«ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ БОЛЫП ӨТТІ
Кеше ішкі саясат басқармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ түлегі, "Хабар" телеарнасының тілшісі, халықаралық "Болашақ" бағдарламасының түлегі Нурбек Амишаның «Әлемдік медиа брендтер мен бұқаралық ақпарат құралдарының отандық журналистикаға әсері» тақырыбында семинар-тренингі өтті. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының студенттері, өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-тренингтің мақсаты - болашақ журналистердің біліктілігін арттыру, ақпарат көздерімен жұмыс жасау дағдыларын кеңейту, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс істеу машығынан хабардар ету, сапалы, сауатты жұмыс жасауды үйрету.
Семинар-тренинг барысында Нұрбек Әмиша ақпарат кеңістігі, ондағы басты критерийлер, Әлемдік БАҚ-тағы үрдістер, ақпаратты тексеру, фактчекинг туралы мәліметтермен бөлісіп, қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.
«Туған жерге тағзым» акциясы Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 29 қараша күні «Nomade palace» мейрамханасында өтеді.
Шарға еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызылордалықтар арнайы келіп қатысып, аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің бірқатар тумаларына «Сыр жанашыры» марапаты табысталатын болады. Кездесудің негізгі мақсаты – Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі ету, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру.
«Туған жерге тағзым» акциясы біздің өңірде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бұл шара туған жерді түлетудің, туған жерге қамқорлық жасаудың маңызын, туған жерге тағзым ету - әрбір перзенттің парызы екендігін түсіндіріп, отаншылдық рух, елге деген маxабаттан басталатындығының дәлелі.