Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Үлпершек

   Қайбір күні тұрмыс құрған бір құрбымыз үйіне есік ашып келді. Біз де төркіндеп келген қыздың шашбауын көтеріп, қонақ болып бірге ере бардық. Жаңа құдалар есіктен енген бойда ата жолымен құда-жекжатқа көрсетілер жөн-жоралғы түгел көрініс тауып жатыр. Бәрі әдемі, жарасымды. Жасалған кәде-кәуметтен соң дастарқан басына жайғастық.
         Үй иесінің сыйлы меймандарына бар тәуірін ұсынғаны көрініп тұр. Шәй құйылған кесені ығыстырып қояр жер таппай, ана тәрелкені бір, мына ыдысты бір қозғадық. Біраздан кейін құрбымның жеңгесі келіп: "Апамның өз қолымен жасаған үлпершек асын жей отырыңыздар" демесі бар ма? Ауылда дүниеге келіп, ұлттық таным-түйсікті ұғына өссек те, әлгі сөзді алғаш естігенім рас. Сөйтсем, жалғыз мен емес, үстел басындағылардың тең жартысы оны қайталай сұрады. Бас-аяғы бірер секунд ішінде қос жанарыммен дастарқан үстін бір сүзіп шығып, иін тірескен тағам арасынан үлпершекті іздей бастадым. Байқап қарасам, қазы-қарта, жал-жаяның жанында сырт көрінісі сол қазыға ұқсас тағы бір тағамның тұрғанын көзім шалды. Дәу де болса, үлпершек осы болар деп топшыладым іштей. Түйсігім алдамапты. Құрбымның пысық жеңгесі "Үлпершектей қыздарға үлпершек берейін" деп қолындағы астан үзіп-үзіп шетімізден ауыз тигізіп шықты. Дәмі енді ерекше, тіл үйіреді. Сол арада көбіміздің қызығушылығымызды тудырған тағамды әзірлеген апамыздың өзі де ортамызға қосылды. Бір-бір асүйдің қожайындары мен болашақ келіндердің есінде жүрсін деген ниетімен біз үшін таңсық астың жәй-жапсарын ашып бергені бар.
         – Қазақ қашаннан үлпершекті ұзатылған қыздың сыбағалы асы ретінде әзірлеген. Қазіргі күні көпшілігіміз мал жүрегін тек қуырдақ әзірлеуге ғана пайдаланамыз. Ал, шын мәнісінде жүректен таңдайыңнан дәмі кетпес дәмді ас дайындауға болатынын екінің бірі біле бермейді. Бір әттеген-айы, қазақ дастарқанынан ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамның бірі осы – үлпершек. Сендердің таңырқай қарап отырғандарың да сондықтан. Ұзақ уақыт дайындалатын болған соң ба, әйтеуір, соңғы кезде оны ешкім пісірмейтін болды. Ол негізінен жылқы жүрегінен дайындалады. Жүректің екі құлақшасын кесіп алған соң, іліп, қанын әбден сорғытады. Жылқының бұлшық етті жүрегі қатты болады ғой. Сондықтан етті пісірген соң, жұмсарып тұруы үшін бір ай бойы салқын жерде, ұнмен араластырып сақтайды. Әбден бабына келген жүректің ішіне ұсақталып туралған ет пен майды тығып, арнаулы дәмдеуіштермен араластырып пісіреді. Буы бұрқырап піскен ыстық тамақты суыған соң қиялап турайды. Мен қазіргі әдіспен бетін көк жуамен әсемдедім, – деді құрбымның апасы кәдімгідей тамақ әзірлеуден бес минуттық шеберлік сағатын өткізіп.
         Ол кісінің айтуынша, бұл тамақ дәруменге өте құнарлы келеді екен. Тағам жылқы жүрегінен жасалатын болғандықтан, адамның жүрек, қан-тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, ағзадағы зат алмасу үдерісінің дұрыс жүруіне де тигізер әсері мол екен.
         Ал, бір қызығы, ерте кезде қызын алысқа ұзатқан ата-ана осы жүрекке оралған тамақ арқылы "Сен әке-шешеңнің мәңгі жүрегіндесің! Біз сені сағынып жүреміз!" дегенді білдірген екен. Ұлттық тағамның осындай ұлттық танымдағы ерекше орнын әңгімелей түскен апамыз оның тағы да бір қырын бізге баяндай түсті. 
         – Бізде баланы көбіне атасы мен әжесі бауырына басады ғой. Сендер де солай өстіңдер. Сол ұзатылған қызы төркіндеп келген кезде анасы енесінен бата алмай, құмарланып бауырына баса алмай қиналады. Біздің қазақ ым-ишаратпен көлдей дүниені ұғындыруда өте шебер-ақ қой. Сондай көреген аналарымыз осы үлпершекті жасап, қызына деген сағынышын жеткізген көрінеді. Тәрбие қайда жатыр десеңші! Негізі, үлпершек – жүректің сыртындағы май. Бұл атау осыған байланысты шыққан. Қазақта аппақ, нәзік қыз балаға теңеу айтқанда "үлпершектей қыз" екен деп те жататыны сондықтан, – деп сөзін аяқтады көпті көрген ана.
         Отырғандардың бәрі басымызды изеп, "Керемет!" дестік. Тамақ жеп, көңілді де көтеріп, пайдалы ақпаратпен де қаныққан бұл отырыстың біз үшін ерекше өткені рас. Халқымыздың көңілі қандай дарқан, кең болса, молшылыққа жайылар дастарқаны да сондай өте бай, құнарлы екеніне тағы бір мәрте көз жеткендей болды.
                                                       Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
08 желтоқсан 2018 ж. 2 075 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам