ШАРАПАТЫ МОЛ «ШАҢЫРАҚ» ЖОБАСЫ
Қызылордадағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп интернатында «Шаңырақ» жобасы негізінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы инновациялық технологиялар тақырыбында облыстық диалог алаңы өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған шараны облыстық білім басқармасы мен «рухани жаңғыру» орталығы бірлесе ұйымдастырды. Оған өңірдегі 46 инновациялық мектеп басшылары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілері қатысты.
Рухани жаңғыру мазмұнын сабақтастыру және әлеуметтік жобалар аясындағы инновациялық тәрбие жұмысын TED форматындағы тұсаукесер шарасын таныстыру мақсатын көздеген жиында білім саласының мамандары өзара тәжірибе алмасты. Ең алдымен «Әлеуметтік жобалар – тәрбие үдерісіндегі» тақырыбында жоба жетекшілері мен белсенді мүшелерінің таныстырылымы болды. Онда «Туған елге тағзым», «100 кітап», «Көшбасшы», «Қоғамға қызмет ету», «Қазақ әндері» сынды әлеуметтік жобалардың мақсаты, тиімділігі мен нәтижесі туралы пікірлер талқыға түсті.
Сонымен қатар, аталмыш оқушылар қауымдастығының сабақтастығын оқу-тәрбие үдерісінде ұйымдастыру бойынша үлгілік нұсқаулығының тұсаукесері көпшілік назарына ұсынылды. Нұсқаулық жас мамандарға, педагог-тәрбиешілерге, сынып жетекшілеріне әдістемелік көмекші құрал да бола алады. Негізі ерекшелігі – мұндағы жобалар арқылы оқушылар әлеуметтік маңызы бар іс-әрекеттермен машықтануына мүмкіндік қарастырылған және жас ерекшелігі сақталмаған оқушылар тобы жұмыс жасай алады. Үлгілік нұсқаулықтың мақсаты – оқушылар елі, жері, географиясы туралы жан-жақты мәліметтерді, тәрбиеленуші бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, көшбасшылық қасиет, әлеуметтік жобалар мен тәжірибені тәрбиешісімен бірлесе отырып жұмыс жасай алу. Облыстық семинар-практикумына қатысушылар әлеуметтік жобалар бойынша 6 тәрбие сағатына қатысты.
Тәрбиешілер ең алдымен 9 сынып оқушыларымен «Сырға толы – Сыр бойы ескерткіштері» тақырыбында сабаққа зер салды. Одан кейін «ҰБТ-ға дайындық – қоғамға қызмет ету бастауы» атауымен 11 сынып оқушылары арасында тренинг, Зейнолла Шүкіровтің «Қасиетті сезім» кітабына зерттеу-ізденіс сабағы, Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» әнінің тарихы мен тағылымы бойынша әдеби-сазды, қызылордалық кәсіпкерлер тақырыбында ақпараттық сабақтарын жүргізді. Шара соңында аталмыш жобасы негізінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы инновациялық технологиялар бойынша пікір алмасу өтті.
Т.БАҒДАТҚЫЗЫ