“БАСПАНА ХИТ” БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ҚАЛАЙ ПӘТЕР АЛУҒА БОЛАДЫ?
«Баспана Хит» бағдарламасы шынымен де хитке айналды. «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ мәліметінше, ұйымның колл-орталығына күн сайын жүздеген қоңырау түседі екен. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жолданып жатқан сауалдар саны да есепсіз, деп жазады Stan.kz.
«Баспана Хит» бағдарламасы бойынша қазақстандықтарды қызықтыратын сұрақтар туралы білген ипотекалық ұйымның басшысы Қайрат Алтынбеков азаматтарға ипотекалық бағдарламаны таңдау барысында көмекке келетін 3 тезиске бар ойын сиғызды.
Алтынбековтың пікірінше, жаңа да, ескі үй де иеленуге жарайды.
«Баспана Хит» жаңадан салынған үйді де, қолданыста болған, бұрын салынған үйді де иеленуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, егер сіз пәтерді жаңа салынған үйлер нарығынан сатып алғыңыз келсе және басыңызда тіркелген үй болмаса 7-20-25 бағдарламасына назар аударуға кеңес берер едім. Ал атыңызда үй болса, онда сіз 7-20-25-ке қатыса алмайсыз. «Баспана Хит» бағдарламасында мұндай шарт жоқ, меншігіңізде пәтер бола тұра жаңа үйге де, бұрын салынған тұрғын үйге де ипотека алуға болады. «Баспана Хиттың» жалғыз ғана шектеуі – өтелмеген басқа ипотекалық кредитіңіз болмауы тиіс», – дейді ипотекалық ұйым басшысы.
Сонымен қатар ол клиент үшін пайыз үстемесі өзгермейтінін айтты. Бүгінде «Баспана Хит» бағдарламасының номиналды үстемесі жылына 11%-ды құрайды екен.
«Үстеме Ұлттық банкінің базалық ставкасына тікелей байланысты, тек оған 1,75 пайыз қосылады. Бүгінгі күні Ұлттық банкінің базалық ставкасы 9,25%-ды құрайды. Демек, соған 1,75%-ды қосамыз да, 11% мөлшеріндегі қорытынды үстемені аламыз. Мысалы, егер ертең Ұлттық банктің базалық ставкасы 6 пайызға түссе, Баспана Хиттың жылдық пайызы 7,25%-ды құрар еді. Мұндай жағдайда бізге мынадай сұрақтар көп түсуде, азаматтар «Баспана Хит» бойынша кредит алып қойғаннан кейін оны өтеу барысында жылдық ставка өзгеріп кетпей ме деп алаңдап жатады. Жоқ, шарт жасалған кезде көрсетілген ставка сол ипотека төленіп біткенше өзгермейді», – дейді Алтынбеков.
Сондай-ақ, аталған ұйым басшысы «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша ипотекалық кредитті қайдан алуға болатыны туралы сұраққа жауап берді.
«Бүгінде біз «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі бес банкпен қосымша келісімге отырдық. Олар «Цеснабанк», «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», BankRBK және «Еуразиялық банк». Жуырда тағы екі банк қосылады деп отырмыз. Осылайша Қазақстанның 7 ірі банкі сіздерге «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша ипотека беруге дайын», – деп түйіндеді ипотекалық ұйымның басшысы Қайрат Алтынбеков.