Әлеуметтік нысандар – ел игілігіне
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 140 орындық «Нұр Орда» балабақшасы ел игілігіне берілді. Бүлдіршіндер мен ата-аналарды қуанышқа бөлеген салтанат сәтіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Облыс әкімі жергілікті жұртшылықты мерейлі мереке және балабақшаның ашылуымен құттықтап, аймағымызда білім саласында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Қаламызда қазіргі таңда 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны – 26, мектеп жанынан ашылған шағын орталық – 6, жеке балабақша саны – 205. Осыдан үш жыл бұрын 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын толықтай орындадық. Аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың арқасында үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні олардың 71,2 пайызы аталмыш әріптестік негізінде жұмыс жасауда, – деді облыс әкімі.
«Нұр Орда» балабақшасы мемлекеттік талапқа сай жабдықталған. Мұнда бүлдіршіндер білім алып, шығармашылығын шыңдауға түрлі жағдайлар жасалған. Бағасы да тиімді. Мұндай мүмкіндіктің туғанына ата-аналар да риза.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында қаламызда «Small» сауда үйі ашылды. Мерекеге орай, көтерме сауда орны тұрғындарға арзан өнімдерімен қоса жеңілдіктер ұсынды. Кәсіпкерлік нысанның жалпы аумағы 5860 шаршы метді құрайды. Орталықтың автокөліктерге арналған тұрағы бар. Сауда үйі тұтынушыларына 12 мыңнан астам тауар түрлерін ұсынады.
Айтолқын АЙТЖАН.