ұрысса, қол көтерсе, жағдай одан әрі ушығып кетуі мүмкін ғой. Нәтижесінде баланы тәрбиелеуге бүгінгі мұғалімдердің біліктілігі жетіспейді деген түсінік қалыптасады. Осыдан барып қоғамда ұстаз беделі төмендейді. Ал, ұстаз деген зерделі жан осындай кезде өз ұлағатын тиімді пайдалана білуі тиіс. Олар ең алдымен оқушыны бала деп қабылдауы қажет. Қандай да бір бұзақылық жасаса да, оқыс мінез көрсетсе де, оған әуелі бала ғой деп қарауы шарт. Иә, сіз бен біз ойлағандай, жоғары білімі, оқу ісінде сан жылдық тәжірибесі бар саналы маман неге баланың деңгейіне түсіп, онымен сөз таластырып, ұрыс-керіске баруы керек? Демек, ұрыспай-ақ, оқушыны өзінің үлгілі істерімен тәрбиелегені ләзім. Кез келген сауатты ұстаз оқушымен арадағы қарым-қатынасын осылай үлкен көрегендікпен жолға қойып отырса ғана қоғамда да, ұжымда да, сыныпта да беделі еселене түсері сөзсіз. Ұстаз бен шәкірт арасындағы әдемі сыйластықтың сыры да осында жатыр емес пе?
                                                            Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
06 қараша 2018 ж. 1 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам