Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » МӘДЕНИЕТ МӘҢГІЛІК, ӨНЕР – ӨМІРШЕҢ

МӘДЕНИЕТ МӘҢГІЛІК, ӨНЕР – ӨМІРШЕҢ

   Мәдениет саласының ел дамуына қосар үлесі өлшеусіз. Бұл бағытта жасалып жатқан келелі істер кемел келешекке бастайтын даңғыл жол болмақ. Аймақтың рухани тұрғыда өсіп-өркендеуіне ықпал етіп отырған салада соңғы жылдары өміршең өзгерістерге жол ашылды.  Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің рухани-мәдени тұрғыда алға жылжуына басымдық беріп, ерекше қамқорлық танытып келеді. Осылайша соңғы бес жыл ішінде аталмыш сала жаңарып-жаңғырып, тынысы кеңей түсті.
Келбеті жаңарған клубтар
         Облыстың мәдениет саласы жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Оны жыл сайын атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінен анық байқауға болады. Қазіргі таңда аймақ бойынша барлығы 400-ден аса руханият ошақтары халыққа қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 171 мәдениет үйі мен клуб, 209 кітапхана, 13 музей, 11 архив, облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театры, облыстық филармония, халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, қалалық демалыс паркі бар.
Өткен жылы клубтар мен кітапханалар нысандарының жағдайы да назардан тыс қалмады. Мәселен, бұған дейін Төңкеріс, Сұлутөбе, Қамыстыбас, Сексеуіл, Абай, С.Сейфуллин, Іңкәрдария, Айдарлы ауылдық клубтары, Қармақшы ауданындағы  кітапхана музейі күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Былтыр Қазалы ауданы, Жалаңтөс батыр ауылдық клубы, Шиелі ауданында тарихи-өлкетану музейі есігін айқара ашты. Сондай-ақ, былтыр 6 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Олардың ішінде облыстық бюджеттен Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Жалағаш аудандық архиві аталмыш қамқорлық игілігін сезінді.
Ал, 2014 жылы дүйім түркі жұртының ортақ абызы – Қорқыт ата кесенесі толыққанды жөндеуден өтті. Мұнда салтанатты іс-шаралар өткізетін алаң жасалып, орталық аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған қосымша жол салынды, монумент маңы абаттандырылды. Бүгінде түркі әлемінің тау  тұлғасының қазақ топырағында орналасқан кесенесіне жаһан жұрты ерекше қызығушылық  танытып отыр. Оны тамашалауға келген туристердің қатары соңғы үш жылдың ішінде 20 мыңнан асқандығы дәйек болса керек.
Ардақтыларға құрмет
         Облыс көлемінде 500-ге тарта тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген. Атқарылған шаралар нәтижесінде «Қасиетті Қазақстан» орталығы тарапынан 3 тілде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» мен қос тілде «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптары жарыққа шықты. Ендігі кезекте осы қасиетті орындарды барынша жан-жақты қорғау, сақтау шараларымен қатар, оларға халықтың, келушілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, мектеп оқушылары мен жастар арасында, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қуантарлығы, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері және Сауысқандық петроглифтері секілді 9 ескерткіш енгізілген.
Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің тағылымды тарихында есімдері ерекше тұлғаларға лайықты құрмет қашанда керек. Осы орайда Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың  90 жылдығына орай 2015 жылы Арал ауданында әдебиет үйі мен «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері – Жәдігер мен Бәкизатқа арналған символикалық композициялық ескерткіш-белгі ашылды. Жазушының көзі тірісінде жасалған мұндай құрметті тұтас әдебиетімізге жасалған үлкен құрмет пен қолдау деп ұғынған жөн. Сонымен қатар, белгілі тұлғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында Халық әртісі Роза Бағланова, Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаев, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков, Мұстафа Шоқай және ақын Жарасқан Әбдірашұлының ескерткіш-бюстілері орнатылды. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы есігін айқара ашып, кітапсүйер оқырмандардың қуанышына себепкер болды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фольклорлық музыкалық өнер фестивалі облыс орталығында ауқымды түрде аталып өтті. Оған шетелдік меймандар арнайы келіп қатысып, Тұран даласының Ұлы абызы мұралары кеңінен насихатталды. Сондай-ақ, Текей батырдың 350 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы мен батырлық дастан орындаушылардың байқауы, ақын, драматург Иранбек Оразбаев шығармашылығына арналған «Бұ дүние ғайыбы» жыр кеші, композитор Ілия Жақановтың «Әнім саған, Сыр елім» атты шығармашылық концерті, халықаралық «Парасатты поэзия» атты рухани мұраға толы кештер жергілікті жұртшылық назарына ұсынылды.
Онлайн қызмет сапасы
Дамыған ақпараттық өркениетке ілесіп, көш түзеуде өңірдің мәдениет саласы да қалыс қалған емес.Жылдам және сапалы қызмет көрсетуде аталмыш сала да ілкімді істерді қолға алып келеді. Мәселен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 16 мыңнан аса сақтау бірлігінің 1 633 921 парағы сандық жүйеге енгізілген. «Электронды кітапхана» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қорларын электронды форматқа көшіруде сирек кітаптар мен өлкетану басылымдары цифрлық нұсқаға өтті. Дәлірек айтсақ, «Кітапхана қорларын цифрлау» жобасы шеңберінде 4 мыңнан аса кітап жаңа ақпараттық технологияның игілігін сезінген. Негізі, облыста 14 ауылдық кітапхана базасында «Ауылдық онлайн орталықтары» жобасы іске асырылды. Жобаның мақсаты – кітапханаларда ақпараттық қызметтерді кеңейту, ауылдар тұрғындарының қоғамдық-маңызды сапалы ақпарат алу мүмкіндіктерін арттыру. Ауыл тұрғындары онлайн орталықтан мемлекеттік онлайн қызметтерді пайдалану, құжаттарды электронды түрде жеткізу, виртуалды анықтамалық қызмет көрсету, электронды кітапханалардың қорларын пайдалану және интернет ресурстарға тегін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Осылайша рухани жаңғыруға негіз боларлық жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, алты Алаштың анасы атанған – Ақмешіттің мәйекті істерін толықтыра түсуде. Бұл өз кезегінде жыр мен күй тұнған киелі өлкенің мәдениет пен өнерге деген ерекше қамқорлығын ұғындырса керек.

                                                                                                                       Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

12 ақпан 2018 ж. 2 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам