Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бағзыдан жеткен бабалар мұрасы

Бағзыдан жеткен бабалар мұрасы

 Биыл тек қазақ жұрты үшін ғана емес, тұтас түркі руханияты үшін жемісті жыл болғандай. Себебі, ЮНЕСКО тарапынан ерекше мәдени әрі тарихи маңызы бар деп танылатын нысандар тізімі биыл тағы бірнеше келелі дүниелермен толықты. Оның ішінде Сыр өңіріне тән Қорқыт ата мұралары әлемдік аренада мақұлданып, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енуі туралы ақжолтай жаңалықты бүкіл түркі даласы зор қуанышпен қарсы алды.\
         Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деген сөзі бүгінде іс жүзінде кезегімен жүзеге асып жатқан сыңайлы. Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде Қорқыт мұраларының ЮНЕСКО тізіміне енуі Ұлы дала тарихындағы тағы бір жаңғыру екені анық.
         Айта кетейік, абыз мұрасын аталған ұйым тізіміне енгізу шаралары осыдан төрт жыл уақыт бұрын басталып, осы мәселе бойынша бірқатар кездесулер өткізілген еді. 2014 жылдың ақпан айында облыстың тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңесте облыс әкімінің тікелей қолдауымен әлемдік мәдени мұраның ұлттық тізбесіне «Қорқыт ата мұралары» номинациясын енгізу мәселесі қаралды. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар одан кейінгі жылдары да жалғасын тауып, ЮНЕСКО және ИСЕСКО (білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының) көшпелі отырыстарында ұсыныс жасалды.   Нәтижесінде өткен жылдың ақпанында Қазақстан, Әзірбайжан, Қыр­ғызстан, Түркия өкілдерінің және Халықаралық Түркі акаде­миясының қатысуымен сарап­тамалық кездесу ұйым­дасты­рылып, Қорқыт ата күйлерін қарауға ұсынған еді. Міне, осындай тынымсыз талпыныстың нәтижесінде діттеген мақсат орындалды. Сөйтіп, жақында ғана қиырда жатқан Африка құрлығының Маврикий республикасының астанасы – Порт-Луистегі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет отырысында неше жылдық еңбек ақталды. Тұтас түркі жұртының мәдениетіне лайықты баға берілгендей болды. Құжат аталмыш тізімге "Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка" атаумен еніп, ұлттың рухани тұғырнамасын бекіте түсті. Жаһандық мәдениетке қамқорлық танытқан ауқымды шараға облыстан арнайы өкілдер де қатысып, халық мәдениетінің ұлықталуына куә болып қайтты. Олардың қатарында Қорқыт ата мұрасын насихаттаушы, қобызшы Мақсат Мұхамеджан да бар.
         – Комитет отырысына әлемнің 217 елінің өкілі қатысты. Біздің онда барған миссиямыз – сол төрткүл дүние көз тіккен шарада Қорқыт қобызы мен оның күйлерін паш ету еді. Сол бойынша атадан дарыған өнермен қолыма қобыз алып, абыз күйлерін орындадым. Осылайша көне жәдігер сарыны Порт-Луис көгін кернеді. Жан-жақтан жиналған делегаттар өте жылы қабылдады. Аспап үніне тәнті болды. Өзім қобызшы әулеттен шыққанмын. Әкем де, әпкем де қобыздың құлағында ойнайтын өте өнерлі жандар. Менің де бұл аспапты серік еткеніме 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Ал, Қорқыт мұрасын насихаттаушы ретінде бұл жаңалыққа өз басым ерекше қуанғаным рас. Баба мұрасының осылайша әлемдік деңгейде мақұлдануы ұлт қазынасы үшін үлкен жетістік, – деді қобызшы бізбен әңгімесінде.
         Иә, расында, Қорқыт жырлары жаһандық өркениеттің бастауында тұрған өте құнды туынды. Жауһар жырлардың ғылыми айналымда зерттеле бастағанына 200 жылдан асып, ғылыми еңбектер жарық көрді. Ал, Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде өз бағасын алуы – бүгінгі ұрпақтың тарих пен мәдениетке деген шексіз құрметін аңғартқандай болды.
         Бұл бағыттағы мәйекті жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ендігі кезекте қыпшақтар мен Қазақ хандығының ежелгі астанасы –  Сығанақ қалашығын да аспа­насты музейге айналдырып, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу міндеті тұр. Бүгінде бұл бағыттағы шаралар өз жұмысын бастап кеткен. Алдағы уақытта облыс аумағындағы ежелгі Сығанақ, Шірік Рабат, Жанкент қалашықтары және түркі тайпаларының бұрынғы астаналарына қажетті сервистік инфрақұрылымдарды жүргізіп, соның негізінде туристік кластер құру жоспарлануда.
         – Осыдан екі жыл бұрын Қызылордада алғаш рет "Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі" атты сериялық траншекаралық дүниежүзілік мұралар номинациясының тиісті құжаттарын дайындау жөніндегі сараптамалық кездесу өтті. Аталған міндет аясында біз қазіргі таңда Сығанақ қалашығына байланысты қажетті құжаттарды әзірлеу үстіндеміз. Қазір ол ЮНЕСКО дүниежүзілік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілді. Алдағы қыс мезгілінде тағы да мүдделес ел өкілдерінің қатысуымен комиссия отырысы өтеді деп көзделуде. Бұл мәселенің ресми түйіні сол кезде шешіледі. Бүгінде қалашық орнында сәулет құрылыстарын қалпына келтіру және цифрлау шаралары жүргізілуде. Мұндай құнды жәдігерлердің әлемдік мәдени мұралар тізіміне енуінің артықшылығы – ұлттық мұралардың дүниежүзілік деңгейде кеңінен насихатталуына ықпал етеді. Сондай-ақ, аймақтағы туризмнің дамуына да оң әсерін тигізеді. Сығанақ алдағы уақытта аталмыш тізімге енген жағдайда мәдени-тарихи орталық пен туристер жаппай баратын орынға айналады деп жоспарлануда, – деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сапар Көзейбаев.  
         Жалпы, еліміз мәдениет саласын дамыту мақсатында жыл сайын халықаралық және республикалық деңгейде түрлі шаралар ұйымдастырып, Қазақстанның мәдениетін әлемдік деңгейде ілгерілету мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізіп келеді. Сондай ілкімді істердің нәтижесінде бүгінге дейін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан 10 тарихи ескерткіш пен адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне 3 рухани мұра енгізілген. Мәселен, онда 2003 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, 2004 жылы Алматы облысындағы Таңбалы петроглифтері енгізілді. Ал, осыдан төрт жыл бұрын аталған тізім тағы да 8 ескерткішпен толықтырылды. Олардың қатарында Ұлы Жібек жолының бойындағы Ақыртас, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақтөбе, Талғар, Қойлық, Қарамерген археологиялық ескерткіштері бар. Сонымен қатар, біздің елімізден әлемдік мұралар тізіміне үміткер нысандар да аз емес. Мәселен, аталмыш үміткерлер тізіміне 1998 жылы талайды таңғалдырған Мерке түрік ордасы қосылды. Одан өзге Беғазы-Дәндібай мәдени ескерткіштері, Тасмола мәдениетінің қорғандары, Ешкіөлмес пен Арпаөзен петро­глифтері, Қаратау жотасының палеолиттік нысандары мен геоморфологиясы, Отырар оазисінің археологиялық нысандары, Ұлытау мәдени ландшафты да сол қатардан табылды. Сондай-ақ, Солтүстік Тянь-Шань, "Алтынемел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Ақсу-Жабағылы қорығы да тарих үшін сондай мәні зор табиғи ескерткіштер ретінде аса маңыздылыққа ие болды. Ал, кезінде батыс пен шығыс аралығындағы сайын даланың бойына қан жүгіртіп, сауда-саттықтың алтын көпірі болған Жібек жолын да зерттеуші ғалымдар тарихи мәні ерекше мұралар тізіміне қосуға ұсыныс білдіріп жүр.
         Дереккөздер бойынша елімізде 45 мыңға жуық архитектуралық, археологиялық және тарихи жәдігерлер бар. Бүгінге дейін солардың екеуі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көшпенділер мәдениетінің озық нұсқасы Таңбалы петроглифтері ғана аталған тізімге енгені жасырын емес. Мәдени мұраларды қорғауға аса мән берілген тек соңғы жылдары ғана аталған ұйымның кез келгеннің қолы жете бермес тізімі, бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар қатары толыға бастады.
         Солардың бірі – киелі Әулиеата жерінен орын тепкен 5 жәдігердің бірі болып Ақыртас тарихи кешені. Кезінде сәулеттің озық үлгісі болған ол қала өркениеті қанат жаймай тұрған дәуірдің өзінде-ақ бабаларымыз қорғанды қала, қоршаулы құрылыстар тұрғызып, қала құрылысын қарқынды жүргізіп отырғанын дәлелдей түсті. Ежелгі Мауреннаһр, Испиджаб, Тараз, Жетісу аумағын алып жатқан қалалар мен қамалдар шоғыры сол тарихи кезеңдерден жеткен жәдігерлер екендігін аңғартып отыр. Ал, біз әңгімелеп отырған Ақыртас кешені әлемнің жеті кереметін құрайтын Египет пирамидалары, Афина Акропольдары, Рим Колизейі, Перудегі Майя мәдениетінің тылсым мұраларымен деңгейлес алып құрылыс нысаны екендігін бүгінгі тарихтың өзі дәлелдеп отырғандай. Сонау көне заманнан бүгінгі күнге там-тұмдаған қалдығы ғана жеткен бірегей кешеннің қазіргі көрінісі, жәдігерді зерттеген сайын жаңа бір тосын құпиялардың толастамауының өзі Ақыртастың сан мың жылдық дәуір сырын ішіне бүккен нысан екенін байқатып тұр.
         Даңғайыр даламызда өткенімізді өшірмеуге бірден-бір дәнекер  осындай тарихи дүниелер жетіп артылады. Десе де, оларды көзден таса етіп, ескерткіштер ескерусіз қалса, олардың да жермен-жексен болып жойылып кетпесіне кім кепіл? Біздегі тілек – біреу ғана. Түпсіз терең тарих пен халық қазынасының бір бөлшегіне айналған мәдени мұралар көзден таса қалып қоймаса дейміз. Әрине, бұл тұрғыда да елеулі істер қалға алынып жатқаны рас. Еліміз мәдениеті мен тарихын халықаралық деңгейде насихаттау үшін осылайша халықаралық конвенцияларға қосылуды тұрақты түрде жүргізіп, соның нәтижесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімін өз жәдігерлерімен толықтырып келеді. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасының да діттеген мақсатының бірі – осы болса керек.
Бұдан бөлек, 2013-2022 жылдар аралығын ЮНЕСКО Бас конференциясы Мәдениеттер жақындасуының онжылдығы деп жариялағаны белгілі. БҰҰ Бас Ассамблеясының тарапынан кең қолдау тапқан бұл бастаманы Қазақстан көтерген болатын
                                                            Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
24 желтоқсан 2018 ж. 1 419 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам