Кәсіп бастағандарға көмек
Сыр өңірінде бүгінде кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Солардың бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалар.
«Даму» қорының қолдауымен «Park Hotel Qyzylorda» қонақ үй кешені ел игілігіне берілген. Қалалық демалыс паркі жанында орналасқан жаңа үлгідегі нысан 8 қабаттан тұрады, 4 жұлдызды қонақ үйде 32 нөмір бар.
Жоба «Халық» банкі арқылы қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында қор тарапынан 7% көлемінде пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған.
– Қонақ үй кешені – қаладағы ең заманауи, соңғы үлгідегі орын. Облыс орталығында инвест форум сияқты түрлі маңызды халықаралық жиындардың көбеюіне байланысты жоғары деңгейдегі, қолайлы жағдай қарастырылған қонақ үйлерге деген сұраныс өсіп отыр. Туризм өңірдегі маңызды салаға айналып келеді. Сондықтан облыс орталығын көркейте түсу – біздің басты мақсатымыз, – деді қонақ үйдің басқарушы менеджері Жәлел Жүкенов.
Қазіргі таңда мұнда 32 адам қызмет жасайды. Алдағы уақытта 50 адамды еңбекпен қамтитын болады.
Аталмыш қор бағдарламалары нәтижесінде көптеген кәсіпорындардың екінші тынысы ашылуда. Өндіріске жаңа технологияны енгізу мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтіп отыр. Мемлекет қолдауы нәтижесінде қанатын кеңге жайған тағы бір нысан – «Қуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған компания 1992 жылы сәуір айында құрылып, өндірістік қызметті компания 1995 жылы бастаған. Серіктестік полимерлерден құбырлар өндірумен айналысады. Компания «Халық» банкі арқылы қаржыландырылып, қысымды суық сумен жабдықтау, канализация және табиғи газды тасымалдау үшін, ұңғымаларды салу кезінде пайдаланылатын полимерлерден құбырлар өндіру үшін шикізат сатып алды. Сондай-ақ, олар Қызылорда қаласы мен облыс тұрғындарына су құбыры және кәріз магистральдарын төсеу кезінде жеке құрылыста пайдаланатын шағын диаметрлі құбырларды дайындайды. Қазіргі таңда компания 65 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал «Квант» ЖШС ұсынатын өнім түрлерін көбейтуде. 2014 жылы құрылған компания металл өңдеумен, одан әр түрлі бұйымдар дайындаумен, айналысады. 2015 жылы компания металл құрылымдарын өндіретін цех ашқан.
Кәсіпорын биылғы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жабдықтар сатып алуға қаржы алып, өндіріс көкжиегін кеңейтуде. Мекеме бүгінде металл өңдеумен қатар техникалық газ түрлерін жеткізуде.
Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында қор тарапынан 5,6% көлемінде пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған тағы бір жоба – «Ақ шағала» кір жуу кешені. Озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған кәсіпорынның әлеуметтік мекемелер үшін маңызы зор. Кешен ашылғалы бері мемлекеттік тапсырыстарды қабылдап үлгерді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, әскери бөлімдер және жекеменшік емдеу мекемелерімен келісімшартқа отыруды жоспарлауда. Мекеме 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Мұнда тазалық талаптарына сай, кірді жуып, кептіру мен қатар зарарсыздандыру жұмыстары да қоса атқарылады. Жуылған кірді ыстық будың қысымымен зарарсыздандыру қызметі бар. Кешен тәулігіне 2,5 тонна төсек орын жабдықтарын жууға арналған. Біз теміржол, ауруханалар, мемлекеттік тапсырыс бойынша әскери бөлімдерге тағы да басқа мекемелерге қызмет көрсетеміз – кәсіпорын директоры Саян Әбдімәуленұлы.
«Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры мұнан бөлек экономиканың түрлі салаларындағы ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыруда.
– Жыл басынан бері 141 жоба мақұлданып, қазіргі уақытта оның 116-сы өз жұмысын бастаған. Оның 56 жобасы Қызылорда қаласында іске асырылуда. Мұнан бөлек 65 жоба кепілдендірілген несиеге қол жеткізген. Олардың жартысына жуығы қаламызға тиесілі, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалының менеджері Ғалия Досмамбетова.
Бүгінгі таңда қор филиалы арқылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 400 млн. теңгеге 41 жоба мақұлданды.
Биболат Сәтжан.