Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мәдени құндылықтар мәйегі

Мәдени құндылықтар мәйегі

  Елдің рухани тұрғыда дамуы мен кемелденуіне мәдениет саласының қашанда ықпалы айрықша. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани жан-сарайыңды байытатын театр, кітапхана бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бір мүддеге бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Мәселен, кеше ғана тарих қойнауына енген ескі жылда қазақылығы бұзылмаған біздің өңірде ақжолтай жаңалықтың жаршысы, қайнаған руханияттың үлгісі бола білген біршама ілкімді істердің жүзеге асқанына куә болдық.
Расында, өткен жыл тек қазақ жұрты үшін ғана емес, тұтас түркі руханияты үшін жемісті болғандай. Себебі, ЮНЕСКО тарапынан ерекше мәдени әрі тарихи маңызы бар деп танылатын нысандар тізімі тағы бірнеше келелі дүниелермен толықты. Оның ішінде Сыр өңіріне тән Қорқыт ата мұралары әлемдік аренада мақұлданып, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енуі туралы ақжолтай жаңалықты бүкіл түркі даласы зор қуанышпен қарсы алды. Атқарылған тынымсыз талпыныстың нәтижесінде діттеген мақсат орындалды. Сөйтіп, жақында ғана қиырда жатқан Африка құрлығының Маврикий республикасының астанасы – Порт-Луистегі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет отырысында неше жылдық еңбек ақталды. Тұтас түркі жұртының мәдениетіне лайықты баға берілгендей болды. Құжат аталмыш тізімге "Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка" атаумен еніп, ұлттың рухани тұғырнамасын бекіте түсті.
Өткен жылда аймақтың мәдениет саласы жеткен тағы бір жетістік – ескерткіш нысандарының сандық жүйеге көшуі. Енді қызылордалықтар мен Сыр өңіріне келген қонақтар аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштер жайлы ақпаратты ғаламтордан жедел түрде еш қиындықсыз таба алады. Себебі, облыс көлеміндегі тарихи және мәдени ескерткіштерге QR-код орнату шарасы сәтті жүзеге асырылды. Қазіргі таңда QR-коды бар тақтайшалар облыс аумағындағы мобильді байланыс ұстайтын жерлердегі барлығы 150-дей ескерткішке орнатылған. Ал, қала бойынша 40 шақты мәдени нысан дәл осындай жаңашыл идеяның игілігін көріпті.
         Ал, Сыр театры өнерінің қарашаңырағы – Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының Шотландияның Эдинбург қаласында өткен "Фриндж" фестивалінде үздік өнер көрсетуі аймақ мәдениетінің тағы бір мәрте айшықты ісін толықтыра түскендей. Шотландықтардың ыстық ықыласына бөленіп келген шығармашылық ұжым 50 мемлекеттен келген өнерпаздар қатысқан бұл өнер додасынан үлкен шабытпен, ерекше серпіліспен оралған еді. Талантты жастардың арқасында театр "Фриндж" фестивалінің алтын кітабына жазылып, республиканың әр өңіріндегі театрларына үлкен өнеге бола білді. Ал, өңкей таланттар басқосқан шығармашылық ұжым биыл Мәскеу, Ташкент қалаларында өнер көрсетуді көздеп отыр.
         Қазақ өнерінің құдіретін шетел сахнасында танытқан тағы бір шығармашылық ұжым – "Томирис" би ансамблі. Мың бұралған биші қыздардан құралған топ жыл соңында Абу-Даби қаласында өткен халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальде өз өнерлерін паш етті. Алғаш 2001 жылы құрамында бар-жоғы 4 өнерпаз ғана құралған би тобында қазір саны отызға жуық өнерпаз өнер көрсетеді. Ансамбль облыстағы бірден-бір кәсіби өнер ұжымы саналады.
         Халқымыз қашанда "Ит жылын – игілік" деп бағалаған. Өткен ит жылы расында ел игілігі үшін жасалған толымды істерге толы болғандай. Соның бірі – сол жағалаудан бой көтеріп жатқан жаңа қалада алғашқы нысанның пайдалануға берілуін Сыр жұртшылығы аса қуанышпен қарсы алды. Көзді ашып-жұмғанша бұл маңның бойына да қан жүгіріп, "Рухани жаңғыру" орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қызылорда қаласының тарихи музейі филиалы ашылды.
         Бәрін айт та бірін айт, ең бастысы, қызылордалықтар үшін өткен жыл Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойымен есте қалары анық. Халқымыз қаламыздың қос ғасырлық торқалы тойын жоғары деңгейде атап өтті. Жыл көлемінде мерейтой шеңберінде ірілі-ұсақты бірнеше шаралар ұйымдастырылып, шаһар тарихы дәріптелді. Өткеніміз ұлықталып, болашаққа бағдар жасалды. "Өткен жылға өкпе жоқ" дегендей ит жылы облыс үшін осындай айшықты істерге толы болды. Бұл бағыттағы шаралар доңыз жылында да жалғасын тауып, берекелі істер халық игілігіне айналмақ.   
                                  Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.



04 қаңтар 2019 ж. 1 057 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам