Жарқын жобаларға жол ашқан
Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында және мемлекеттік бағдарламаларында кәсіпкерлік саласына үлкен басымдық беріп келеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде де бұл бағытқа аса мән берілді. Оған қоса облыс әкімінің қолдауымен былтырдан бастап үш жыл қатарынан аймағымызда «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланды.
Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша қалада 26 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.
Қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне келсек, әр мекен бойынша өркендеу байқалады. Әртүрлі бағытта кәсіпкерлік нысандары іске қосылып, жаңа жұмыс орындар ашылған.
Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» арқылы жалпы құны 86 млн. 897 мың теңгені құрайтын 9 жоба қолдау тапса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 36 млн. теңгені құрайтын бірнеше жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, осы бағдарламаға орай екінші деңгейлі банктер арқылы («Халық», «АТФ», «Сбербанк») 86 млн. теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылды.
Аталған бағдарлама аясында ауылдық елді-мекендерде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС орналастырылған 1 млрд. теңгенің есебінен қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бойынша жалпы құны 190 млн. 600 мың теңгені құрайтын 34 жоба қолдау алып, өз жұмысын бастап кетті. Бұдан бөлек, бақылау кеңесі отырысына ауылдық елді-мекендерден құны 117 млн. 500 мың теңгені құрайтын 39 жобаның құжаттары ұсынылып, нәтижесінде 25 млн. теңгені құрайтын 11 жоба қолдауға ие болды.
Қалаға қарасты елді-мекендерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолдау тапқан жобалардың нәтижесінде 1 тігін цехы, 2 наубайхана, 1 қонақ үй, 1 автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізсе, мал басын көбейту және сүт, ет бағытын дамытуда мүйізді ірі қара мен жылқы басын көбейту қолға алынды.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша көптеген адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, соның ішінде шағын және орта бизнес құрылымдарына орналастырылды. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 1 млрд. 681 млн. 775 мың теңгені құрайтын 30 жоба қолдау тапты.
Сондай-ақ, биыл осы бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант бағытында қалаға қарасты елді мекендерден құны 426 млн. теңге болатын 171 жобаның құжаттары конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, бірнеше жобаға жол ашылды. Сонымен қатар, қала кәсіпкерлеріне жерді жалға алу немесе сату жөнінде өткізілген аукциондардың нәтижесінде қала қазынасына бірталай көлемде кіріс түсті.
Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қаладағы жоба бастамашыларына 1 млрд. 202 млн. теңгені құрайтын 327 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 414 млн. 900 мың теңгені құрайтын 115 жоба жүзеге асырылған. Бқл жазға дейінгі көрсеткіш болса, жыл соңына таяу жақсы нәтижеге қол жеткізді. Өйткені, жобалар саны өсті.
Жалпы, мамандардың айтуынша, қала көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ақпараттық түсіндірме шарасына ерекше көңіл бөлінуде. Өз кәсібін жаңадан ашқысы келетін бастамашыларды кәсіпкерлік негіздеріне қаржы қаралып, әртүрлі тақырыпта семинарлар ұйымдастырылуда. Айталық, өткен жылы «IQ Business, жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту», «Start up Bolashak: Менің арманым» жастар бизнес-жобалары сайыстары мен «Мемлекеттік грант-бизнесті бастаудың тиімді жолы», «Ауылдық елді-мекендерде кәсіпкерлікті дамыту көздері», «Заманауи жас кәсіпкер» «Бастауыш кәсіпкерге бағдар» тақырыптарында семинарлар, бизнес-тренингтер өтті.
Биыл да кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған барлық бағдарламалармен мүмкіндіктерді тиімді қолдану арқылы қала аумағында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыс өз жалғасын табатын болады. Оған қоса ел игілігі үшін жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.