АҚПАРАТТЫҚ ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАДАМ
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына ерекше мән беріліп келеді. Аталмыш жобаны Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында атап өткені белгілі.
Ұлт Көшбасшысының елді осындай экономикалық даму тетігіне бағыттауының да зор маңызы бар. Себебі, бүгінгідей ақпараттық-технология қарыштаған заманда IT саласын дамыту – басты міндет. Иә, расында, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен біз үшін бұл үлкен серпіліс болмақ. Өйткені, өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік осы сандық жүйеге көшіп үлгерді. Енді алдағы уақытта бағдарлама аясында елімізде үлкен технологиялық серпіліс жасалмақ. Ал, ол үшін біз айтып отырған IT саласына тағы да аса басымдық берілмек. Мемлекеттік бағдарлама негізінде 2021 жылға дейін елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында 180 мыңнан астам адам жұмыс істеуі керек екен. Сондай-ақ, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 81,5 пайызға жетеді деп күтілуде. Осы меже үдесінен шығу мақсатында бүгінде жүйелі істер қолға алынып, ол нақты әрекеттермен жалғасын табуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында: «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және өзге де перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп нақты мысалдармен атап көрсеткен. Расында, бұл заманауи қызмет көрсету үлгісінің бүгінгідегідей жылдамдылық кезеңінде аса тиімділігі жоғары. Яғни, қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғам бұл жаңалыққа мұқтаж деп айтсақ та қателеспейміз. Себебі, Елбасы айтқандай, әлемнің дамыған бірнеше елі бұл тетікті әлдеқашан қолданысқа енгізіп, оның игілігін көріп отырған жайы бар. Бүгінде осы бағыт аясында жүзеге асып жатқан толымды тірліктер нәтижесінде елімізде онлайн-сауда, электронды қызмет көрсету тетіктері кезең-кезеңімен іске қосылуда. Реттілік қызметті ұсынатын бұл жобаның тиімділігін халық та жіті түсініп, бүгінде жаңа құрылымға бой үйретіп келеді. Негізі, елімізде ақпараттық технологияларды қолданысқа енгізу жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ сәтті басталған еді. Мәселен, қазір кез келген ұйымның, мекеменің электронды порталы іске қосылған. Мекеме есігін жағалап жүрмей-ақ ғаламтор көмегімен қалаған уақытта қажетті мәліметке оңай қол жеткізуге болады. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген жұмысты компьютер алдында отырып жүргізуге мүмкіндік мол. Құжат рәсімдеу, несие төлеу, онлайн тапсырыс беру, ғаламтормен жол жүру билеттерін сатып алу, тіпті коммуналды қызмет түрлерінің ақысын, оның ішінде салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге қазір кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Ал, біз айтып отырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы тек бұл жүйенің жұмысын одан әрі жетілдірілу мақсатын көздейді.Расында, барлық бағыттағы қызмет көрсету түрлерінің электронды нұсқаға өтіп, қолжетімді бола түсуі мемлекет үшін де, халық үшін де оңтайлы екені даусыз. Себебі, жеңіл әрі тез өз қажеттілігіңді өтеу қазіргідей жылдамдыққа икемделген кезеңде көмегі зор. Айта кетейік, цифрлық технология бұдан бөлек қоғамның әлеуметтік салаларында, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру ісінде де қолданысқа түсіп келеді. Мәселен, биылдан бастап мектептерде пилоттық жоба ретінде электронды күнделік өмірімізге енгізілуде. Сондай-ақ, мұғалімдер де атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын бұрынғыша қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсырады. Бұл бір жағынан қағазбастылықтан арылуға сеп болып отырған жайы бар.Қарап отырсақ, мұның барлығы халықтың оңтайлы өмір сүруі үшін жасалып отырған жағдай. Демек, аталмыш жобаның қоғам үшін болашақта игілігі мол.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.