Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «...Ғазиз бастан мұң аунайды не түрлі...»

«...Ғазиз бастан мұң аунайды не түрлі...»

   Қазақ поэзиясына өзіне тән баяу үнімен, ырғағымен, биязы қалпымен келіп қосылған жас ақынның бірі – Ақжол Түменбай 1994 жылы Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылында дүниеге келген. Ол өзінің талантын қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігіне араласып, қарапайым шаруа баққан ата-анасына қолғабыс ете жүріп таныта білді.
Жас талант Алматыдан алыс, Астанадан жырақ жүріп-ақ жұрт назарына түсті. Түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері. Жақында ғана Ұлттық арнаның «Қарекет» бағдарламасында жас ақын шығармашылығына арналған арнайы хабар түсірілді. Сол телехабарда Ғалым Жайлыбай, Жарас Сәрсек, Жанарбек Әшімжан, Абзал Бөкен секілді қазіргі қазақ поэзиясының кесек тұлғалары Ақжолдың шығармашылығын жоғары бағалады.
Жас ақынның әдебиетке алып келген энергетикалық өрісі – өзін қоршаған әлемі. Әрі соған лайықты іс-әрекеті, ойлауы, сезінуі, қабылдауы, қоңыржай қалыпты өмірі. Өлеңдерін оқыған сайын саналы тілдің сауалдарына, ойлаудың айғақ көрінісіне көз жібергендей боласыз.
Шығармаларындағы әрбір ұғым белгілі бір дәрежеде көркемдік әрі танымдық қызмет атқарып отырады. Ақын танымындағы кез келген көркемдік-эстетикалық ұғымдар: ол, тіпті, мифологиялық ойлау болсын бәрібір оқыған адам санасында сәулеленіп, терең ойға жетелері сөзсіз.
Ақжолдың қоңыр үні – бірқалыпты жайлап жеткізетін жайлы үн, қарапайым тіршілік сықылды көрінуі мүмкін. Бірақ ақын санасындағы сарпылыс сізді дүниенің басқа қырынан сырттай бақылауға итермелейді. Бүгінгі фәни тіршіліктің мәнін сырт көзбен тамашалап, сырттай баға беріп отырғандай боласыз.
Ақжол «Өгей ғұмыр» атты өлеңін осыдан бір жыл бұрын жазды. Осылайша халықтың тіршілік кеңістігінен тағы бір әуен, тағы бір тың ырғақ, тылсым дүние қосылды. Жас қаламгердің сиясы кеппеген жаңа шумақтары оның сөз өнерінде бағындырған жаңа белесі болатын.
Бос уақытын әлем әдебиетінің жауһарларын оқығаннан гөрі, әлеуметтік желіде өткізгенді жөн көретін бүгінгі қоғам үшін жан толқытар жаңа өлеңнің жазылуы үлкен оқиға саналмайтыны белгілі. Дегенмен, бұл өлең өгейлік феноменінің мағына аясын кеңіте түскен, жанрлық тұрғыда элегиялар қатарына жатқызуға келмейтін тың дүние еді. Басқаша айтқанда, оны элегия ретінде қарастыру үшін өз ата-анасының мейірін аңсаған перзенттің жан толқынысын ғана емес, өзі өмір сүрген қоғамды өгейсінген ақынның мұңын да сезе білу қажет.
Туындыны оқығанда өмірдің ащы уын ерте татқан ақынның жан сырына неғұрлым қаныға түсеміз. Мұндай сәттерді ол еш боямасыз, шынайы жазады. Лирикалық кейіпкердің жан азабын өз елінде өгейдің күйін кешіп жүрген көп қазаққа ортақ мәселемен байланыстыра өрнектейді.
Ел ішіндегі құрулы тұзаққа бергісіз тұрмыс түйткілдері тығырыққа тіреген лирикалық кейіпкердің күйін шынайы суреттейді.
Кез келген өгейлік туралы шығарманың жақынынан жаттық көрген жеке бастың қағысын айтумен шектеліп қалмай, оның тереңіне үңілуге тырысуы – заңдылық. Бірақ, автор өзінің тұрмыс-тағдырын, заманының кереғар құбылыстарын жүрегінен өткізе отырып, өз болмысын да өгейсінеді. Себебі жантанудың ең асыл ілімі – әдебиеттегі әрбір трагедиялық интонация ғұмырдерек арқылы өріледі.
Биболат Сәтжан.
                Өлең-өрнек
Өгей ғұмыр
Шарасыздың күйін кешсем дəл бұлай,
Панасызбын демес едім – бар Құдай.
Өгейлігі əлсін əлсін жылатып,
Туғанындай көре алмаған тағдыр-ай.
Шарпып өткен шақалақ нұр – шала мұң,
Тауқыметтен тоз-тоз болған бала күн.
Қайда маған басқалардай тəтті өмір?
Қайда менің қасіретсіз ғаламым?
Ғазиз бастан мұң аунайды не түрлі,
Ғаріп қайғы қаратпайды бетімді.
Кедейліктің тұзын сорған тағдырда –
Өгейліктің өші кеткен секілді.
Бесік-ғұмыр тербелмесе сірə да,
Кешіп түңіл, тірлігіңді сұрама.
Туғанынан қаймығады бір əке,
Туғанына қайғырады бір ана.
Қанатына іліп алып құс-қайғы,
Құдайыма алып неге ұшпайды?
Қарттар үйі, жетім жанар, жесір мұң –
Мейірімсіз ғаламшарға ұқсайды.
Туды дағы көкке керді ай төсін,
Шалқаяды шаруаға, əй, несін?!
Тастан ауыр тағдырларға, Тəңір-ау,
Тас төбемнен тас атқылап қайтесің?
Қабырғамды қажытқанда құса мұң,
Өксіп-өксіп өкінішті тұсадым.
Мешіттердің ауласынан іздеймін
Адамдардың мейірімді құшағын.
Ақжол ТҮМЕНБАЙ.
09 қаңтар 2019 ж. 2 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам