КЕЛЕШЕГІ НҰРЛЫ, КЕЛБЕТІ СЫРЛЫ ҚЫЗЫЛОРДА
Бақ қонып, қыдыр дарыған аймақтың бас қаласы – Қызылорда жыл өткен сайын келбеттене түсуде. Сыр елінің ұлан-ғайыр даласының сырлы шежіресі – Ақмешіт бүгінде өркендеген, өрістеген, шырайлы шаһарға айналып отыр. Осының арқасында жан-жақты байланыс артып, көптеген елдермен сауда, әріптестік қатынасқа жол ашылды. Бір кездегі қазақ даласының Ақмешіті атанған қасиетті мекен – бұл күнде Ұлт жоспары мен мүддесін жүзеге асыра алатын ірі инвестиция орталығына айналды.
Елбасының халыққа арнаған әрбір Жолдауларынан туындаған бағдарламалар бағыты қызылордалықтарға ерекше екпін, күш-жігер қосты. Қызылорда қаласында ауқымды инфрақұрылымдар жұмыстары жүзеге асыруда белсенділік жоғары. Мұның барлығы инвестициялық жобалардың жүзеге асқандығының жарқын көрінісі.
Елбасының халыққа арнаған әрбір Жолдауларынан туындаған бағдарламалар бағыты қызылордалықтарға ерекше екпін, күш-жігер қосты. Қызылорда қаласында ауқымды инфрақұрылымдар жұмыстары жүзеге асыруда белсенділік жоғары. Мұның барлығы инвестициялық жобалардың жүзеге асқандығының жарқын көрінісі.
Елбасы балаларға сапалы білім беру мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Оларға сапалы білім бере отырып, болашақтағы еңбек нарығына байланысты қабілетті маман дайындауға бағыттау назарда ұсталып отыр. Осындай ел келешегі жолындағы игілікті тапсырманы жүзеге асыру дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағдарын көздейді.
Біздің өңірімізде ел келешегінің кемелденуі мен өркендеуі жолында жас өрендердің терең білім алуына мүмкіндік бар. Елімізде «100 балабақша, 100 мектеп» бағадарламасы бойынша жыл сайын өңірімізде жаңа мектептер ғимараты бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Өткен жылы өңірде 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектеп құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданында ірі екі оқу ордасы қайта салынды. Мұнан басқа да республикалық бюджет есебінен бүгінгі күні аймағымызда 300 орындық 5 мектеп құрылысы қолға алынып, келесі жылы аяқталады деп күтілуде.
Оған қоса, келер жылы тағы да осындай 5 ғимарат бой көтермек. Ең басты айта кететін жағдай, облыс бойынша үш ауысымдық білім беру проблемасы толық қанды шешілді. 3 пен 6 жас аралығындағы өрендерді балабақшамен қамту оң шешімін тапқан. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы 54 білім ошағы заман талабы мен уақыт мүддесіне сай жабдықталған. Онда бүгінде 55 мың оқушы сапалы білім алуда. Осындай игілікті істердің атқарылуы нәтижесінде аймағымыз өркениет өрісіне толық қадам басқан. Оны мақтана айтуымызға әбден болады. Нақты істердің арқасында білім беруде республика бойынша өңіріміз алғашқы бестікте. Мәселен, өткен оқу жылында мектеп бітірген 1 мың 739 түлектің 581-і мемлекеттік оқу грантын иеленген. Бұл жақсы жетістік. Әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 162 оқушы облыс әкімінің грантына лайық деп танылған. Мұнан бөлек, 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург университетінің студенттері атанған. Осының барлығы тікелей Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты тапсырмасы бас қаланың тыныс-тіршілігіне жол ашқандай. Онда құрылыс секторын дамыту көзделгені белгілі. Осыған орай шаһарда сәулетті нысандар мен келбеті келіскен көп қабатты ғимараттар бірінен соң бірі бой көтеруде. Әсіресе, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында 11 жаңа шағын аудан бой көтеріп, көптеген отбасы қоныс той өткізді.
Аталмыш бағдарлама шеңберінде тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға тиісті қаржы бөлініп, толығымен жүзеге асырылуда. Оны пайдалануға беру жыл соңына дейін қарастырылған. Сонымен қатар, облыс орталығының сол жақ жағалауында жаңа шаһар орын тебуде. Бұл – басты оқиға. Жаңа қала 15 ауданнан тұрмақ. Оның сәулеті қазақтың ежелгі кескіндемелерімен әрленетін болады. Осыны іске асыру барысында жаңа қаланың заманауи үлгідегі бас жоспарының жобасы негізінде жүзеге асырылуда. 1532 гектар аумақты алатын сәулеті келіскен шаһар болмақ. Ол аумақтан емхана, аурухана және мәдениет ошақтары мен ірі сауда нысандары, басқа да өмірге қажетті орындар ғимараттары бой көтермек. Бұлардың барлығы – алдағы келер күн мен жылдардың еншісіндегі атқарылатын дүниелер. Ең бастысы, жаңа қаланың іргесі қалануда.
2016 жылдың аяғында екі жағалауды байланыстыратын көрікті жаңа көпір пайдалануға беріліп, сол жағалаудағы жұмыстарың қызу жүруіне оң ықпалын тигізуде. Бүгінгі күні аумағы 23,1 гектар аумақты құрайтын 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Жастар орталығының», «Мұражай» мен «Болашақ» университеті ғимаратының құрылыстары қарқын алуда.
Осының барлығы Қызылорда қаласының әл ауқатының арта түскенін аңдатса керек. Бүгінгі жасалып жатқан оңды тірліктің барлығы ертеңгі ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бастауы. Ең әрісі – көшедегі қойылған түрлі-түсті әшекейлі бұйымдар мен қазақтың ою-өрнектері ұрпақ санасын оята түсіп, ұлы дала өткендерін еске салады. Оның барлығы уақыт талабына сай озық үлгіде жасалғандықтарын айта кеткеніміз орынды. Оны көрген бала ұлтының өрнегін, әшекейлі бұйымының барлығын ұғынып өседі. Бұл дегеніңіз – ұрпақ үшін керемет дүниелер. Кішкентайлар оған қызыға қарап, ата-анасынан оның не екенін сұрап, білері анық. Бұның өзі бала тәрбиесіне жақсы жағынан ықпал етпек. Ұлттық нышандағы қолөнерлердің, керуен тартқан қазақтың көшін көшеге бейнелеп қоюдың өзі талайдан сыр шертері анық. Астары терең, ауқымы кең дүние. Мұндай дүниелер бүгіндері көптеп қажет-ақ.
Осының барлығы Қызылорда қаласы көшелерінен орын алуы шаһардың қазақылық қалпын жоғалтпағанының жарқын бейнесі дер едік. Бұл – кемелдікпен салтымызды, үрдісімізді ұлықтағанымыз, азаттығымызды жарқырата көрсетіп, рухани жаңғыруға жол ашқандық.
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ.