Кенеп бетіндегі көркем әлем
Белгілі суретші Жайлаубай Байсаловтың шығармашылығының тұтастай алтын арқауын, асыл тінін қайнаған ауыл тіршілігі, мамыражай тұрмыс пен табиғат тақырыбы құрайды. Қылқалам құдіретін танып, ой-қиялы сан мың түсті бояу ғажабымен үндескелі бері уыздай ұйытып келе жатқаны да осы – сол ұлттық нақыш, ұлы даланың көз тоймас көріністері. Тума талант саналы ғұмырының 30 жылында даңғайыр даланың осындай өзіне ғана тән сұлулығын, ерекше ұстынын қал-қадірінше қалам ұшында шебер бейнелеп келеді. Айналып келіп ауыл тұрмысын кенеп бетінде бедерлеп, табиғат-Ананың құшағына тарпаңдай тығыла беретіні де оның туған жерге, халқымыздың түп-тамыры жайылған дарқан далаға деген шексіз іңкәрлігі, құрметі болса керек.
Көркемсурет галереясында өткен қылқалам шеберінің 60 жылдық мерейтойына арналған "Боранды бекет" атты жеке шығармашылық көрмесін тамашалап, осындай ой түйдік. Көрме төрінен суретшінің табиғаттан өзге, натюрморт, портрет, анималистік жанрларға арналған 60-тан астам төл туындысы орын алды. Галерея қабырғасы сан алуан бояумен әспеттеліп, құдды бір қызылды-жасылды көркем әлемге енгендей күй кешесің. Талантты өнер иесінің осындай үздік туындылары бүгінде Франция, Англия, АҚШ, Ресей, Германиямен өзге де шетелдегі коллекционерлердің жеке қорында сақтаулы тұр.
– Сурет салуға бала күнімнен машықтандым. Бояулар үйлесімділігінен ерекше ләззат алатынмын. Ал, бүгінгі көрме менің шығармашылық жолымдағы неше жылдық еңбектің жемісі. Мұнда сонау 1980 жылдардан бастап бейнелеген суреттерім бар. Салыстырып қарасам, сол кездегі сурет пен қазіргі жұмысымнан жер мен көктей айырмашылықты байқаймын. Көркемдік жағынан да, мазмұн тұрғысынан да ерекшелік өте көп екен. Соған қарап адам есейген сайын, уақыт өтіп, жылдар жылжыған сайын тек шығармашылық адамы емес, кез келген жанның жан-жақты жетіле түсетінін ұғындым, – деді қылқалам шебері.
Расында, көрме иесінің туындыларын тамашалап, сұлулыққа сүйсінесің. Өзіндік қанық бояу мен қайталанбас ерекшелікке толы "Қауын сатушы", "Байқоңыр пейзажы", "Ақай", "Көшпенділер", "Көл", "Орманда" сынды суреттері нәзік сезімге суарылған түстердің өзара тоғысуынан бір демде пайда бола қалғандай көрінеді. Аталмыш пейзаж сериялары айналадағы әрбір көркемдік пен қозғалысты қалт жібермей, қылқалам өнерінің қиял қанатындағы құнары бөлек қырына жатады. Былай қарағанда, жай ғана түрлі түсті бояулар шимайы секілді көрінетін мұндай суреттермен тұмса табиғаттың тылсым дүниесі, сұлулық сыры, тіршілік нәрін сездірер ой ағындары астасып жатқандай. Бір қызығы, суретшінің өзге қылқалам иелерінен ерекшелігі сол – өз автопортретін бір емес, екі мәрте кенеп бетінде бедерлепті. 2002 жылы салынған портретте қырықтың қырқасына енді шыққан жігіт ағасы бейнеленсе, араға 12 жыл салып қайта кенеп бетіне түскен автопортретте сақал-мұртына ақ түсіп, ойлы көзбен алысқа көз тастаған Жайлаубай образы көрініс тауыпты. Әдетте, өз бейнесін бейнелей бермейтін көп суретшілердің қасиетін ескерсек, кеш иесі бұл автопортреттері арқылы уақыт ағымын, адам өмірінің белесін жеткізгісі келгендей.
– Жайлаубайды сонау шығармашылықпен енді айналыса бастаған жігіт шағынан білемін. Ол сол кездегі еңбекқорлығынан, ізденімпаздығынан әлі де таңбаған. Әрбір суретінен үнемі тың дүниені байқаймын. Ал, бүгінгі кештің тақырыбына айналған "Боранды бекет" картинасы – оның өте сәтті дүниеге келген туындысының бірі. Шыңғыс Айтматовтың дәл осы атаумен жазылған романын оқысаңыздар, ондағы сөзбен салынған сурет Жайлаубайдың туындысында айна-қатесіз суреттелгенін аңғарасыздар, – деді қылқалам шеберінің шығармашылық жолдағы әріптесі, суретші Рахым Шегебаев.
Сұлулық әлемі салтанат құрған көркем кеште мерейтой иесіне облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің алғысы мен Қазақстан суретшілер одағы облыстық филиалының құттықтау хаты табыс етілді. Айта кетейік, бұған дейін Жайлаубай Байсалов өнер мен мәдениет саласына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін "Алтын адам" сыйлығының лауреаты атанған еді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.