Көркем сөздің зергері
Қазақтың кешегі тарихы мен салт-дәстүрі, рухани ерекшеліктері, тілдік шұрайлы қолданыстары көркем әдебиетімізде көптеп көрініс береді. Иә, көркем әдебиет арқылы ұрпақ өседі. Ал, елге берері мол өміршең туынды болса онымен ұлт бағдары жасалады. Өз шығармаларына бүтін бір елдің тағдырын арқау еткен көрнекті қаламгерлердің бірі – Жанат Ахмади. Қаламгердің: «Дүрбелең», «Шырғалаң», «Жүрек қартайса, ажал аңду салады», «Зар-зарауха», «Өмір өткелі», «Есенгелді би», «Айтұмар», «Тектілер тұғыры» кітаптары оқырман қауымға жақсы таныс.
Жазушының өзіндік стилі мен сөз саптау технологиясын жетік меңгеріп, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған бағзы мақалдары мен сөз тіркестерін өз шығармашылығында шебер қолдана білетін қасиеттерін өзге авторлардан байқай бермейсіз. Бұл туралы көрнекті жазушы Смағұл Елубай «Жанат Ахмадидің афоризмдік бейнелі сөзді сонша көп білетіні сол, ол кейде арнасынан асып та кетіп жатады. Бірақ, оқырман қанығып та, құнығып та оқиды. Жанат Ахмади қолтаңбасының басты ерекшелігі – бұл жазушы шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да тегіл тасқындап жатуы дер едік және қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді сан қилы этнографиялық жадігерліктердің толассыз тоғытылып жатуы дер едік» дейді өз естелігінде.
Шұрайлы тілдік қолданыс, кестелі сөз саптауынан-ақ автордың өзінің де шешендік қабілетінің ерекше екенін аңғарамыз. Мәселен, романдарда бұрынғы «Артқан жүгің түйеде қалады, түйең қияда қалады» деген жерге «Артқан жүгің теңкиіп түйеде қалады, түйең кеңкиіп қияда қалады» деп қолданады. «Ақсақалдың назасына қалма» деген бір жол мақалға «Ақсақалдың назасына қалма, сақалының ағы ұрады, хан иенің жазасына қалма, өзі ұрмаса астындағы тағы ұрады» деген сөздерді қосып көркемдейді. «Жақсы аттың тісін ашып қарама, әйелі жастың жасын сұрама» дегенге «Жақсы аттың тісін ашып қарама, киесі болады, әйелі жастың жұрт көзінше жасын сұрама, әр нәрсенің жүйесі болады» деп, немесе «Ойлының алдында көкірек керме, жазасына ұшырайсың, қайғылының алдында қарқылдап күлме, назасына ұшырайсың» деп толықтырады. «Жаманға ісің түссе, жаныңды сұрар кешуге» дегенге «Қарауға күнің түспесін, қыл бермес шылбыр есуге, жаманға ісің түспесін, жаныңды сұрар кешуге» деп ұйқастырады.
Автор өзі жастайынан жинап-терген мақал-мәтелдерін де өз шығармаларында жетік қолдана біледі. «Өгіз мінсе, ат іздемейтін, өкпе жесе, ет іздемейтін» немесе «Жүген салса, ауыздығын салмайтын, ауыздығын салса, суарғанда алмайтын» деген тәріздес көркем тіркестерге сүйеніп, бұрынғы «Жайлауды жайлай білмейтін, малды айдай білмейтін» дегенді толықтыра, даналай түсіп «Жайлауды ығытына қарай жайлай білмейтін, малды бағытына қарай айдай білмейтін» деп өрнектейді. «Көр қойнына кірсең, сонылаған малың өрісте, соқа басың керісте қалады» дегеннен туындатып, «Жаугершілік болса арулаған өлігің табытта, аялаған ауылың шабыста қалады» деген жолдарды автор өз тарапынан қосады. Сол сияқты «Сен дүниеге сұқтансаң, өлім саған сұқтанады» дегенге, «Сен зомбылыққа қызықсаң, саған қарғыс қызығар» деп, «Кәрі түйе тайғақ, белінен күш, табанынан мөр кеткен, кәрі кісі жалтақ, көзінен нұр, көкірегінен ой кеткен» деп үстемелейді. «Дария буланбай, далаға шық түспейді» дейтін танымдық тіркес бар. Содан ой алып, көркем шығармаға пайдалану барысында, «Дария буланбай далаға шық түспейді, шық түспей тұрып шөп буыны іспейді, шөп буыны іспей, шыбышқа шыр бітпейді» деп қолданады. «Шөбі жоқ деп жерден түңілме, малы жоқ деп ерден түңілме» дегенге қосымша «Шөбі жоқ деп жерден түңілме, тамыры бар, малы жоқ деп ерден түңілме, тағдыры бар» делінеді. «Жақсыға той сылтаумен тон бітеді» дегенге, «Бақсыға сырқау сылтаумен қоң бітеді» деп қосады.
