Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СИҚЫРЛЫ ҚЫЛҚАЛАМ

СИҚЫРЛЫ ҚЫЛҚАЛАМ

     Хас таланттың көңілінде ұялаған әрбір сәті жүрек түкпірінде сурет болып қалып қоятын көрінеді. Тек нағыз қылқалам шебері сол сәтті қалт жібермей, оны көркем туындыға айналдыра алады екен. Сырлы бояуға толы қызылды-жасылды әлем осы өнер адамдары үшін әр мезеттің, әр күннің куәсі, күнделігі іспетті. «Суреттің өзі – өмір» деп бекер айтылмаса керек.   Осы тұрғыдан алғанда қызылордалық Мейрамбек Қитанов туындыларында сырлы бояудың осындай шексіз құдіретін сезіндіретін  ерекшеліктер қараған көзге көрініп-ақ тұр. Небір хас таланттарды дүниеге әкелген Сырдың текті топырағы ұрпағына бұл өнердің түрін дарытуда да аса сараңдық танытпапты. Алуан түрлі бояуды қылқаламның ұшымен қиюластырып, асқан шеберлік пен нәзіктікті ұштастыра білген тума таланттың бүгінде осы саланың ішінде біте қайнасып жүрген жәйі бар.     Облысқа қарасты Жалағаш ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз мектеп қабырғасынан ұшқаннан кейін, арман қуып Алматыға келген. Бойындағы талантты ұштай түсу мақсатындаАбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Бейнелеу өнері жəне сызу» мамандығы бойынша оқуын жоғары деңгейде тәмамдаған. Сөйтіп, кіндік қаны тамған жеріне жас маман болып қайта оралып, аудандық оқушылар үйінде қызмет етті. Ол карикатура үйірмесіне қызығушылық танытқан бүлдіршіндерге аталмыш өнердің қыр-сырын меңгертуде азды-көпті еңбек етті. Ал, бүгінде ол Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында декорация суретшісі қызметін атқаруда. Қазірдің өзінде Мейрамбек бірнеше спектакльдің декорациялық көркемделуіне үлес қосып үлгерген. – Бала күнімнен бері қағаз бетін шатпақтайтыным есімде. Негізі, маған суретшілік қасиет Жаратқанның берген сыйы деп білемін. Себебі, әулетімізде бұл өнерге әуестік танытып, қылқалам шебері атанған адам жоқ. Алғаш рет ата-анамның бейнесі бар ескі қоңырқай тартқан фотосуреттеріне қарап, ұқсатып салғаным бар. Сол суретті анам әлі күнге дейін мақтап айтып отырады. Бейнелеу өнерінің натюрморт, пейзаж, портрет және өзге де жанрларына көңіл бөлемін. Дегенмен, өзім портретке аса мән береді екенмін. Портрет – бейнелеудегі оңай жанр емес. Сұлбасын салмас бұрын кейіпкердің мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін, көңіл-күйін, жас шамасын жан-жақты қарап, жеңіл түрде көмекші сызықтар арқылы болмысын іздеймін. Достық əзіл суреттер салуға да қызығушылығым ерекше. Қазіргі таңда карикатура жанрында да шимай-шатпақ туындыларым бар, – дейді 26 жасар жас суретші бізбен әңгімесінде.                                         Оның айтуынша, бекзат өнердің көркем әлеміне бойлауына ең бірінші анасы – Феруза ықпал еткен көрінеді. Баласының бейнелеу өнеріне деген іңкәрлігін байқаған ол Мейрамбекті кішкентайынан «Бейнелеу өнері» үйірмесіне берген. Одан кейін бойға дарыған қасиеттің өрісін кеңейтіп, осы саланың қыр-сырын меңгерткен ұстазы Жұматай Қорғанбаевтың есімін Мейрамбек ерекше атағанды құп көреді. Осы кісінің арқасында иірімі мол нәзік өнерді бір адамдай-ақ меңгергенін айтады. Сондай-ақ, соңғы жылдары бейнелеу әлемінің сатирасына айналған – карикатура жанрына деген құштарлықты кәсіби тұрғыда шыңдай түскен ұстазы еліміздің мəдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Еркін Нұразханның еңбегі өлшеусіз. Мейрамбек бұл салада қандайда бір жетістік шыңын бағындырса, осы өнер жолындағы ұстаздарының еңбегі қашанда бір төбе екенін әсте естен шығарған емес.  – Бейнелеу өнері ежелгі дəуірден бастау алатыны баршаға мəлім. Алғаш тастарға бұғы, арба, күнбасты адам сынды түрлі бейнелердің қашалып салынғанын тарихтан білеміз. Кейін одан әрі дамып, қағазға, кенеп бетіне салу қолға алынды. Көпшілік менің әсіресе, ағашқа салынған суреттеріме ерекше қызығушылық танытып жатады. Оның айтарлықтай қиындығы да жоқ. Тек аздаған ептілік пен шеберлік керек. Алдымен ағашты қиғашынан жіңішке етіп кесіп алып, жақсылап кептіріп, тазалап, тегістеп аламыз. Содан кейін гуашь немесе күйдіру əдісімен жұмысты жалғастырамыз. Бүгінде бұл әдіспен салынған қордағы туындылар қатарында қазақтың бас ақыны, хәкім Абай, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, қазақ эстрадасының танымал әншісі Мейрамбек Беспаев, әлемдік деңгейдегі киножұлдыздар Брюс Ли, Джеки Чан сынды тұлғалардың бейнелері бар, – дейді Мейрамбек. Болашақта өнердің қайнаған ортасы – Алматыда жеке шығармашылық көрмесін көпшілік назарына ұсынуды армандайтын ол әрдайым ізденіс үстінде жүретінін айтады. Расымен де, оның әрбір суретінен ерекше бір серпінді, жаңаша лепті байқайсың. Ендеше, көңіл көкжиегіндегі көркем әлемге жан-дүниесімен берілген жас таланттың қолынан әлі талай көздің жауын алар дүниелердің туатыны хақ.
                                                                                                                        Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.    
12 ақпан 2018 ж. 2 319 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам