ӨМІРГЕ НАЛЫП, БАЛГЕРГЕ БАРЫП ЖҮРГЕНДЕР КӨП
Қазіргі таңда халық арасында бақсы-балгер, құмалақшыға баратындар көбейіп келеді. Оларға сенсеңіз өткеніңізді айтып, болашағыңызды болжап беруге дайын. Бүгінде балгерлердің жұмысы жақсы жүріп тұр. Болашағын болжату үшін кезекке тұратындардың қатары көп екен. Тіпті құран сүрелері арқылы түрлі ауруларға ем тауып жатқандар да кездеседі. Алайда, балгерге барып сан соғып өкініп жүргендер де бар. Солардың бірі – Айкерім есімді құрбым. (Есімі өзгертілген).
– Бәріміз періште емес, пендеміз. Сондықтан қателік жіберуіміз әбден мүмкін. Ойымыздағының бәрі бірдей бола бермейді. Кейде күтпеген қиындықтар алдыңнан шығады. Әлеуметтік психологиялық тұрғыдан тығырыққа тірелген адамдар амалсыз көріпкелдерге баратынын байқадым. Бұл жағдай менің де басымнан өтті. Отбасылық мәселені шешу мақсатында қаламызда қандай балгерлер бар екені сұрастыра бастадым. Бірі теміржол жақтағы емшіні нұсқаса, бірі – Шанхайды, енді бірі – Ақмешіт мөлтек ауданында жақсы балгерлер бар екенін айтып жатты. Содан мен жақын маңдағы Ақмешіт мөлтек ауданындағы балгерге баруды жөн көрдім. Ол кісі үйінде екен. Қанша теңге берсең де алады. Ұялы телефонмен күйеуімнің суретін көрсеттім. Ол оның арақ ішетінін, мені ұратынын, басқа біреуі бар де екенін айтты. Содан оларды қойдыру үшін құран сүрелерінен бірқатар заттарға дұға оқып берді. Соны ішкізуім керек екен. Мен ол кісіге сеніп, айтқанын орындадым. Күйеуімнің арақты қойып, өзгерген түгі де жоқ. Енді ойымнан «басқа біреуі бар деген сөз шықпай жүр». Кейде жолдасыммен ашылып сөйлесіп, сұрағым келеді. Бірақ қорқамын. Сол балгерге бекерге бардым-ау деген өкініш өзегімді өртейді. Аллаға серік қосқанымды білемін. Ойлана отырып, өзім секілді келіншектер сан соғып қалмаса екен деймін. Текке шығындалады екенсің, – деп ағынан жарылды ол.
Расында, Айкерім секілді қаншама жан қара тылсымның шырмауына түсіп, жүрегін ауыртып жүр. Бәлкім, жанына-жақын адамдардан рухани демеу болмағандықтан болар – жаны қиналғандар өз өмірінің қиын тұсын құмалақшы мен балгерлерге сеніп тапсыратыны.
Содан менде осы мәселеге қызығып, сол мекен-жайдағы кісіге баруға бел байладым. Балгерге барғанымда өзім шамалас екі келіншек кезек күтіп тұр екен. Сөзге тартып байқасам, қатарластарының сөзіне еріп бал ашуға келіпті. Олардың мақсаты да – отбасын сақтап қалу.
– Құран сүрелеріне қарап адамның болашағын болжап береді. Қатып қалған қағидасы жоқ, өздері қанша ұсынса, сол ақшаны алады. Сонымен қатар, емде жүргізеді. Тұрақты келушілері бар,– деді атын атамауды сұраған келуші.
Осылайша, сырттағы жандармен әңгімелесіп тұрып, уақыттың өткенін байқамай қалыппын. Кезегімде келіпті. Алайда, ішке кіруге батылым бармады. Кері бұрылып, кетіп қалдым. Ол кісіге келушілер қатарының көп екенін көрдім. Шынымен балгер мен дуаханттар жұрттың мәселесін толық шеше ма? Оларға сенім артатындай халықтың пайым-түсінігі расында төмен бе? – деген сұрақтар санамды жаулап алды.
Одан бөлек көшеде отыратын құмалақшылар да бар. Оларға көбіне жоқ іздегендер жолығады екен. Ал, жастар «оқуға түсемін бе, жұмысқа орналасамын ба, болашағым не болады» деген сияқты сұрақтар төңірегінде құмалақ салдырады. Қалаған соманы ұсынасыз.
Кейбір балгерлер өздерінің тұрақты қабылдау кестесі мен алатын ақшасына дейін белгілеп қойған. Ал дуа жасайтындар молынан ақша берсеңіз, біреудің күйеуін дуалап та, жолын байлап береді екен. Тіпті, газет-журнал мен хабарландыру тақталарын «бал ашамын», «жол ашамын», «жоғалғанды табамын», «дуа жасаймын», «дем саламын» деген секілді жарнамалар жаулап алған. Оларға сенген жұрт шетінен солай қарай ағылады.
Иә, қазіргі заманда басына қиыншылық түссе, адамдардың жүгінетіні - Құдіреті шексіз Алла Тағаланың жәрдемі емес, өтірігі көп бақсы-балгерлер. Адамдар арасындағы күмәншіл күдік, соқыр сенім, арылмас мұң соларға жетелейді. Бәзбіреулер балгерлер шынайы қасиет иелері деп сенсе, енді бірі олардан асқан айлакер жоқтығын айтады. Ал, бал аштыратын кісілер соқыр сенімді үміт еткені болмаса, болашағынан бейхабар күйінде қала береді. Себебі, ғайыптың сыры тек Ұлы Жаратушыға ғана мәлім. Ардақты Пайғамбарымыз да (с.а.у.): «Кім де кім бақсы-балгерге барып, оның айтқандарына сенетін болса, оның бұл әрекеті Мұхаммедке түскен Құранды жоққа шығарғандығының дәлелі», – деп қатаң түрде айтқан. Олай болса, балгерге барып, оған бал аштыру мұсылманға жат әрекет. Соқыр сенімге еріп, дуаның дауына іліккенше басыңызға қандай да бір қиыншылық түссе, ең алдымен жәрдемді Құдіреті шексіз Алла Тағаладан іздеңіз. Тыныш өмірдің кілті – Алланы еске алумен, дұға мен ғибадатта екенін ұмытпайық.
Толқын Жүнісбай.