«Жақсы би жаудың шетін ел етіп жүреді, жаман би елдің шетін жау етіп жүреді»; «Жеңге қойған еттің ішінде желке жүреді»;«Құда құйқасын қаңсытып бас жейді, күйеу майын шылқытып төс жейді»;«Жеңгеңе жылы сөйлесең ағаңды жамандайды»; «Орайы келген оралып, қолайы келіп құралып» деген сөз тіркестері қаламгердің өз тарапынан ойдан қосылады. «Жыланның аяғын көрген» дегенге «Жынның аяғын көрген» деген ойдан тіркеледі. «Батырды мақтай берсең ісіне сенбей, күшіне сенеді» деген мақал, «Сұлуды мақтай берсең есіне сенбей, түсіне сенеді» деп әрленеді. «Ақырлас аттың мінезі жұғады» дегенге «Ақылдас ердің әдебі жұғады» деп қосақталады. «Терең өзен алабұртпай ағады» дегенге «Терең адам бұлқынбай сөйлеп жағады» деп ойдан жалғанады. «Елгезек адам еміншек» деген мақал, «Еріншек адам шегіншек» болып ойдан түрленеді. «Балта соққан байымас» дегенге, «Қартаң мая қайымас» деп ойдан қосымшаланады. Сондай-ақ, «Тоқылдақ тұмсығымен күн көредіге»,«Кенші хайласымен күн көреді» деп ұштастырады. «Тепшіген тігістің тесігі көпке», «Бек сөзінің өтетін есігі көп» деп біріктіріледі. «Құдай қақса пәле жоққа»,«Әділет жерде жала жоқ» қатары қосылады. «Тіл ақылдың құлы болсын» дегенге, «Ақыл нақылдың құлы болсын» дейді. «Бейнеусіз ерін, бейауыз, кесір сөзді, керауыз»,«Бүлгінші мен білгінші дос болмас» дегендер де автордың көркемдеуімен шығармаларында көрініс береді.
Автордың балалық шағы Қытай Халық республикасының Мазы-Ақсу өңірінде көшпенді халықтың арасында өткендіктен өз әкесі Ахмедидің, Қыдырбек бидің, тағы басқалардың аузынан естіген, ешбір кітапқа түспеген бірталай нақыл сөздері мен мақалдарды өз шығармаларында шебер қолдануға тырысады. Тіпті Ғылым академиясы шығарған толық жинақта ұшыраспайтындары да көзге ұрады.
Жанат Ахмади шығармаларында мақал-мәтелді қолданудың түрлі тәсілдері келтірілген. Тіпті, сирек кездесетін мақал айтыстар тарихи романдардағы би-шешендер қағытпалары мен тартыстарында ерекше қолданылады. Сексеуілдің шоғындай күйдіріп түсіретін айтыс түріндегі мұндай өткір мақал-мәтел тіркестері Ғылым академиясы шығарған мақал-мәтелдің «Толық жинағында да» ұшыраспайды. Көшпенді қазақтың таңдайы жарылған айыр көмей, орақ тіл қазы-билері жер бетінен көшкелі осы қағысу түріндегі мақалдар шебі келмеске кетіп барады. Көшпенді қазақты «оқымаған» деген жалаң түсінікті осынау құнды дүниелеріміз жоққа шығарады. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының негізгі мақсаттарының бірі де осы болса керек. Өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жағатын кез келген сияқты.
Серікхан ЖҮЗЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың PhD докторанты.